Саясат • 19 Ақпан, 2024

Еңбек құқын қорғаудың маңызы

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек кодексінің ережелеріне өзгерту енгізу қажет. Maqsut Narikbayev University жанынан құрылған Парламент Сенатының жобалық кеңсесінде ғалымдар осындай бастама көтерді. Сондай-ақ басқосуда әлеуметтік әріптестікті қолдану аясын кеңейту, ұжымдық келіссөздер жүргізуді оңтайландыру, кәсіподақ мәртебесін нығайту сынды мәселелер талқыланды.

Еңбек құқын қорғаудың маңызы

Палатаның жобалық кең­сесінің отырысы университет ғимаратында өтті. Басқосуда еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу туралы заң жобасы талқыланды. Ғалымдардың айтуынша, елімізде әлеуметтік әріптестік және татуластыру рәсімдері институттары іс жүзінде тиімсіз. Әрі кәсіподақтардың әлсіздігі және жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы қазіргі өзара іс-қимыл еңбек жанжалдарының алдын ала алмай отыр. Жиында Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов даулар мен митингілердің негізгі себептерінің бірі еңбек қатынастары саласындағы проблемалар екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы еліміз­дің бағытын әділетті Қазақстан – баршаға арналған әділеттілік қағидасымен белгілеген болатын. Өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде осы бағытта көптеген іс-шара қабылданды. Дегенмен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды ұйымдастыру мәсе­лелері әлі де ақсап тұр. Әдетте, жұмысшылардың құқық­тары мен заңды мүддесіне әді­летсіз қарау – олардың ұжымдық нара­зылығының басты себебі. Еңбек кодексінің ережелері әрдайым дұрыс жұмыс істей бер­мейді. Сондықтан жекелеген жағдайды шешу үшін ғана емес, тұрақты ұжымдық әділетті еңбек келісімін жасасуға жұмыс істейтін тиісті тетік керек», деді Ж.Асанов.

Іс-шара барысында университет профессоры және заң жобасын әзірлеушілердің бірі Мүслім Хасенов «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне еңбек сала­сындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы айтып берді.

«Қызметкерлер мен жұмыс беру­шілер арасындағы әлеумет­тік диалогті нығайтуға, тәуелсіз кәсіподақ қозғалысын дамыту және еңбек мәртебесін арттыру қажеттігіне баса назар аудары­лып отыр. Заң жобасында бірқатар негізгі өзгерістер ұсы­нылды. Оның ішінде ұжымдық келіссөздер жүргізу үдерісін жеңілдету, еңбек дауларын шешу тетіктерін жақсарту және ереуілге қатысты нақты кепілдіктер беру де бар», деді ол.

Қатысушылар іс-шара барысында заң жобасындағы Еңбек туралы ұлттық баяндамасын енгізу туралы ұсыныстарын ортаға салды. Өйткені елімізде еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты айқындайтын және еңбек қатынастарының жай-күйін егжей-тегжей талдайтын бірыңғай құжат жоқ. Демек Еңбек туралы ұлттық баяндама еңбек қатынастары, заңнаманы жетілдіру және құқықтық практикада шешім­дер қабылдаудың басты көзі болады. Осылайша, қоғам мен мемлекетті әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйі туралы объективті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз етеді.

«Біз бұған байланысты Сенат жанынан жұмыс тобын құра­мыз. Әрі қарай жұмысшы топ­тың алдына шығарып, өзек­ті мәселелерін талқылап, осы жаңа заң жобасы бойынша жұмыс­тарды тереңдетеміз. Кейін Се­наттың қабылдауына, қарауына жеткіземіз», деді Сенат депутаты Руслан Рүстемов.

Еңбек саласы республиканың әлеуметтік-экономикалық жүйе­сін­дегі өзекті және стратегиялық маңызды бағыт болып есептеледі. Кейінгі уақытта елдің кей өңірлерінде еңбек даулары болып, арты ереуілге ұласқанын ескерсек, жаңа заң жобасының маңызы ерекше.

Айта кетейік, бүгінде респуб­ликадағы әр үшінші тұрғын (6,9 млн) – жалдамалы қызметкер. Ал жұмыспен қамтылған адамдар саны ел халқының жартысына жуығын құрайды (9,1 млн).