Фото: ҰҚК
Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында деструктивті діни ағым жақтастары бар 23 адам ұсталды.
Олар өңірлерде адам ұрлау, оларды қорқыту, терроризмді насихаттау, заңсыз қару мен есірткі тасымалдау ісімен айналысқан. Топ мүшелері ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасау дерегі бойынша да күдікті деп танылып отыр.
Операция барысында ұсталғандардан 49 ату қаруы, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер, ақша және есірткі заттары тәркіленді.
250 күштік құрылым қызметкерлері жұмылдырылған операция негізінде 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалса 6 күдіктіге тергеу барысына келу туралы міндеттеме қолданылды.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмысы жалғасып жатыр.