Спорт • 20 Ақпан, 2024

Әлем кубогіндегі күміс

97 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Польшаның Гданьск қаласында шорт-тректен өтіп жатқан Әлем кубогінің кезеңдік сайысында Денис Никиша күміс медальды иеленді.

Әлем кубогіндегі күміс

Фото: olympic.kz

Жерлесіміз 500 метрлік сайыста мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Оның көрсеткіші – 41.051 секунд. Осыдан екі жыл бұрын Бейжіңде алауы тұтанған қысқы Олимпия ойындарында толық медальдар жиынтығын жеңіп алған 27 жастағы канадалық Стивен Дюбуа бас жүлдені олжалады. Үйеңкі жапырақтар елі өкілінің нәтижесі – 40.303 секунд. Үздік үштікті Польшаның танымал спортшысы Михал Невиньски (41.158 секунд) түйіндеді.

Осы күнге дейін Денис Никиша аталған жарыста 10 мәрте жеңіс тұғырына көтерілген еді. Тарқатып айтсақ, 2 алтын, 4 күміс және 4 қоланы еншіледі. Міне, енді оның қоржынына тағы бір жүлде түсті. Бұған қоса 28 жастағы Денистің әлем чемпионатының екі және Дүниежүзілік универсиаданың төрт дүркін қола жүлдегері деген атағы бар.