Футбол • 20 Ақпан, 2024

Дарынды жастар шетел асып жатыр

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Еуропаның бірқатар клубы қазақ футболшыларына қызығушылық танытып жатыр. Бұл жаңалықты естіген жанкүйерлер қатты қуанып отыр. Себебі олар қарт құрлықта өнер көрсетіп, шеберліктері әбден шыңдалған ойыншылар келешекте тұралап қалған Қазақстан футболының жаңа деңгейін көтеруге елеулі үлес қосады деп үміттенеді.

Дарынды жастар шетел асып жатыр

Фото: runasport.com

Жоғарыда айтылған сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейік. «Ақсуда» жасындай жарқылдаған 18 жастағы жартылай қорғаушы Ілияс Әбіл Португалияның «Жил Висенте» клубымен келісімшартқа отырды. Әзір­ге ол жастар арасындағы жарыста өнер көрсетеді. Егер алдағы матчтарда Павлодар футбол мектебінің түлегі өзін жақсы қырынан көрсетсе, онда При­мейра-лигада «Порту», «Бенфика», «Спортинг», «Брага» секілді атақты коман­даларға қарсы ойнайтыны анық.

Қазақстан біріншілігінің екінші ли­га­сында ғана ойнаған Дінмұха­мед Сайын­ға түріктердің көзі түсті. Алматының «Академия 05» клубының 18 жастағы жар­тылай қорғаушысы «Самсунспордың» жастар құрамасы сапында алаңға шығып та үлгерді. Беларусь чемпионатында «Энергетик БГУ» клубы сапында Әбинұр Нұрымбет өрелі өнерімен көзге түсті. 12 матчта екі мәрте нысананы дәл көзде­ген Тараздың тастүлегі алты рет оңтайлы пас берді. Содан кейін Әбинұр бірден Хорватияның «Локомотивінен» шақырту алды. Ол да 18 жаста, амплуасы – жартылай қорғаушы.

Жоғарыда есімдері аталған футболшылармен түйдей жасты атыраулық қақпашы Дулат Таласбаев «QJ League» жастар лигасында өте жақсы ойнады. Сегіз кездесуде 41 сейв жасап, бірден көрермендердің көзайымына айналды. Былтыр жыл соңында ол Дания бірін­шілігінің екінші дивизионында күш сынасып жүрген «Хегеге» ауысты.

19 жастағы «Жетісудың» жартылай қорғаушысы Давид Есімбековке Новороссийскінің «Черноморец» клубы «құда түсті». Қазіргі кезде Қара теңіздің жағалауында жасақталған команданың жағдайы мәз емес. Олар Ресейдің бірінші лигасында ең соңғы орынды қанағат тұ­тып тұр. Бәлкім, Давид секілді дарын иесі «Черноморецтің» ойынына жаңа леп пен тың серпін әкеледі деген үміт бар.

Кезінде Ислам Чесноков пен Вла­дислав Васильев сынды танымал футболшылар шеберліктерін шыңдаған, бұл күндері Денис Митрофанов еркін ойқастап жүрген Беларусьтің «Ислочь» клубына 19 жастағы «Қайраттың» қыраны Мирас Көбеев ауысты. Маман­дардың айтуынша, ол – әмбебап ойыншы. Қандай позицияға қойса да, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға Көбеевтің қарым-қабілеті жетеді. Сондықтан да бұл жігіт үшін «Ислочь» кезекті баспалдақ­тың бірі деп есептейміз. Дәл осы бағыты­нан жаңылмаса, Мирас келешекте қарт құрлықтың ТОП командаларының бірінің жейдесін киетініне күмәні­міз жоқ.

Дәл сол Беларуське Данил Анкуди­нов та аттанды. Қарағандыда туып-өскен 20 жастағы жігіттің таңдауы Могилевтің «Днепріне» түсті. Жалпы, Данил бұған дейін де біраз шетелдік командалар­дың намысын қорғады. Атап айтсақ, Мәскеудің «Родина-2», Молдованың «Шериф», Арменияның «Ван» және Литваның «Джюгасында» ойнады. Анкудиновтың ең үздік көрсет­кіші – 2022 жылғы Молдова чемпионы және ел кубогы иегері.

Сондай-ақ қазіргі кезде Қазақстан­ның тағы бірқатар дарынды аяқдоп шебері шетелдің түрлі клубтарында сы­нақтан өтіп жатыр. Бірақ олармен әлі келісімшарт жасалған жоқ. Сол себепті де бұл футболшылар жайында әңгіме айтуға әлі ерте. Десек те ал­да­ғы уақытта жерлестеріміз танымал командалар­дың қатарына қосылып жат­са, онда жағым­ды жаңалықтармен бөлі­семіз. Осылай­ша, алыс-жақын шет мем­лекеттерде шеберліктерін шыңдап жүр­ген отандас­тарымыздың қатары көбейіп келеді. Енді біз оларды Англияның Пре­мьер-лигасы, Испанияның Ла Лигасы, Ита­лияның А сериясы, Германия­ның Бун­деслигасы, Францияның 1 лигасы секілді ТОП дивизиондардан көруді ар­ман­даймыз!