Қоғам • 19 Ақпан, 2024

Корей еліне сапар: Қос мемлекеттің Ұлттық кітапханасының әріптестігі

238 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаһандану және барлық саланы цифрландыру кезеңінде халық­ара­лық тәжірибемен және ресурстармен алмасудың маңызы мол. Шетелдегі әріптестерімен достық қарым-қатынас орнату елі­міздегі кітапханалар үшін де пайдалы. Ынтымақтастықтың бұл форматы біздің кітапханаларға әлемдік даму үрдісін еске­руге, өз қызметін, жетіс­тіктері мен мәселелерін өзге кітап­хана­лар­мен салыстыра отырып бағалауға көмек­те­седі. Кітапхана қыз­меткерлері білім мен тәжірибе аясын кеңейтуге, кәсіби дең­гей­­лерін арттыруға, жаңа тұжырымдамаларды әзірлеуге қаты­су­ға мүмкіндік алады.

Корей еліне сапар: Қос мемлекеттің Ұлттық кітапханасының әріптестігі

Оңтүстік Кореяның мәдениет, спорт және туризм министрлігі шетелдер арасындағы мәдениетаралық байланыстар мен өзара түсіністікті ынталандыру мақсатында 2005 жылдан бастап «Мәдени серіктестік бастамасы (CPI)» деп аталатын ұзақмерзімді мәдени алмасу жобасын жүзеге асырып келеді. Ал осы елдің Ұлттық кітапханасының «Мәдени серіктестік бастамасы (CPI)» бағдарламасы аясында «Шетелдік кітапханашыларға білім беру және оқыту бағдарламасы» 2006 жылы қолға алынған. Бүгінгі таңда бағдарламаға 23 елден 59 кітапханашы қатысқан.

Қазақстан Ұлттық кітапханасының цифр­лық технологиялар қызметінің топ жетекшісі ретінде 2018 жылы Кореяның Кванджу қаласындағы Азия мәдениет орталығында «CIC Education and Training Program for Overseas Experts» (Шетелдік мамандарға арналған мәдени ақпарат үйлестірушілерін оқыту және даярлау) бағдарламасына қатысқан едік. Бағдарлама мәдениет және өнер мекемелерінің сарапшыларына қажетті қабілеттерді дамытуға көмектесетін көптеген бағдарлама мен іс-шараны ұсынды. Атап айтқанда, бағдарлама бойынша теориялық және практикалық білім алып, Азия мәдениет орталығына қатысты Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметімен таныстық, сондай-ақ Чонном Ұлттық университетінің Тіл білімі орталығы жанындағы Азия Мәдени институты үшін корей тілін меңгеруге және Корей мәдениетімен танысуға мүмкіндік жасалды.

Іссапар барысында Азия мәдени орталы­ғы­ның мұрағаттық жобалары, коллекцияларды жіктеу және озық технологияларды қолдану, материалдарды ұйымдастыру, сирек кездесетін құжаттарды цифрландыру және презервациялау саласымен танысып, Кореядағы жетекші кітапханалар мен мұражайларға, Кванджудағы мәдениет және өнер мекемелеріне сапарлар рухани байыта түсті. Тәжірибе алмасу барысында зерттеу жұмысын жазып, қорғаудың сәті де түсті.

Азияның мәдени орталығы – бұл халық­ара­лық өнер ұйымы, сонымен бірге өткен, қазіргі және болашақтың мәдениеті мен өнерін инновациялық идеялар мен нанымдармен біріктіру арқылы құрылған Болашақтың жаңа өнімдерін шығаратын мәдени алмасу ұйымы. Ол Азиядан бас­тап, зерттеу (Research) – шығармашылық (Creation) – өндіріс (Production) кезеңдерінде әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылардың шекараларын жоюға, еркін бірігуіне және ой алмасуына ықпал ететін ортақ платформа рөлін атқарады. Жиналған зерттеулер мен ресурстар арқылы алынған нәтижелер бо­йынша Азияның мәдени орталығы, әртүрлі және динамикалық бағдарламалар (көрмелер, қойылымдар, тренингтер, фестивальдар және басқа да іс-шаралар) ұйымдастырады.

Бағдарлама аясында өткен жылы Сеул қаласындағы Корей Ұлттық кітапханасында Қазақстан, Филиппин және Вьетнам елдерінен келген кітапханашылар тағылымдамадан өтті. Қазақстан Ұлттық кітапханасының атынан Кореяның Ұлттық кітапханасы өткізетін мәдени серіктестік бастамасының құрамдас бөлігі «2023 Education and Training Program for Overseas Librarians» бағдарламасына қатысып, грантқа ие болдық. Бұл бағдарлама Кореяның Ұлттық кітапханасы мен шетел кітапханалары арасындағы халықаралық түсіністікке ықпал етуді, кітапхана тәжіри­бе­сін, озық технологияларды алуға мүм­кін­дік беруді көздейді, сондай-ақ кәсіби кітап­ханашыларға арналған бағдарлама ұсынды, Корей кітапханаларының қызметін пайымдауға арналған дәріс өтті. Бұған қоса Кореяның Ұлттық кітапханасында көшпелі тағылымдамадан өттік, жеке зерттеулер мен презентациялар жасалып, баяндамалар мен мақалалар жазылды, кітапханаларға экскурсиялар ұйымдастырылды, корей тілі курсында оқып, Корей мәдениетімен танысып, мәдени мұра объектілеріне және далалық экскурсияларға қатыстық.

«Шетелдік мамандарға арналған мәдени ақпарат үйлестірушілерін оқыту және даяр­лау» бағдарламасының мақсаты – Корей мем­ле­кетімен басқа елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, шетел­дік кітапханаларда Кореяға қатысты ақпа­раттық қызметтерді ұсына алатын кітапханашыларды даярлау. Бағ­дарлама аясында үш кітапханадан барған маман­дар ғылыми ақпараттық және кітап­хана ісі саласында жеке зерттеулер жүргізді. Корей кітап­ханалары мен мәде­ниетіне қатысты құнды ақпараттың екі мем­ле­кеттің Ұлттық кітап­ханалары арасындағы кәсіби байланысты дамытуға және олардың бұдан әрі өркендеуіне ықпал етері сөзсіз.

Барлық ұлттық кітапхана сияқты Корея­ның Ұлттық кітапханасының да мақсаты – азаматтарына қызығушылық танытқандарға қызмет көрсету. 1945 жылы құрылған Ұлттық кітапхана – Корея Республикасының зияткерлік және ақпараттық ресурстарының құнды қоймасы. Мұнда отандық басылым­дар мен цифрлық материалдардың кең жина­ғы шоғырланған. Сонымен қатар аза­мат­тардың әртүрлі қажеттілігіне бейімделу және кітапхана материалдарына тегін, оңай және ашық қолжетімді қамтамасыз ету үшін озық технологиялар енгізілген.

2020 жылы Қазақстан Ұлттық кітап­хана­сында Корея Ұлттық кітапханасының бас­тамасымен және Алматы қаласындағы Корея Республикасы Бас консулдығының қолдауымен «Кореяға терезе – Window on Korea» атты кітап бұрышы ашылды. Мұндағы оқу залында корей тіліндегі ең үздік заманауи әдебиеттер, сондай-ақ Кореяның ұлттық қолданбалы өнерінің үлгілері ұсынылған. Кітап бұрышындағы ақпараттық терминалдан оқырмандар Корей Ұлттық кітапханасының қызметі туралы бейне-экскурсияға қатысып, Ұлттық кітапхана қорындағы корей тіліндегі әдебиеттері, Корея экономикасының дамуы, тарихы мен мәдениеті туралы бірқатар бейнебаянмен таныса алады.

Қазақстан Ұлттық кітапханасының қоры­на келіп түскен басылымдардың корей тілі­нен қазақ тіліне библиографиялық жазба­ла­рының аудармалары жасалып, ғылыми биб­лио­графиялық жазбалары Ұлттық кі­тап­­­ха­наның электрондық каталогтеріне ен­гі­­зіліп, халықаралық кітап алмасу жұмыс­тары ұдайы жүргізіледі. «Кореяға терезе – Window on Korea» кітап бұрышында қазақ және корей тілдерінде басылымдарға шолу жаса­лып, Корей елінен келген турис­терге Ұлт­тық кітапхананың ішінде экскурсия ұйым­д­ас­тырылады. Бұл бағдарламаға Ұлттық кі­тап­хана атынан маманның қатысуының өзін­дік сыры бар. Мәселен, корей халқы үшін Ұлт­тық кітапхананың сирек қорындағы ескі қытай (Вэньян жазуы) тіліндегі корей кітап­та­рының орны ерекше. Ол кітаптардың ішінде, әсіресе 146 томнан тұратын «Мунхон биго» қол­жазбасының рухани құндылығы жоғары баға­ланады.

Корей Ұлттық кітапханасының библио­гра­фиялық стандарттар орта­лығы – ISBN, ISSN және ISNI ұлттық агент­тігі. Осы елдің Мәде­ниет, спорт және туризм министрлігі қоғам­дық­ кітапханаларда цифрлық ресурс­тар орта­лық­тарын құру жобасына қатыса отырып, Ұлттық кітапханасына 2003 жылдың жел­тоқ­са­нында RFID жүйесін енгізді.

Әлемнің ірі кітапханаларының бірі сана­латын Корей Ұлттық кітапханасы аума­ғы­мен де, бай кітап қорымен де ерекше әсер­ге бөлейді. Тәжірибеден өту бары­сында кітапхананың заманауи тартымды инфро­құ­рылымы, оның бай қоры, жаңа­шыл­дыққа толы қызметі, оқырманға қызмет көр­сету бағы­тындағы жаңа технологиялар, цифр­лық техно­логиялар, көрме экспозиция­ла­рымен танысып, көптеген маңызды және кәсіби саладағы дағдыға көз жеткіздік. Шетел­дік кітапханалармен ынтымақтастық құру еліміздің Ұлттық кітапханасы мен отандық кітапханаларды әлемге танытуға, өз ресурс­­тарын елден тыс жерлерде қолжетімді етуге жақсы мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу әртүрлі елдің халқы үшін әлемдік мәдени мұраның жауһарларымен танысып, әдебиеттермен алмасуға мүмкіндік береді.

Ұлттық кітапханалардың тәжірибе алмасуы отандық кітапханаларға серпіліс беріп, озық технологияларды тиімді пайда­лануға септігін тигізеді. Халық­ара­лық тағылымдамалар кәсіби кітапханашы үшін аса қажет. Ал біздің көрген-білгеніміз қыз­метте қолдануға маңызды.

 

Гүлмира СМАҒҰЛОВА,

Ұлттық кітапхананың цифрлық технологиялар қызметінің топ жетекшісі