Республикалық «Зорлық-зомбылығы жоқ қоғам» бастамасы аясында биылғы қаңтар мен маусым айларында бірнеше іс-шара өткізу жоспарланған. Жобаның алғашқы кезеңінде 14-18 жастағы балалар арасында «Балалар зорлық-зомбылыққа қарсы» республикалық сурет байқауы өтіп отыр. Өнер сайысының мақсаты – өскелең ұрпақ бойында белсенді азамат ұстанымын қалыптастыру.
Қазіргі кезде байқау қоржынына еліміздің барлық аймағынан 400-ден астам жұмыс келіп түскен. Суреттердің 17 пайызы жануарларға, 36-сы отбасындағы, 23-і психологиялық зорлық-зомбылыққа қатысты болса, 24-і мектептегі буллинг тақырыбын қозғайды.
Жиында Алматы қаласы әкімдігі әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлнар Әмірова, Президент жанындағы Әйел ісі және отбасы-демографиялық саясатының ұлттық комиссиясының мүшесі Гүлнар Омарова сөз сөйлеп, іс-шараның маңызына тоқталды.
«Зорлық-зомбылығы жоқ қоғам» жобасының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы «EDU Stream» халықаралық компаниялар тобының бас директоры Наталья Мұхамеджанова байқау шарты бойынша балалар мектептегі буллинг, отбасындағы зорлық, жануарларға күш көрсету сияқты тақырыптарды таңдағанын атап өтті. «Келіп түскен суреттерді саралай отырып, мәселенің түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын көреміз. Жобаны іске асыру арқылы бастамашы топ еліміздің әрбір азаматын бұл жағдайдан бейтарап қалмауға, әсіресе балаларды қорғауға шақырды», дейді ол.
Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры Айдын Елеусізов отбасылық жанжалда балалар дене жарақатымен қатар психологиялық тұрғыдан зардап шегетінін айтады. Оның дәлелін балалар салған суреттерден де көруге болады. Қазіргі кезде мемлекеттік органдар қиын жағдайдағы отбасылардың әлеуметтік жағдайына қарайласу, балалардың білім алуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. «Бұл істе шетелдік тәжірибеге де назар аударған абзал. Мысалы, зорлық-зомбылық көрсеткіші төмен елдер қатарында тұрған Норвегияда әлеуметтік жағдайлар толық шешілген. Мұнда жастар отбасын құруды алдын ала жоспарлайды. Салыстырмалы түрде алсақ, Алматы қаласында әйелдерге қарсы қылмыс былтыр 35 пайызға төмендеді. Сондай-ақ өткен жылы мыңнан астам әйелге қолдау көрсетілсе, биыл да бұл жұмыс білім, денсаулық, полиция мекемелері тарапынан тұрақты іске асып келеді», дейді полиция майоры.
«Зорлық-зомбылығы жоқ қоғам» жобасы балалар байқауымен ғана шектелмейді. Жұмыс тобы ЕҚЫҰ, БҰҰ, Аустрия мен Қазақстанның зорлық-зомбылықпен күреске қарсы құзырлы органдары өкілдері, сарапшылармен кездесіп, озық тәжірибелерді сараламақ.
«Зорлық-зомбылығы жоқ қоғам» жобасы аясында әлеуметтік желіде #мензорлыққақарсымын хэштегімен флешмоб өтеді. Жоба биыл маусым айында Астанада өтетін форумда қорытындыланады.
АЛМАТЫ