Фото: primeminister.kz
Көлік министрлігінің деректеріне сай 2023 жылы экспорттық-импорттық жүк тасымалдау көлемі 7,6 млн тоннаны (2,8 млн тонна – экспорт/4,8 млн тонна – импорт) құрады. Бұл ретте отандық тасымалдаушылардың үлесі – 50,2%-ды, өзбекстандық тасымалдаушылардың үлесі – 10,6%-ды, түркиялық тасымалдаушылардың үлесі – 5,5%-ды, ресейлік тасымалдаушылардың үлесі – 3%-ды, тәжікстандық тасымалдаушылардың үлесі 2,5%-ды құрады.
Тасымалданатын жүктердің 1,6 млн тоннасы Еуропа елдеріне тиесілі. Сондай-ақ олардың жартысын біздің елдің тасымалдаушылары жеткізеді (50%). Польшадағы барлық халықаралық тасымалдау бекеттерінің жабылуы және Ресей мен Беларусь шекарасында бір ғана өткізу бекетінің болуы мемлекетаралық сауда-саттық бағыттарына кері әсерін тигізеді.
Қолданыстағы халықаралық бағыттарға балама ретінде депутат Б.Нажметдинұлы Түрікменстан арқылы өтіп, Түркия мен Парсы шығанағы елдеріне апаратын бағытты қарастыруды ұсынды. Ол үшін Түркіменстанмен арадағы визалық рәсімдерді жеңілдетуде мемлекеттің көмегі қажет. Сондай-ақ ЕО елдеріне тауарларды жеткізудің баламасы ретінде Латвия арқылы өтетін бағытты пысықтау ұсынылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушыларға баламалы халықаралық автокөлік бағыттарының барлық нұсқасын пысықтауды және бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, оларды дамыту бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.