Тұлға • 20 Ақпан, 2024

Тұлғаларды тұғырына қондырған мүсінші Бақытжан Әбішевтің мұрасын әспеттей алып отырмыз ба?

150 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өнерде жүрген екі адамның бірін-бірі қапысыз тауып, отау құрып, жан дүниесін де, махаббатын да шығармашылық дәнекерлеп тастағандай, шаңырағы бөлінбей, бүтін күйінде ел қызығатын танымал отбасына айналуы сирек бұйыратын тағдыр сыйы. Тасты қашап, тіл бітіріп, тарихи марғасқаларды тұғырына қондырған мүсінші мен театрға келген көрерменге күйбең тірлікті ұмыттырып, ізгілік әлеміне жетелейтін актрисаның бір шаңырақ астында бас құрауы өнер өлкесінің жарысып қатар аққан қос бұрым өзеніндей тым жарасымды қабылданады. Шығармашылықтың жалғыздығы мен азабына шыдап, шыбық кезінен осы ортада шынығып өскен екеуінің махаббаты мен отбасылық өмірі өнердің қара қазанында қырық жыл бойы шымырлап бірге қайнады. «Екі қошқардың басы...» деген қазақы тәмсіл талантты екі жасқа келгенде жүзі кетіліп жүрмеді, керісінше, шыңылтыр аязда жүрегінің шоғымен жылытып, шіліңгір ыстықта шынар талдың саясы болып, бірін-бірі аялап, биікке бірге самғады.

Тұлғаларды тұғырына қондырған мүсінші Бақытжан Әбішевтің мұрасын әспеттей алып отырмыз ба?

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мүсінші Бақытжан Әбішев пен М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың белді актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәмшагүл Меңдиярованың отбасылық одағы ертегідегідей бақыт аңсаған жалаң махаббатқа ғана сүйенген жоқ. Өнердің өз өкілдері болғандықтан бар уақытын шығармашылықтың шырайы­н ашатын көркем ізденістерге жұмсады, тапса қуанды, уыстан шығарып алса, уытын бойға дарытпай, жігерін жанып, бір-біріне дем берді. Тар жерде таяныш, жіңішке тұста сүйеу болып, тілсіз түсініскен адалдықтан алтын ұя берік әрі ұзақ сақталды. Өзара құрметі жылдармен бірге өрістеген өнерлі жұптың ағайын-туыспен бауырмалдығы, дос-жаранмен кеңқолтық сыйластығы ерекше болып қалыптасты. Сөйтіп жүріп, өнер­ден бір күн қол үзбей үздіксіз қызмет етті, жұмысқа келгенде тіршіліктің ұсақ-түйек себебін көлденең тартпады, алайда отбасы бақытын бәрінен жоғары қойды. Ерлі-зайыптының арасындағы жібектей таза жарасым Бақытжан басиесі ақыреттік сапарға аттанғанға дейін осылай жалғасып жатты...

Содан бері «Бәке» деп басталатын Шәмшагүл апаның әңгімесі еріне табынған әйелдің елжіреген көңілінен бірде мұң болып төгіліп, бірде сыр болып шертіліп, қай кезде де мазмұнды өріледі. Өнердің исі мұрнына бармайтын шенеуніктердің мүсіншілер мен суретшілердің жобасын сараптап, бағалауға келгенде әділет­сіздік танытатынына күйінеді, олардың мәселесін шешпеген күйі жылы жауып, жоғарыға өрлеп кететін өресі төмендердің жаны ашымас жау тірлігіне қамығады. Мұндайда ол жарқыраған сахна үшін жаралған актриса емес, өмір бойы сурет салып, екі алақаны балшық илеуден босамаған кәнігі мүсінші сияқты, мүсін өнерінің көне заманнан бергі тарих-тамырына бойлап, қия-жықпылын аралап, бүгінгі жағдайын бес саусағындай біліп, ахуалына алаңдайтын сарапшыға айналады. Ерінің жанында жүріп, еңбегін қадірлеп, ол жақсы көргенді жақын тұтып, оған жағымсыз болғаннан бас тартып, бір бағытқа қарап, бір адамға айналып кету деген бәлкім, осы болар.

Мүсін – «адам жасады, адамның қия­лынан туды» дегенге сендіре қоймайтын асқақ өнер. Адам мүмкіндігінен әлдеқайда асып түсетін ең шырқау көркем биікті жырлайды. Антикалық Эллин елінен, қайта өрлеу дәуіріндегі Римнен, көне Мысырдан жеткен жәдігерлер, барокко стилі мен классицизм жанрында туған Інжіл кейіпкерлері – сансыз құдайлардың, періштелердің даусы жаңғырып, аң мен құстың қанатының сусылы естілетін ашық аспан астындағы мүсін музейі бүгінгі Еуропа елдерінің салтанатын асырып, эстетикалық айбынын арттырып тұр емес пе? Алматы көшесінде Абайды асқақтатқан Хәкімжан Наурызбаевтан кейінгі өкше басар талантты буынмен бірге келген Бақытжан Әбішев осы өнердің өзеніне желкенін салғаннан бас­тап түркі тақырыбын толғауды асыл мұратына айналдырды. Қалай айтсақ та, қазақ топырағында бертінде ғана дамыған мүсін өнерінде түркілік сарын басым. Түркі тақырыбының басты темірқазығы – жылқы. Жылқы – кие. Қазақ үшін қасиетті жануар. Арғымақтар есін алып, күні-түні толғанысқа түсіп, кілтін таба алмай аласұрғанда, сана түкпірінде көшпелі өмірден орнығып қалған жылқының осқырынған, кісінеген дауысы құлағына келгендей, шырт ұйқыда жатқан жерінен шошып оянған күндері де көп болған. Қараңғы түнді түріп келген шабыт үс­тінде қарындашын қолына ала салып, жалы төгілген жылқыны құштар кө­ңілмен шимайлай бастайды. Түркілер туралы сөз толғағанда, көшпелілердің жұрнағындай бауыры жазылып шауып келіп, шабытын да, өзін де қамшылап кететіні сондықтан болса керек.

Шебердің қолына түссе қарапайым қоланың өзі нағыз өнер туындысына айналып шыға келеді. Бақытжан Әбішев талай тау тұлғаларды тұғырына қон­дырды. Мүсіншіге кең көлемдегі танымалдылық әкелген тұңғыш тыр­нақалды туындыларының бірі – То­қаш Бокин ескерткіші. Алматыдағы Панфиловшылар паркінің шығар аузында педагогикалық оқу орнына қарап тұрған революционер бейнесі үшін жас дарын кезінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған.

Асқақ бейнені асқан махаббатпен сомдап, тасқа тіл бітіріп, сөйлету нағыз мүсіншіге лайық қасиет. Шебердің қолынан шыққан сәтті шығармаларының қатарын Достық даңғылы бойындағы Жамбыл ескерткіші толықтыра түседі.

Ал Атырау қаласына көрік берген сәулетті нысандардың қатарында азаттық үшін алысқан алдаспан батырлар Исатай мен Махамбеттің қос атқа мініп қатарласа шауып келе жатқан айбынды ескерткішінің орны бөлек. Батырлардың рухын, қаһар­мандығын, елі мен жерін сүйген отан­шылдығын болашақ ұрпақтың бойына дарыту мұратын сәтті орындаған тағы да Бақытжан Әбішев болатын. «Бұл монументте мүсінші мықты анималист рөлінде көрінеді. Оның бейнелеуіндегі тұлпарларда шынайы тұрпат бар, мүсінші белгілеген мақсатқа толықтай жауап береді. Ол халықтық қозғалыстың күші мен қуатын, мақсатының тазалығы мен бекзаттығын символикалық түрде бей­нелейді. Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлына арналған ескерткіштің шеберлігі мен ауқымдылығы, біртұ­тас­тығы, заңғарлығы, оның барлық элементінің тұтас үйлесімділігі бұл туындыны әлемдік монументалды өнердің көрнекті ескерткіштерінің қатарына қояды» деп баға береді Ә.Қастеев атын­дағы Мемлекеттік өнер музейі дирек­торының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Жадайбаев.

Сондай-ақ монументалды мүсіндер­дің ішінде қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың монументі Ақ­төбе қаласында бой көтерді. Шешімі дәлме-дәл ерекше табылған мүсінде қазақ әйелінің ұлттық дүниесінен бөлек, патриоттық батырлығы шынайы көрініс табады. Отанға деген сүйіспеншілігі, жанкештілігі болмысында дәл бейнеленген. Суреткер өрімдей жас қыздың асқақ арманы мен сүйкімді сұлулығын, күнделікті қиыншылығын, әскери парызын, қаһармандық ерлігін жан толғандыра еркін бейнелейді.

Алматыдағы Әди Шәріпов, Баян­ауылдағы Жасыбай батыр, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Жаңақорғандағы «Ұлы Отан соғысының құрбандары», Ас­тана­дағы Мұстафа Кемал Ататүрік, Жаяу Мұса, Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин – Б.Әбішевтің азаматтық көз­қарасы, тұлғаға деген құрметі мен сиқырлы саусағының құдіретті жемісі. Оның «Олимпиадашы» туындысы Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиадалық комитеттің штаб-пәте­рінде, «Күйші» мүсіні Гер­манияда, «Томирисі» Мәскеуде тұр.

Суретші шығармашылығы тек монументалды мүсіндерден ғана тұрмайды. Шағын станок мүсіндер, камералық кіші пластикалық туындылары өз үйінде сақтаулы тұр. Мүсіншінің шебер­ханасындағы шығармаларымен танысуға шақырған Шәмшагүл апа жарының соңында қалған мұрасын көзінің қа­рашығындай сақтап отыр. Шеберхана іші кең, жарық, жылы. Маңдай терін моншақтатып, дымқыл топырақтың буымен тыныстап отырып сымтемірден қалыбын өзі құрып, дәнекерлеп, сұлбасын келтіріп, ойып, қашап, жонып, үстін гипс­пен қаптап, бояп, әрлеп, соңынан қола құйып, ыстық пешке салып пісіріп, толық дайын болғанға дейін сансыз сатыдан өтетін жұмысқа керек затты да ұқыптап жинаған-ақ екен. Шетелдік зауыттардан шыққан ағаш жонатын, темір иетін, бояйтын, шабатын, кесетін, тесетін, үйтетін, өрнек салатын құрал мен аспаптың неше атасы сөреде самсап тұр. Иесіз жетімсіреп тұрған жертөледегі атшаптырым шеберхана ішінде мүсіннің мұншалық мол қоры бар деп ойламаған да екенбіз. Мүсін өнерінде жаңа материалдар мен технология өте көп қолданылғанымен, қоладан құю нағыз классиканың өзі болып қала беретінін осындағы мүсіндердің өзі айтып тұр. Шебер мүсіндерін, негізінен, қола тілімен «жазып» шыққан. Шәмшагүл апа тура кинодағыдай төбесіне бір түйір тозаң қондырмай, мүсіннің бәрін ақ жамылғымен бүркеп қойыпты, әңгімесін айта жүріп, шетінен сыпырып алып жатыр. Жамылғысын алған сайын жарқ ететін әр мүсін туралы айтары кәсіби өнер зерттеушісінің алғысөз-анықтамасындай. Мүсіндердің жүзін төмен салып, мұңайып тұрғаны бүгін ғой, әйтпесе шебердің өзі бұларды ел-жер аралатып, көрмеге қатыстырып, сан рет бірге сапарлап қайтқан кезі болған. Тап осы қалпында шағындап көрме өткізіп жіберсе де, саны да, сапасы да толығымен талапқа сай даяр тұр. Жәдігерлердің ішінде жеңіл-желпі дүние жоқ, бәрі де маңызы бар, мәні зор композициялар. Өнерге келгенде асқан кірпияздық танытқан эстет Асқар Сүлейменовті таңдандырған «Құлагер» төрт аяғын бауырына алып шалқалай құлап, мертігіп жатқан жерінен бар қайратын жиып алып, тап қазір көкке шаншылып қарғып тұратындай жанына жіпсіз байлап, біраз аялдатты. Жанындағы «Ұмай» да кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, көне түркі жұртының ғана емес, бүгінгі ұрпағының да анасы екенін мейірімімен білдіргісі келгендей. Топтаманың шырайын ашып тұрған «Күйші» де осында, аяқталмаған «Құман ұстаған қыз», «Ханшайым» да түркі арулары сұлулығының символы іспеттес. Қазақтың дүниетанымында аса зор мәнге ие желмая, өзге де жылқының түр-түрі сөре үстінде «сөйлеп» тұр. Ағаштан, тастан, гипстен, мәрмәрдан жасалған сұлу мүсіндерден автордың ішкі әлемін, өмірге көзқарасын, дүниені қалай қабылдағанын болжағандай болып, еріксіз ойға шомасың. Төрт түлік малды мүсіндеуге ерекше құштар болуының бір себебі, Бақытжан ағаның әкесі Ауыл шаруашылығы министрлігінде ұзақ жылдар қызмет басқарған. Ал оның алдындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кавалерлік дивизияның бас ветеринар дәрігері болып қызмет етіп, Прагаға дейін барған. Сырқаттанып жатқан кезінде: «Менің балам Бақытжаным, суретші болады, Суриков атындағы көркемсурет институтында оқиды» деген екен. Әке сөзі ұлының болашағын болжағандай рас болды.

Мәселенің туындайтын жері де осында. Жеке үйдің жертөлесінде тұрған жәдігерлерді жасы сексенге таяған Шәм­шагүл апаның өзі де қайда орналас­тыратынын білмейді. Бұл мүсіндердің ендігі болашағы не болмақ?

– Осы мүсіннің бәрі – Бәкеңнің қыруар еңбегінің жемісі. Өзі бақилық болса да, соңына лайық мұра қалдырды. Орнатылғаны-орнатылмағаны бар, аяқталғаны-аяқталмағаны бар, бүкіл туындысы осы шеберханада сақтаулы тұр. Бұл туындылар үйде тұрғаннан гөрі рухани айналымға еніп, халықтың сұлулыққа іңкәрлігін оятып, көркем талғамының биіктеуіне қызмет етуге тиіс деп ойлаймын. Жан-жүрегін ақтарып, санасын, шеберлігін сіңіріп жасаған шығармалары қор болып көзден таса, бөгде адам бас сұға бермейтін жертөледе жетімсіреп тұрмаса екен деймін. Өнерді бағалайтын кәсіпкер азаматтар табылып жатса, әсіресе Бәкеңнің туған жері Ақтөбе облысының талантты ұлдарының туындыларын шашау шығармай, музейден яки галереядан орын ұсынатындай мүмкіндігі болса, мүсіндердің бір-бірімен үйлесімін бұзбай, топтама күйінде халықпен рухани байланысқа алып шықса, алғыстан басқа не айтамын? – дейді Шәмшагүл Меңдиярова.

Мәдениеті дамыған Батыс елдерінде болса, танымал шебердің қолынан шыққан, жалғыз данамен ғана жасалған мұндай биік деңгейдегі өнер туындылары жертөледе жатпай, табынушысын тауып, қандай қымбат бағаға болса да сатылар еді. Қылқаламын ара-тұра қара тас қашауға алмастырып, мүсін жасаумен айналысқан атақты суретші Амадео Модильяни Анна Ахматоваға есі кете ғашық болып жүрген кезінде хас сұлудан гөрі өмірден баз кешіп, құлазуды сүйген ақын бейнесіндегі кейбір мұң деталін «Бас» атты мүсініне қолданып, ерекше пішінде қоладан құйып шыққан екен. Арада жүз жыл өткеннен кейін Модильяни мүсінінің аукциондағы құны 70,7 млн долларға шарықтап шыға келген. Мәңгіліктің өзіне айналып, өміршең болуының бір себебі, Модильяни мен Ахматованың әлемдік өнер мен әдебиеттегі орнын уақыт асқақтатпаса, аласарта алған жоқ, мүсінші жүрегімен қашаған ақын мұңы сейілмек түгілі сұлу тартып барады, сондықтан ол бүгінгі уақыт үшін де өзекті. Мүсін өнерінің мәні де осында – оның құны мен бағасын болашақ белгілейді. Аукционға шығарып сату мүмкіндігі жоқ елде ең болмағанда, автордың туған жері Ақтөбе облысының өнер ошақтары немесе жанашыр азаматтары ат басындай алтынға айырбастамас рухани қазынаны халық игілігіне айналдыра алса, әлеуметтік ортаның мәдени әлеуетін көтеруге мүмкіндік сыйлағаны болар еді деген қарапайым тілегіміз әйгілі Модильяни мысалын көріп отырған соң еріксіз туындады...

 

АЛМАТЫ