Әдебиет • 20 Ақпан, 2024

Оны ұмытқан өзі де ұмытылады

1019 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Күнікейдің жазығында» Жүсіпбек Күнікейдің «жазығын» ғана суреттемейді ғой. Жалғыз-ақ әйел теңсіздігі емес. Адам құқығы, ар бостандығы туралы толғай келе күллі қазақ өмірін суреттейді. Жалпы, шығарманың ауқымы кең, аспаны биік, сондықтан шындығы да жалғыз кейіпкерге байланып қалмаған. Әркім өзінше ұнатып, бойлағанынша ой қорыта береді. Тұтас шығарма былай тұрсын, әр бөліміндегі бір үзіндіні кесіп алып сөйлетсе де көптеген жайтқа куәдар боламыз.

Оны ұмытқан өзі де ұмытылады

«Апа, кім не десе, о десін, күн менікі болды ғой» деуші еді Күнікей шешесіне. Қазақ прозасы тәй-тәй басып, аяғынан қаз тұра бастағанда «Күн менікі» деп тұтас бөлімге күлше нандай Күнді сыйдырып жіберген Жүсіпбек қана шығар. Сол Жүсіпбектің Күнікейі бойға жетіп, әртүрлі ойға кетіп, сүйіп қалған күні есіңізде ме? Әй, қайдам?! Жан мен рух тұншыға бастаған мына заманда өзіңіздің сүйген күніңіз де ұмытылуға айналған шығар. Егер ұмыта бастасаңыз, Күнікейді оқи отыра бірге еске алмаймыз ба?

«Күнікейдің бүгінгі жүріс-тұрысында, қозғалысында байқаған адамға бір түрлі жаңа өзгеріс бар секілді еді. Әлде көптен күтіп жүр­ген арманына қолы жеткендей, әлде алдынан бір қызық дәурен күткендей, өзін бір нәрсеге арнағандай, ол арнағанына жан-тәнімен сенгендей, әйтеуір мәлімсіз бір күш бойын билеп, қанын кернеп, еркін алып, «мейлің» дегізгендей бір күйге түсіріп еді. Бұрынғы «өзі» өзі емес, өзіне бірдеңе пайда болған, жамалған іспетті. Қарап отырып ойланады. Ойына әлденелер келеді, бірақ неге ойланғанына өзі де түсіне алмайды, өзіне-өзі есеп бере алмайды. Неліктен бүгін бүйтіп бипазданып кеткенін де сезбейді. Ойы әлдеқайда қыдырып отырып, шыны аяқ деп қасықты аузына апарды, ірімшік екен деп, тұзды тістеп қалды. Сөйтті де сақылдап тұрып күлді» дейді.

Енді ғана бойжеткен қыздың сақылдап күл­гені... Түсінбегенге ерсі, әрине. Өйткені «бұрынғы «өзі» өзі емес», ішіне тағы бір жан кірді. Рух бітті. Екінші тыныс ашылды деген әдірем қалсын. Автор «жамалған іспетті» деп тегін айтып отырған жоқ. Бір жүректің тұсынан екіншіге орын пайда болды. Сол сезім қуатынан жан байып шыға келді. Демек бір кеудеден екіншісіне талпынған сезім сізден алушы емес, оған да, сізге де дарытушы есебінде. Адам сол арқылы рухани байиды. Бұл енді тәңірінің құдіреті. Біреуді жақсы көріп, жан жылуын берген сайын ішіңіз ортаймай, кісі баласының кеңістігі ашыла беретіні – Алланың нығыметі. Басқаша айту мүмкін емес. Жазушы осы құді­реттің суретін сөзбен салып тұр. Құдайдан келе­тін сезімдердің өмірдегі жанды бейнесі. Біз әлде­қашан ұмытқан, ұмытуға айналған бұл сезім – шын махаббаттың алғашқы баспалдақтары ғана.

«Күнікей күліп отырып томсарып қалады, томсарып отырып күліп жібереді, біресе апасымен шартпа-шұрт келіп қалады, біресе жайдарымсып, апасының мойнынан құшақтайды, бір сағаттың ішінде күзгі күндей қырық құбылады. Бір жерде байыз тауып отыра алмайды: кіреді, шығады, жантаяды, айнаға қарайды, кестесін бір тігеді, бір қояды... Сағыз шайнайды, бізін тістелейді».

Бұл Байманмен бірер кездесіп қалып, кейін бір дастарқан басында аздап сөйлесіп, қыз-бозбала ойыны арасында бір-бірінің бетінен ғана сүйіскен Күнікейдің ұйқыдан тұрып, таңертеңгі шайда кешкен сезімдері. Бойжеткенді жер-көкке сыйдырмай барады. Осыдан соң барып ол есейіп кетеді. Анығында мұндай күйді Байман да кешірген-ді, бірақ ол серттен тайып, тіпті сүйгенін де ұмытып, Күнікей ауырып қалғанда, басқа қалыңдық іздеп кеткені роман бастал­ғанда айтылады. Мәселе – сезімді, сүйіспенші­лікті, махаббатты қастерлеуде, бағасын білуде. Қадіріне жетпеген екенсің, сен де соғұрлым қадірсізге айналасың. Десек те бұл – басқа әңгіме. Көздегеніміз алғашқы махаббат және сол сезімдердің әсері емес пе?

«Миымдағы қиялымның қолымен,

Санам қазір шерте алады күй түрлі.

Кеше ғана дөрекі едім, содыр ем,

Ғашық болдым – адам болдым сүйкімді.

Көңілімнің ауанымен жөнедім,

Секілденіп желге басын иген шөп.

Кеше ғана асқақ едім, өр едім,

Ғашық болдым – адам болдым именшек» демей ме Жұматай Жақыпбаев. «Күнікейдің жазығында» бұл былай суреттеледі:

«Күнікей кіріп боқжаманың бұрышында қыс­тырулы тұрған жұпар сабынын алып шығып, иығына дейін түрініп, әуелі тығыршықтай жұмыр білегін көпіртіп жуды. Сонан соң сабынды екі алақанына езіп алып, бетіне, мойнына, құ­лағына дейін баттастыра жағып, аппақ қып бір қойды, бетіндегі ақ көбікті әуес қып, көп­ке дейін су тигізбеді. Сабын сіңді-ау деген кезде бетін, құлағының іші-сыртын, мойнын айнал­дыра бипаздап, баптап жуынды. Содан кейін бір бұрышы сынған, төртбұрышты қаңыл­тыр айнасын керегенің басына іліп қойып, қа­сын керіп, көзін бажырайтып, тісін ақситып, бұға­ғын бұлтитып, таранып-сыйпанып, сүртініп, шаш­тарын сылап жатқызып, ашық омырауына тарт­қысын байлап жатқанда, апасы қарап: «Не­мене, күн ұзын бипазданып болмағаның?» деп ша­йын ұрттай бастады. «Неге асықтың, апа?» деп Күні­кей жылы-жұмсақ жымиып, шайға отырды».

Ең бастысы, осы сезімдерді ұмытпаған. Оны ұмытқан өзі де ұмытылады.