Құқық • 21 Ақпан, 2024

Нашақорлықпен күрестің бүгінгі бағыты

236 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда құзырлы мекемелер алдына қойған тапсырмасы.

Нашақорлықпен күрестің бүгінгі бағыты

Бүгінде қоғамдағы өзекті мә­се­ленің біріне айналған кесел­мен түрлі жауапты органдар жап­­пай күрес науқанын бас­тап кет­ті. Оның барысын біз Пре­зи­­­дент жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ба­ғамдай алдық. Іс-шарада сөз алған ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысы­ның міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жө­ніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы туралы баяндады.

Өткен жылдың маусым айында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, Үкімет қаулысымен бе­кітілген.

– Кешенді жоспар – есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін өте ма­ңызды бағдарламалық құжат. Оның негізгі мақсаты – қоғам үшін аса қауіпті есірткінің, әсіресе син­тетикалық препараттардың та­ралуының жолын кесу, олардың қол­жетімділік деңгейін төменде­ту; нашақорлықты ерте анықтау жүйе­сін енгізу; есірткіні пайдала­на­тын адамдардың сенімді және нақты есебін қалыптастыру; орын­даушылардың құзыреті мен мәр­те­бесін арттыру, материалдық-тех­никалық жағдайды нығайту, – деді ол.

Оның айтуынша, халықтың осал топтары – жасөспірімдер мен жастар арасында ведомствоаралық профилактикалық жұмыс ұйым­дас­тырылған. Барлық өңірде әкім­дер­дің орынбасарлары есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара­лар өткізу жоспарларын бекітіп, ҮЕҰ-мен бірлесіп есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити-жазуларды анықтау және бояу бойынша акциялар өткізілді. Бұл жұмысқа 200-ге жуық ерікті қатысып, 6 мыңнан астам граффити боялған. Бұған қоса, ІІМ өкілі жазғы лагерьлерде, үйірмелерде, аула клубтарында 12 жастан асқан балаларға арналған спорттық және демалыс іс-шараларын өткізу ұйымдастырылып, оған еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді қатысқанымен атап өтті.

Бақытжан Әмірханов студент­терді есірткі сатумен айналысудың салдары туралы ақпараттандыру әдістері пысықталғанын жеткізді. «Жоғары оқу орындарының сту­денттері, мектептер мен кол­ледж­дердің оқушылары, сондай-ақ олардың ата-аналарымен кездесулер өткізу үшін ақпараттық материалдар әзірленді. Осы айда біз есірткі қылмыстары жасалуы ықтимал қауіпті орындарды анықтау жұмысын аяқтаймыз. Содан кейін әкімдер алдында бейнебақылау камераларын орналастыру туралы сұрақтарға бастамашылық жасауды жоспарлап отырмыз», деді спикер.

Жалпы, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті қыз­метінің маңызды сегменті – алдын алу жұмыстары. Яғни проблема­ның салдарымен емес, себебімен күрес. Осы орайда кешенді жос­пар аясында бірқатар маңызды шара қамтылған. Мемлекеттің цифрлық жүйелерінің, атап айт­қанда «отбасының цифрлық кар­тасының» мүмкіндігін пайдалану. Бұл есірткі тұтынушы мен оны жасырушының әлеуметтік-эко­номикалық портреттерін электронды форматта қалыптастыруға мүмкіндік береді; жастар саясаты бойынша кеңес мүшелерінің орта және арнаулы оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі нұсқаушы ретінде қатысуы; ерікті және әскери және құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері арасында азамат­тарға есірткіге міндетті талдау және скри­нинг жүргізу секілді маңызды жұмыстар бар.

2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайында психоактивті заттар­ды қолдану салдарынан «пси­хи­калық мінез-құлық бұзы­луы» диагнозымен 108 722 адам ди­на­микалық бақылауда тұр. Оның ішінде есірткі мен психотроптық заттарға тәуелділер – 18 329 адам.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйым­дас­ты­ру департаменті басқармасы­ның басшысы Анжела Бексұлтанова­ның айтуынша, нашақорлардың 91 пайызы, 16 817-сі – ер адам, қал­ғаны – әйел. Қолданылатын зат­тардың түрлері бойынша 6080 адамда опиоидтарға тәуелді. Олар 33,2%-ды құрайды. 6 488 адамның канабиоидтарға тәуелділігі бар. 798 адам синтетикалық есірткіге жіпсіз байланған. «Өкінішке қарай, ресми статистика елдегі есірткіге тәуелділердің нақты санын көрсет­пейді. Көптеген нашақор сотталудан, жауапкершіліктен қорқып, өз жағдайларын жасырады. Рес­ми ведомстволық статистика нар­колог-дәрігердің назарына түс­кен және «заттарды қолданудан туындаған психикалық-мінез-құ­лық бұзылыстары» диагнозымен динамикалық бақылауға алынған адамдардан қалыптасады. Бұл рет­те дина­ми­калық бақылауға алу па­циент­тің ақпараттандырылған ке­лісі­мі­мен ғана жүзеге асырылады. Динамикалық байқау туралы деректер «наркологиялық нау­қас­тар тіркелімі» ақпарат­тық жүйесіне енгізіледі және қазір­гі уақыт­та ол бізде құқық қор­ғау орган­дарының ақпараттық жүйе­сімен біріктірілген», деп атап өтті ол.

ДСМ өкілі психоактивті зат­тарға тәуелді пациенттерді емдеу және оңалту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылатынын және 77 бастапқы психикалық денсаулық орталығында амбу­ла­ториялық жағдайда және аудан­­­дық ауруханалар жанынан ашылған 205 психикалық ден­саулық кабинетінде, 20 стационарда және 1 республикалық ғы­лыми-практикалық орталықта жүргізілетінін айтады.

Нашақорлықтың таралуы онымен күрес және алдын алу жұмыстарынан бірнеше есе тез жүріп жатыр. 18 мың есірткіге тәуелді адам туралы ресми сандарды 10 есе арттыруға болады. Бірақ сол кезде де мәселенің ауқымын анық­тау мүмкін емес. «Есірткісіз болашақ» қорының басшысы Жандос Ақтаев дөңгелек үстелде тәуелсіз зерттеу деректеріне тоқ­талды. Оған сәйкес, әрбір бе­сін­ші жас тәуелділікті тудыратын син­тетикалық препараттарды қолданып көрген.

«БҰҰ мәліметтері бойынша, еліміз әлемдегі есірткіге тәуелді 10 елдің қатарына кіреді. Нақ­тырақ айтқанда, 200 елдің ішінде 8-орынға жайғастық. Біздің осындай «шыңға» жеткеніміз өкініш­ті. Бұған кім кінәлі? Нақты жауап беру қиын. Біз қоғам ретінде қалыптаса аламыз ба? Ол үшін рефлексия жасау керек және жұмыс істеу керек», деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, қоғамдық қор мүшелері мемлекеттік орган­дардың жұмыс топтарының барлық оты­рысына қатысады. Атап айт­қанда, Ішкі істер министрлігімен бірге есірткі сату және жастарды тарту бойынша 3 мыңнан астам Telegram арнасы бұғатталды. 13 жастағы балалар есірткі бизнесіне «кепілгерлермен» тартылған. Қоғам белсенділері мұны уақтылы тоқтатты.

«Біздің қорда интернет кеңіс­тігін талдау, мониторинг жүргізу және осы мазмұнды бұғаттау бо­йынша «Мерген» алгоритмі бар. Біз осы қарқынмен әрі қарай жұ­мыс жүргіземіз. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлестік. Нәтижесінде, 1 800-ден астам студент бұл кеселмен күресуге өтініш берді. Оқу мен ғылымнан бөлек, олар қоғам­дық денсаулық пен ұлттық қауіп­сіздікке үлес қос­қысы келеді деп айтуға болады. Бірақ бұл көрсет­кіш төмен. Бізді тыңдайтын әрбір адам бізге қосылып, осы обамен кез келген тәсілмен күресуге тиіс», деді қоғам белсендісі.

Оқу-ағарту министрлігі Тәр­бие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөнінде 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жос­парды орындауда Оқу-ағарту министрілігі атқарып жатқан ша­ралар туралы баяндады. «Бі­рін­шіден, бұл бағыттағы қадам­дар­дың бірі – балалардың әл-ауқат индексін қабылдау. Оған 15 пен 17 жас аралығындағы балалар арасында психоактивті заттарды қолдануымен байла­нысты психикалық мінез-құлық бұ­зы­лыс­­тары мен сырқаттанушылық көрсет­кіштері енгізілді. Екінші­ден, білім беру ұйымдарында есірткі құралдарының таралуына жол бермеу шараларының бірі ретінде білім беру ұйымдарында және олардың аумақтарында пайдалануға шектелген, енгізуге тыйым салынған заттар тізбесі бекітілді. Үшіншіден, орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жұмыстарының қағида­лары қа­былданды. Олардың мақ­саты – кәмелетке толмағандар ара­сында қиындықтарды анық­тауға баса назар аудару. Төр­тін­шіден, саламатты өмір салты, жа­­һан­дық құзыреттілік, пәндер ком­­­по­ненттерінің үлгілі оқу бағ­дар­ла­маларына кіріктірілді», деді Меруерт Медетбекова.