Қылмыс • 21 Ақпан, 2024

Әйел құқына қатысты қылмыс екі есе азайған

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде 1999 жылы, яғни осыдан тура 25 жыл бұрын әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жеке қызмет құрылды. Мақсаты әйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қолсұғушылықтардан қорғау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуге бағытталды.

Әйел құқына қатысты қылмыс екі есе азайған

Бүгінде бөлініс полиция мен үкіметтік емес сектор, мем­лекеттік органдар және әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі Ұлт­тық комиссия арасындағы бай­ланыстың рөлін атқарып отыр. Бөлініс инспекторлары поли­ция органдары қызметтерінің отбасылық-тұрмыстық қаты­­нас­тар саласындағы құ­қық бұзу­шылықтардың, әйел­дер­ге қа­тысты жасалған қыл­мыс­тар­дың алдын алу жөніндегі қыз­метін үйлестірумен ай­налы­сып қана қоймай, тұр­мыс­­тық зор­лық-зомбылық құр­­бан­­да­рын жеке қабылдауды жүзеге асыруды да өз міндет­те­ріне алып отыр. Сондай-ақ жә­бір­лену­­ші­ні құқыққа қарсы қол­сұ­ғу­шы­лық­тардан қорғау жө­нін­де қажет­ті шаралар қабыл­дай­ды.

Ішкі істер министрлігі атап өткендей, былтыр дағдарыс ор­талықтарына 7 мыңнан астам әйел жіберілген. Оның ішінде 6 мыңға жуығы балаларымен бірге баспанаға орналастырыл­ды. Ал бөліністің сенім телефондарына 56 мыңнан астам қоңырау түсті. Әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау жө­ніндегі инспекторлар әйел­дерге 17 мың кеңес берсе, олар­дың 11,7 мыңнан астамы кейін­нен полицияға жүгінген. Тал­қылау барысында 9 мың адам – әкімшілік, 19 адам қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылып отыр. Қабылданған ұйым­дастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде кейінгі 6 жылда әйелдердің құқық­тарына қол сұғатын қыл­мыс саны екі есе азайғанын атап өткен жөн.

Сонымен бірге былтыр әйел­дерді зорлық-зомбылықтан қор­ғау қызметкерлері құқық­тық та­қырыпта 21 мыңнан ас­там баян­­дама жасаған. Бұл та­қы­рып­та бөліністің полиция қыз­­меткерлері оқу орындарында және еңбек ұжымдарында 31 мың­­­нан астам дәріс, семинар мен тренинг өткізген. Өз са­ла­сын­да сүбелі еңбек етіп, ан­тына адал­дық танытып жүрген қыз­мет­кер­лер арасында ме­даль, грамота және алғысхаттармен мара­патталғандар да бар.

Сарапшылардың пайым­дауынша, әлемде әрбір үшінші әйел күш көрсету және жы­ныс­тық зорлыққа ұшырайды. Кейін­гі жыл­дары құқық қорғау саласын­дағы дүниежүзілік ұйым­­­дар­дың сарапшы маман­дары да дүние жүзі мемлекеттерін әйелдер мен қыздардың құқығын қор­ғап, мүмкіндігін арттыруды кү­шейтуге шақырып келеді. Елімізде де бұл бағытта атқа­рыл­­­ған жұмыс көп. Заңдарымыз қатайып, полиция бөлінісінің жұмысы жандандырылып жатыр. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай, азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, соның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау – бас­ты міндет.