Денсаулық • 20 Ақпан, 2024

Екі жасар баланы аман алып қалды

119 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда ақ желеңді жандардың біліктілігі мен жеделдігін сынаған оқыс оқиға орын алды. Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының реанима­ция­лық бригадасына ауыр жағдайға тап келген екі жасар балаға өздері баруға тура келді.

Екі жасар баланы аман алып қалды

Үй мен жұмыс ара­сын­дағы қар­балас уақытта жедел жәр­дем бригадасы тұншығып жат­­қан баланы балалар ауруханасына алып бара жатады. Сәби­­дің жағдайы тіпті нашар­лай бастағанда дәрігерлер уақыт­­ты босқа өткізбей, жа­қын жердегі Қазыбек би кө­ше­­сін­дегі Қалалық жедел шұ­ғыл көмек көрсету аурухана­сы­на (ҚЖШКА) апаруды ұйға­рады.

Бала бірден осы ауру­хананың жансақтау бөліміне жат­қызылып, реаниматологтер Геймлих айласын қолданып, іштегі бөтен затты алып тастауға бірнеше рет әрекеттенгенімен, өкінішке қарай, нәтиже бол­маған. ҚЖШКА дирек­торы­ның орынбасары Ермек Желді­баевтың айтуынша, ұжым кішкентай науқастың өмірін сақтауда тығырыққа тірел­ген. Ересектер аурухана­сын­да бала­ларға арналған брон­хо­скоптың болмауына байланыс­ты оған бронхоскопия жасау мүмкін емес еді. Алайда бала­ның жағ­дайы нашарлап, сатурациясы төмендеп, көгере бас­та­ған соң реаниматологтер Нұр­лан Рсалиев, Мамыржан Юлда­шев және хирург Бақтияр Галиев шұғыл түрде интубация жасады. Интубация кезінде баланың тыныс жолдары ашылып, осыдан кейін ғана бала­лар ауру­ханасынан дәрі­герлер жет­кенше оның жағ­дайын тұрақ­тан­дыруға мүм­кін­дік туды.

Балаларға шұғыл меди­ци­на­лық көмек көрсету ор­та­­лы­ғының (БШМКО) ма­ман­дары келгеннен кейін брон­хос­копияның көмегімен баланың тыныс жолына тұрып қалған бұр­шақ алынды. Кішкентай ғана пациенттің жағдайы ҚЖШКА жансақтау бөлі­мінде бірнеше сағаттан соң қалпына келе бастағаннан ке­йін, одан әрі қарай емдеу үшін аталған орталыққа жет­кі­зілді.

«Бұршақты шығарып алу оңай емес, бұл негізінен бронхоскопия көмегімен жасалады. Балалар ауруханасының мамандары келгенге дейін біздің дәрігерлер дер кезінде әрекет жасады. Содан кейін БШМКО дәрігерлері «ересектер» ауруханасы жағдайында кәсіби түрде жасаған брон­хо­скопияның арқасында бала аман қалды. Бәріміз сәбиге алаңдап, оның жағдайын жіті қадағалап отырдық, қазір үйге шығарылғанын естіп қуанып жатырмыз», дейді дәрігер Ермек Желдібаев.

Балалар ауруханасы қа­­­был­­дау бөлімінің мең­ге­ру­шісі Мейір­жан Құрма­на­лиев мұн­дай ересектер мен балалар ауру­­ханалары ма­ман­дары шұғыл түр­де нау­қас­ты қосыла құт­қа­ра­тын оқи­ғалар жылына екі-үш рет қайталанатынын айтады.

«БШМКО қабылдау бөлі­міне 103-тен «Науқас 2 жас­та, аспирациялық синдром, реанимациялық бригаданы дайындаңыз» деген қоңырау түсті. Қабылдау бөлімінде 7 маманнан тұратын бригада күтіп отырған. Шамамен 30 минут өтті, бала әлі жоқ: «Бізге жеткізуге уақыты болмады ма?», «Бала аман ба?» деген үрей туып, 103-ке өзіміз қоңырау шалдық. Сөйтсек, олар науқасты жақын маң­дағы басқа ауруханаға апаруды ұйғарған екен. Уақыт өтіп жатты. Команда тез жиналып, 15 минут ішінде ҚЖШКА-ға жетті. Келгеннен кейін біздің топ бронхоскопия жасап, тыныс алу жолдарынан бұршақты шығарып тастады. Екі аурухананың жедел әрекетінің арқасында сәби аман қалды», дейді М.Құрманалиев.

Балалар ауруханасының дәрігерлері биыл бір жарым айдың ішінде тыныс жолдарында бөгде зат бар 10 науқасты аман алып қалғанын айта кеткен жөн. Бұл пациенттердің барлығы – 1 мен 3 жас аралығындағы балалар.

 

АЛМАТЫ