Сараптама • 20 Ақпан, 2024

Азаматтық қоғамның алғышарты

201 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азаматтық қоғамды дамыту мәселелері бойынша кешенді баяндама еліміздің азаматтық қоғамын одан әрі дамыту мәселесіне арналған. Құжатты «Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты» КеАҚ Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының авторлық ұжымы дайындады.

Азаматтық қоғамның алғышарты

1-сурет

Мемлекет дамуының айқын­даушы пара­метр­лерінің бірі – азаматтық сектор. Мемлекеттің табыс­тылығын ҮЕҰ-ның табысты және тиімді қызметінен көру­ге болады, өйткені бұл Үкі­меттің азаматтық қоғам ұйым­дарымен ашық және сенім­ді қарым-қатынас орната алуы­ның, сондай-ақ өз пробле­малары мен мәселелерін әртүрлі деңгейлерде шешуге мүмкіндігінше көп азаматтарды тарта алуының дәлелі. Азаматтардың азаматтық ұйым­дар­ға белсенді қатысуы, бір жағынан, халықтың энергия­сын шығармашылық бағытқа бағыттайды. Мысалы, олар білім алады және өз қабілеттерін арттырады, азаматтар мемлекет тарапының шешімін күтпестен өз проблемаларын өз бетінше шешуге үйренеді. Осылайша, Үкімет азаматтарды еліміздің дамуына қатыстыра отырып, мемлекеттік бағдарламалар нәтижелерінің тиімділігін арттырады.

Ал еліміздегі азаматтық сектор­дың бейнесі қандай? Қазақстандағы «азамат­тық қоғам» ұғымы нені біл­діреді?

Азаматтық қоғам Адам құқық­та­рының жалпыға бірдей декларация­сын­да және Азаматтық және саяси құ­қық­тар туралы халықаралық пактіде жарияланған бірлестіктер бостандығы мен пікір білдіру құқықтарын міндетті түрде сақтауы қажет. Құқықтық, демо­кра­тиялық, әлеуметтік және «халық үніне құлақ асатын» мемлекет құру бас­ты негіздердің бірі бола отырып, мемлекет және бизнеспен тең құқылы және сындарлы әріптестікке негізделуге тиіс.

Қазақстанның азаматтық сек­торының бейнесін жасау үшін «азаматтық қоғамға» анықтама беру маңызды. Аза­мат­тық қоғамды дамытудың 2020-2025 жыл­дарға арналған тұжырымдамасында азаматтық қоғам – адамға өзінің азаматтық құқық­тарын іске асыруға мүмкіндік беретін және қоғам мүшелерінің әртүрлі қажет­тілігі мен мүддесін білдіретін мемлекеттік емес қоғамдық қатынастар мен инс­титуттар жүйесі делінген. Ұлттық заңнамада «азаматтық сектордың» нақты белгілен­ген анықтамасы жоқ және бұл ұғым мемлекеттік және ком­мерциялық секторларды ескере отырып, «коммерциялық емес сектор» немесе «үшінші сектор» анықтамаларының синонимі ретінде пайдаланылады.

Азаматтық қоғамның негізгі міндеті – жеке адам мен мемлекет арасында дел­дал болу, әрбір адамның мүдделерін қор­ғауды қамтамасыз ету және билік қыз­ме­тіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру.

2023 жылы елімізде тіркелген ҮЕҰ саны 23 335 ұйымды құрайды. Оның ішінде, 1 103-і қызметін тоқтатса, 2 217-сі жұмыс істемейді деп танылған. Жұмыс істейтіндердің саны – 18 204. Бұл сан Қазақстан­дағы ҮЕҰ қарқыны 2003 жылмен (ҮЕҰ саны – 3 500) салыстырғанда ­7 есеге арт­қанын көрсетеді. (1-сурет)

Ұйымдық-құқықтық нысандар бо­йынша ҮЕҰ қоғамдық бірлестіктерге – 11 538; қорларға –7 162; мекемелерге – ­3 063; ЗТБ –1 572 бөлінеді. Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ-ның ең көп саны Алматы қаласында – 5 017, Астана – 3 554, Шымкент – 1 512, сондай-ақ Қарағанды – 1 237 және Қызылорда облыстарында – 1 217 тіркелген. (2-сурет)

пр

2-сурет

ҮЕҰ қызметінің ашықтығын, іске асырылған ҮЕҰ жобалары туралы халық үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы «ҮЕҰ деректер базасы» қолданысқа енгізілді. 2023 жылы есепті кезеңдегі мәліметтерді 5 191 ұйым (ҮЕҰ жалпы санының 22,3%) ұсынды. 2022-2023 жылдары қаржыландырудың әр түрін пайдалана отырып, жалпы сомасы 127 млрд теңгеге 4 220 жоба іске асырылған.

2022 жылы коммерциялық емес ұйымдар секторында 133 мың адам жұ­мысқа орналастырылды. Оның ішін­де 25 мың адам тұрақты негізде жұ­­­мыс істейді, олардың ішінде 471-і­ ше­­­­т­елдік маман (ЕО, АҚШ, Ресей, Түр­кия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбек­стан және т.б. азаматтары) бар. Түрлі қоғамдық және қайырымдылық жобаларды іске асыруға қазақстандық ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдар 107 мыңнан астам волонтерді тартты.

Елімізде азаматтық қоғамды одан әрі дамыту бойынша ұйғарымдар мен ұсынымдар да түзілген. Қазіргі таңда қоғамдық институттардың жұ­мысы заңнамалық тұрғыдан рет­телген, олардың әрқайсысы мемле­кеттің демократиялық негіздерін қалып­тас­тыруда шешуші рөл атқарады. Соны­мен қатар осы институттарды бір бейнеге біріктіру қиынырақ, оның басты себебі – тіркелген және белсенді ҮЕҰ саны үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті осы бағыттағы өзгерістердің серпінін бақылап отыру мүмкін емес, өйткені ҮЕҰ-дағы жұмысқа орналасудың өзі тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Гендерлік құрам, кәсіптік тиістілік, жас шектелімі бөлінісінде статистикалық дерек­тер жоқ. Іс жүзінде ҮЕҰ өкілдерінің сапалық құрамын жан-жақты жасау мүмкін емес.

 

Жиембет ЖҰМАҒҰЛ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы