Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бір алқаптағы бидай бес түрлі
Өңір диқандары биыл 5,4 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Өткен жылмен салыстырғанда, егістік көлемі 4,8 мың гектарға қысқарған. Майлы дақылдардың егістік көлемі 196,8 мың гектарға жеткізілмек. Мал азығы 340 мың гектар алқапта өсірілмек. Сондай-ақ картоп, көкөніс өсіру де жоспарланған. Бүгінде ең басты мәселе – тұқым тапшылығы. Арқаны кеңге салатын уақыт та тапшы. Жылда осы уақытта үлкенді-кішілі шаруашылықтар техникасын сайлап, тұқымын қамдап, бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп қоятын.
Тұқым тапшылығының неден туындағаны белгілі. Былтырғы ауа райы диқандар үшін мүлдем қолайсыз болды. Ерте көктемнен бастап жаз ортасы ауғанша аспаннан нәр тамбады. Егін көтеріліп, көктемей қалды. Есесіне күз бойы жауыннан көз ашпадық. Не нәрсе көп болса, сол зиян. Жаз бойы жауынға зәру болған диқандар күзгі нөсерден көрешекті көрді. Ақырында егін піспей, піскені сапалық деңгейге көтерілмей жапа шектірді. Зордың күшімен жинаған астық бағасы да көңіл көншітпеді. Себебі, қамбаға жиналған азды-көпті астықтың дені бесінші сұрыпты, мал азығына жарайтын ғана деңгейде еді.
Бүгінде өңірдегі шаруашылықтарға 536,8 мың тонна тұқым қажет болса, қазір 435,6 мың тонна тұқым бар. Яғни, 81 пайызы ғана. Оның өзі күмәнді. Түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік, кәдімгі тұқым шаруашылықтарында бары 20 мың тоннаға жуық. Ал «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның қоймаларында 233 мың тонна шамасында.
– Корпорация қамбасында астықтың бары рас, – дейді Зеренді ауданындағы «Қараөзек» серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов, – Бірақ ол қандай тұқым болады? Күздің күні корпорацияға тұқым емес, астық тапсырдық. Өзім шаруашылығымда бидайдың бес сұрпын егемін. Оның ішінде ерте пісетіні бар, кеш пісетіні бар. Сабағының жуаны, жіңішкесі, қысқасы, биігі деген тәрізді, әртүрлі бидай. Жалғыз мен ғана емес, барлық шаруашылықтың тапсырған бидайы осындай. Енді осы бидайды тұқым қылып ексек, бір алқаптағы бидай бес түрлі болып өседі. Біреуі ерте, біреуі кеш піседі. Айналып келгенде, әйтеуір егін егіп жатырмыз деп, өзімізді өзіміз алдаған сияқты болып шықпай ма?
«Бидай бағасын болжай алмайсың»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн» деген болатын. Президент ауыл шаруашылығындағы түйткілді тап басып айтып отыр. Жақсы ауданындағы «Саржан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Кеңесовтың уәжі де осы сарында.
«Облыста да бөлініп жатқан субсидияның жайын өзіміз алып көрмесек те, жақсы білеміз. Соңғы бес-алты жылда не егін шаруашылығына, не мал шаруашылығына бір тиын субсидия ала алмай отырмыз. 687 гектар егістік алқабым бар. Жыл сайын бидай, арпа егемін. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығынан тұқым жинай алмадық. Қазір Қостанай облысының тұқым шаруашылықтарымен келісім жасап жатырмыз. Бір тәуірі, азын-аулақ малымыз бар. Былтырғы несиеден малымызды сатып құтылдық. Екі саланың бірін алға жылжытсақ, екіншісі кері кетеді. Қарыз болған жаман ғой, өз төлі есебінен өсіріп отырған малымызды сатудан басқа лаж жоқ», дейді шаруа қожалығының басшысы Қайрат Еңсебайұлы.
Субсидия тимегеннен кейін жер өңдеуге де кесірін тигізеді. Бұл арада айта кететін бір жай – жер құнары. Уақтылы агротехникалық шараларды тыңғылықты өткізіп, жердің құнарын сақтамай тағы болмайды. Алайда қаржының жетімсіздігінен ұсақ шаруашылықтар үшін мұндай мәндегі іс оңайлықпен жүзеге аспайды. Күш жетімсіз, қаржы тапшы.
Кейбір шаруашылық басшылары көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаржының кешеуілдеуіне алаңдаулы. Қолдарында қаржысы болмағаннан кейін қажетті тұқымды да ала алмай отыр.
– Міне, көктем де келіп қалды, – дейді серіктестік басшысы Нартай Ысқақов, – Тұқым бағасы әртүрлі. Сапалысы әрине, қымбат. Шаруашылық басшылары алдағы жұмысын жоспарлай алмай отыр. Негізі егін шаруашылығы ешбір жоспарлауға болмайтын сала ғой, қазір қыруар қаржы жұмсағаныңмен күзде бидай бағасының қаншалықты болатынын ешкім де болжап айта алмайды. Мәселен, құрылысшылар өздері құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан аумақта әр шаршы метрдің бағасын біледі емес пе, осыған орай жұмысты аяқтаған соң табысын да болжай алады. Ал, біздің жұмыстың тәуекелі көп.
Тозған техника да тексерілсе...
Кеңейтілген отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын уақтылы жаңартып тұруға да назар аударған болатын. Барлық жерде бірдей орын алып отырмаса да, ішінара қысқа жіптің күрмеуге келмейтін көрінісі әлі де бар. Отырыста Президент «Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деген болатын.
– Өте орынды сөз, – дейді агроном Бауыржан Молдағалиев, – Қазір ұсақ шаруашылықтарда кешегі кеңес заманында пайдаланылған техникалар жүр. Гектар берекесін арттыруға көне техниканың кесірін тигізіп жатқандығын көзімізбен көріп жүрміз. Бұрын «Нива», «Енисей» комбайндарын үш-төрт маусымға ғана пайдаланатын, К-700 тракторы да жеті-сегіз жылдан кейін ауыстырылып отырылатын. Біз отыз жыл бойы өкпесі өшкен, құр қаңқасы қалған, өзін-өзі әзер сүйрейтін көне техникаға иек артып келеміз. Мәселен, тұқым себетін агрегат әбден ескірген. Бір шеті тұқымды сегіз-тоғыз сантиметрге сіңірсе, майысқан екінші шеті екі-үш сантиметрге ғана сіңіреді. Нәтижесінде, дән біркелкі болып көктеп шықпайды. Топыраққа сіңірілген дәннің бойында өнгіштік күші деген ұғым бар. Тым тереңге түскен тұқым топырақты тесіп өтіп, көктеп шығуға қуаты жете ме, жоқ па? Ал екінші жағы ерте шығады. Міне, осылайша ала-құла егілгендіктен, гектар берекесі ойдағыдай болмайды. Оның үстіне егіншілік мәдениетін сақтауға, технология тәртібін ойдағыдай атқаруға мүмкіндік тапшы. Көненің аты көне, дәл керек қуатында сынып қалуы әбден мүмкін. Диқандар арасында «көктемнің бір күні жылға азық» деген қанатты сөз бар. Егер науқан кезінде бір техника істен шықса, бір тәулікте елу-алпыс гектар жерің егілмей қалады. Уақытында отырғызылмағандықтан, өнім көлемі де азая түседі. Қазіргі күні көнетоз көлікке айып салынады деген әңгіме айтылып жүр ғой. Ол қаланың ішіндегісі, ал қырдағы егістік алқапта тозған техника ит-ырғын. Олардан экологияға қаншалықты зиян келіп жатқандығын кім есептеп жатыр? Ауаны ластаған қара түтіні, топыраққа төгілген майы қып-қызыл зиян емес пе? Ертеректе диқандар өз танабын ғана емес, көрші танаптың да уақытында өңделіп, арам шөптен ада болуын қадағалайтын.
Дала сырын көкірегіне құйған агрономның айтуы ып-рас. Заманында аты аңызға айналған даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісовтің бастамасымен «Көрші танабың – өз танабың» атты бастама көтеріліп еді. Бәлкім, жаңадан ештеңе ойлап табудың да қажеті жоқ шығар. Бұрыннан бар, тиімділігіне көзіміз әбден жеткен дүниелерді қайта жаңғыртсақ жетіп жатқан сыңайлы.
Қағаздағы көрсеткіш тығырықтан шығара ма?
Ал тікелей тақырыптың өзіне оралсақ, тұқым мәселесі өте өткір күйінде. Бар дегеніміздің өзі «Қараөзек» серіктестігінің басшысы айтқандай, әлденеше сұрып, мипалау болып араласып кеткен астық. Қасқалдақтың қанындай қат болған соң бағасы да өсе түскен. Қайрат Кеңесовтің айтуынша, қазір жақсы тұқымның бір тоннасы 200 мың теңгенің шамасында екен.
Кейбір шаруашылық басшыларының айтуына қарағанда, тұқым шаруашылықтары сапалы тұқымды алыс-жақын шетелден сатып алғаннан кейін өз шаруашылықтарында өсіріп, үш-төрт маусым пайдаланады. Тұқымның өнгіштік қуаты деген бар. Үш-төрт рет егілгеннен кейін әрине, әлгі қуат солғын тартады. Мәселен, 100 тонна тұқым әкелсе, егіп, 200 тоннаға жеткізеді. Келесі жылы 400 тонна. Содан кейін барып қана сатады. Бұл уақыттың ішінде тұқымның өнгіштік қуаты азаяды. Гектар берекесінің төмендеуінің бір себебі осы тәрізді.
Дәл қазір шаруашылық басшылары тұқым тапшылығынан зардап шекпесек игі еді деп алаңдаулы. Қағазда қатып тұрған көрсеткішке сенсек, тығырықтан шығар сәл де болса қор бар тәрізді. Бірақ оның жайы жоғарыдағыдай. Мемлекет тарапынан көрсетілген қыруар көмек, көп қаржының қайтарымы болуы үшін алдымен осы мәселе оңынан шешілсе дейсің.
Ақмола облысы