Фото: naryk.kz
Осыдан екі жыл бұрын отандық банкке айналған «Bereke Bank» былтырғы жылы белсенді түрде өз позициясын қалпына келтірді. Бүгінде өзгелерге қарағанда, депозиттері жоғары мөлшерлемесімен әрі ұсынылған қосымша акцияларымен ерекшеленіп отыр. Мәселен, ЖТСМ 15,3%-ға дейінгі «күн сайын» икемді (яғни толықтыруға және ішінара алуға мүмкіндік беретін) депозитін ашқан кезінде, аталған банк картасымен жасалған әр саудаға жоғары кешбэк ұсынады.
Кешбэктің көлемі салым сомасына қарай 2-5 млн теңге аралығында депозитке – 5%, 5-10 млн теңгеге – 7%, 10 млн теңгеден жоғары депозитке тіпті 10% кешбэк беріледі. Сондай-ақ банкте 17,6%-ға дейін ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бар «Пайдаңды жіберіп алма» жинақ депозиті жұмыс істеп, мұндағы салым бойынша соманы толықтыруға және ішінара ақша алуға болмайтын шарт та қарастырылған.
Өсім жағынан екінші орында «Фридом Финанс Қазақстан банкі», 48,5%-ға, яғни 459,4 млрд теңгеге дейін артқан. Үздік үштікті «Kaspi Bank» толықтырып, 36,6%-ға, 5,1 трлн теңгеге дейін өсімді көрсетіп отыр. Ірі екінші деңгейлі банктер арасында алғашқы бестікке «Еуразиялық банк» (+23,6%) және «ForteBank» (+18,6%) енген.
Егер ірі банктердің ішінде он банктің барлығы динамика жағынан көңілге қонымдылығын көрсетсе, ЕДБ-ның жалпы секторындағы «Ситибанк Қазақстан» (-0,1%), «Заман банк» ислам банкі (-33%) және «Шинхан Банк Қазақстан» (-25,8%) көш соңында келеді.
Оң динамика танытып отырған аталған банктердегі халықтың депозиті қазір қарқындылықпен әрі тұрақты түрде ілгерілеуде. Егер, банк лицензиясынан айырған жағдайда Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) кепілдігімен қорғалатындығын (жүйеге 21 ЕДБ-ның 19-ы қатысады – исламдық банктерден басқа) түсіндіреді мамандар.
Бұл ретте ҚДКҚ бір банкте (соның ішінде жинақ депозитін ашу шартымен) жалпы сомасы 20 млн теңгеге кепілдік береді. Сондықтан пайызбен бірге сома осы көрсеткіштен асып кетсе, әртүрлі банкте депозит ашқан дұрыс болмақ. Сонымен қатар әрбір депозит түрінің өз кепілдік шектеулері бар екенін ескеру керек. Мәселен, теңгедегі жинақ салымға – ең көбі 20 млн теңге, жинақтарды қоспағанда, теңгедегі барлық депозиттерге 10 млн теңгеге дейін болса, шетел валютасындағы депозиттерді 5 млн теңге шамасында толықтыруға болады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім жағынан 13 банк алдыңғы қатардан табылса, 8 банк төменгі көрсеткіште қалып тұр.
Жалпы, елімізде екінші деңгейлі 21 банктің 11-і шетелдіктердің қатысумен жұмыс істейді. Былтыр банк секторы депозиттерді қоса алғанда, түгелге жуығы негізгі көрсеткіштер тұрғысынан жақсы өсім көрсетті. Бүгінде ЕДБ депозиттері 35 трлн теңгеден асып отыр. Елдегі ірі банктер арасында депозиттердің жалпы көлемінің өсімі бойынша көшбасшы еуропалық «Home Credit Bank» бір жылда бірден 44,1%-ға көбейіп, 365,3 млрд теңгеге жеткен. Айта кету керек, жеке тұлғалардың депозиті 49,6%-ға, 324,2 млрд теңгеге дейін, заңды тұлғалардың депозиті 12,1%-ға, 41,2 млрд теңгеге дейін өсті.
«Kaspi Bank» депозит өсімі жағынан екінші орында. Бір жылда 33,2%-ға өскен. Үздік үштікті «БанкЦентрКредит» жауып, 23,5%-ға ұлғайған. Сондай-ақ ірі ЕДБ арасында депозиттердің өсімі бойынша алғашқы бестікке тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне маманданған «Отбасы банкі» (15,7%) және «ForteBank» (12,6%) кіреді. Осы орайда, депозиті азайған банктер де жоқ емес. Ірі ЕДБ қатарында «Jusan Bank», «Bereke Bank» және «Bank RBK», басқа банктердің арасында «Al Hilal» ислам банкі, «Заман банк», Қазақстандағы «Қытай банкі», «Altyn Bank» және «Ситибанк Қазақстан» бар.
Кейінгі бес жылдан бері еліміздің банктеріндегі депозиттің жыл сайын артуы байқалып, аталған жылдар аралығында жалпы сома екі есе ұлғайған. Бұл елдегі банк секторының тұрақтылығы мен қаржы институттарына деген халық сенімінің артып отырғанын көрсетеді.