Жемқорлық • 22 Ақпан, 2024

Жемқорлық – сүйекке таңба

159 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлықпен күресу міндетін әділдікке әкелетін басымдықтардың бірі ретінде алға қойып: «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды», деген болатын.

Жемқорлық – сүйекке таңба

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы 2022 жылы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жалғастырыла беретіндігін мәлімдеді. Мүдделі мемлекеттік органдардың осы маңызды міндетті орындауға ба­ғыт­талған жұмысының нәтижелілігі жылдан-жылға біршама арта түскені көңілге үміт ұялатқандай. «Transparency International» жемқорлықпен күрес және дүние жүзіндегі жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі үкіметтік емес ха­лықаралық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан 2018 жылы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (СЖҚИ) бойынша мүмкін болған 100 балдың 31-ін ғана жинап, 180 мемлекеттің ішінде 124-орынды місе тұтқан болса, осы жөніндегі көрсеткіш 2019 жылы – 34 балды (113-орын), 2020 жылы – 38 балды (94 орын), 2021 жылы – 37 балды (102-орын), 2022 жылы – 36 балды (101-орын) құраған. Ал өткен жылғы СЖҚИ бойынша еліміз 39 балл жинап, 93-орынды еншіледі. Бұл – тәуелсіз еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже. Осы ретте «Transparency International» «Қазақстан сыбайлас жемқорлық проб­лемасын шешуде белгілі бір прогреске, соның ішінде заңнамалық реформалар мен ұрланған активтерді қайтару арқылы қол жеткізгенін» атап өтті.

Дегенмен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарының тоқмейіл­суіне болмайды. Себебі, СЖҚИ бойынша көрсеткіші 50 балдан төмен елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер болып саналады. Ал «бармақ басты, көз қыстыдан» құтылған елдердің «ондығына» бұрынғыша Дания (90 балл), Финляндия (87 балл), Жаңа Зеландия (85 балл), Норвегия (84 балл), Сингапур (83 балл), Швеция (82 балл), Швейцария (82 балл), Нидерланд (79 балл), Германия (78 балл), Люксембург (78 балл) сынды демократиясы дамып, заң үстемдігі орнаған мемлекеттер кірген. Олардың қатарына бұрынғы Кеңес одағынан бөлініп шыққан республикалардың ішінен Эстония (76 балл, 12-орын) қосылуға жақын. Балтық жағалауының Литва (61 балл, 34-орын), Латвия (60 балл, 36-орын) сияқты көршілес елдері де жемқор атаулының жегенін желкесінен шығарып отыр. Сондай-ақ мұнайға бай Біріккен Араб Әмірліктері (68 балл, 26-орын), Қатар (58 балл, 40-орын) және Сауд Арабиясы (52 балл, 53-орын) – жемқорлықты жеңген мұсылман мемлекеттері.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) мен Еуразиялық Экономикалық одақ елдерінің ішінде Қазақстанның алдына тек Армения (47 балл, 62-орын) мен Молдова (42 балл, 76-орын) түсіп отыр. Бұл екі ел де өз көрсеткіштерін жылдан-жылға жақсартып келеді. Ал бұрнағы жылы 39 балл (91-орын) алған Беларусь былтырғы жылдың қорытындысы бо­йынша 2 балл (98-орын) жоғалтқан. Көршілес Ресейге 2022 жылы 28 балл (139-орын) берілген болса, 2023 жылы 26 балл ғана (141-орын) тиіпті. Сондай-ақ 2009 жылы ТМД құрамынан шыққан Грузия 2022 жылы СЖҚИ бойынша 56 балл (42-орын) жинаған болса, былтыр өз жетістігін 53 балға (49-орын) дейін төмендетіп алды. ТМД-да 2018 жылға дейін болған Украина Ресейдің «арнаулы әскери операциясы» басталған 2022 жылы жемқорлықпен күресте 33 балл (116-орын) ғана алғанымен, былтыр едәуір алға басып, 36 балға (104-орын) ие болды.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бо­йынша Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің көшін бастап отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Түркия 34 балмен 115-орынға, Өзбекстан 33 балмен 121-орынға, Қырғызстан 26 балмен 141-орынға, Әзербайжан 23 балмен 154-орынға ие болды. Ал ТМҰ-ның байқаушы-мемлекеттері – Мажарстан 42 балмен 76-орынға, Түрікменстан 18 балмен 170-орынға жайғасты.

Тағы бір айта кетерлік жайт, «Transparency International» мәліметіне сүйенсек, оңтүстіктегі алып көршіміз – Қытай Халық Республикасына (ҚХР) өткен жылы жемқорлықпен күресте 42 балл немесе 76-орын беріліпті. Бұл – ҚХР, Мажарстан және Молдоваға ортақ көрсеткіш.

Бас прокуратураның Құқықтық ста­тис­тика және арнайы есепке алу жөнін­де­гі комитетінің мәліметі бойынша өткен жылы елімізде 1 461 жемқорлық қылмыс тіркелген. Бұл бұрнағы жылғымен (1530) салыстырғанда 4,5 пайыз аз. Алайда елорда мен 4 өңірде осы қоғамдық індет одан әрі үдей түскен тәрізді. Жем­қорлықпен күресте көш бастайтын жөні бар Астана қаласында 2022 жылы 152 жемқорлық құқық бұзушылық әшкереленген болса, былтыр оның саны 196-ға жеткендігі қынжылтпай да, ойландырмай да қоймайды. Осы жөніндегі көрсеткіш Қостанай облысында 78-ден 97-ге дейін, Павлодар облысында 43-тен 47-ге дейін, Ұлытау облысында 14-тен 41-ге дейін, Абай облысында 8-ден 31-ге дейін ұлғайғандығы да аталған өңірлердің басшыларына «Бұл қалай?» деген сауал қоюға негіз болғандай. Бұған қоса, әскери қызметшілер жасаған жемқорлық қылмыс саны бұрнағы жылғы 18-ден былтыр 54-ке дейін, яғни үш есе көбейіп кеткен. Бұл Қорғаныс министрлігінің де салада тиісті тәртіп орната алмай отырғандығының айғағы болар.

Антикордың мәліметіне сүйенсек, әсіресе ел қазынасынан жыл сайын қомақты қаржы бөлінетін әлеуметтік салада тиісті бақылау мен ашықтықтың болмауынан жемқорлық белең алған. Мәселен, өткен жылы осы салада 311 жемқорлық қылмыс әшкереленген. Соның 155-і  білім беруге, 64-і денсаулық сақтауға, 29-ы әлеуметтік қорғауға, 56-сы медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіне тиесілі. Нәтижесінде, 95 адам сотталған, оның 52-сі білім беру, 20-сы – денсаулық сақтау, 9-ы әлеуметтік қорғау, 11-і  медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкерлері.

Бәрінен де ел болашағы – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін білім беру саласының былық-шылыққа батып отырғаны алаңдатады. Жақында Қызылорда облысындағы Жаңақорған аудандық соты Жаңақорған ауданының білім бөлімінің басшысы мен бас бух­гал­те­ріне және 24 мектептің бухгал­тер­леріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен аталған мекеме басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас баласының болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайын­далды.

Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткен жылдың басынан бері білім беру саласында 192 қыл­мыс­тық істі әшкерелеген. Олар бо­йынша мемлекетке келтірілген залал 13 млрд теңгеден асқан. Ең ірі жымқыру Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қала­сын­­­да анықталған. Қылмыстық істердің көбі қазір сот органдарында қаралу үстінде.

Жуырда Парламент Мәжілісінде әлеуметтік саладағы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселе­лерін талқылау барысында депутат Дәулет Мұқаев «Маған, әсіресе Қызылорда мен Шымкенттен хат көп келеді. Жай ғана еден жуушы болып орналасу үшін 500 мың теңге сұрайды екен. Ал мұғалімдердің «ставкасы» 1-1,5 млн теңге болып шықты. Осындай хаттар келгенде «Антикорға хабарласыңыз» деп, 1424 нөмірін беремін», деді.

Әлбетте, жемқорлық қылмыстарды ашу – Антикор мен өзге де құқық қорғау органдарының ісі, ал депутаттардың міндеті – осы қоғамдық дертке қарсы заңнаманы ұдайы жетілдіру. Қазір Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобалары қаралып жатыр. Ұсынылған жаңашылдықтардың ішінде жемқорлардың жария тізілімін енгізу туралы норма да бар. Осыған байланысты «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға тиісті толықтыру енгізілмекші. Ол қабылданған жағдайда елімізде жемқорлық қылмыс жасап сотталған кісілердің барлығының аты-жөнін жұрт, оның ішінде сол жемқорлардың балалары мен немере-шөбелері де кез келген уақытта біле алатын болады. Мұның өзі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Шынтуайтында, санасыз мал емес, ғұлама Аристотель «саналы жануар» санаған адам үшін жемқорлық жасап, сотталу – сүйекке түсетін таңба.