Баға • 22 Ақпан, 2024

Баға – тұрақтану бағытында

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған уақытта негізгі азық-түлік өнімдері бағасының жөн-жосықсыз көтеріліп кетпеуіне жол бермеу аса маңызды. Жыл басынан бері облыста бірқатар өнім түрі бойынша бағаның төмендегені байқалған.

Баға – тұрақтану бағытында

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Айталық, макарон өнімдері (0,8%-ға), күріш (1,1%-ға), қарақұмық жармасы (1,5%-ға), күнбағыс майы (0,6%-ға), сүзбе (0,6%-ға), картоп (0,5%-ға), сәбіз (4,8%), пияз (5,2%), қырыққабат (0,9%) арзандаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бағытында тауар интервенциясы, күзгі көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ассор­тиментін ұлғайту, та­уар өн­дірушілермен тікелей сау­да байланыстарын жолға қою, ауыл шаруашылығы жәр­меңкесін өткізу шаралары жасалды. Облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыс тұрғындарына «Ұлытау» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) есебінен беріліп жатқан  азық-түлік өнімдерін ар­найы белгісі бар чек арқылы сатуды ұйымдастыруды тапсырды.

«Қолжетімділікті қам­та­ма­сыз ету мақсатында тұрақ­тандыру қорынан бері­ліп жатқан өнімдердің баға айыр­ма­шылығы тұтынушы­лар­ға көрініп тұруы қажет. Бұл баға­ны негізсіз көтерудің алдын алады», деді аймақ басшысы.

Қазір облыс орталығында және Сәтбаев қаласында тұрақ­тан­дыру қорынан бөлінетін өнімдердің бағасын көрсетіп, қандай сауда нүктелерінен алу­ға болатыны халыққа кеңі­нен хабарланып жатыр.

Баға бұғалыққа көне бастады ма? Әлде уақытша ма? Әрине, мұны уақыт көрсетеді. Бірақ облыс басшылығы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға­сын бірқалыпты ұстап тұру мақ­сатында бұған дейін қолға алынған шараларды жалғастыра бермек. Жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу арқылы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға тастүйін бекі­ніп отыр.

 

Ұлытау облысы