Пікір • 22 Ақпан, 2024

Балалар жан-жақты қорғауға зәру

101 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше бірінші оқылымда «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл маңызды құжат бойынша біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен біраз уақыт мемлекеттік органдар, депутаттар және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен тыңғылықты жұмыс жүргіздік.

Балалар жан-жақты қорғауға зәру

Фото: informburo.kz

Жыл басында Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің ең маңызды қағидатын – қоғамда осы зұлымдыққа мүлдем төзбеушілікті дамытуды атап көрсеткен болатын. Бұл постулаттың іске асуының түп негізі зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидасын қамтамасыз ететін осы заң жобасы болуға тиіс.

Осы орайда жаңа заңда кешенді ұстаным қарастырылғанын атап өткен жөн. Заң жобасы ең алдымен зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әрбір ауданда Отбасын қолдау орталықтарын, Балаларға пси­хологиялық қолдау көрсету орта­лық­тарын ашуға, қиын өмірлік жағдай­дағы отба­сы­ларға көмек көрсетуді ұйым­­дасты­ру құзыреттілігін бекітуге, агрес­сор­мен пси­хологиялық жұмыс жүргі­зуге (Қыл­мыс­тық кодекске арнайы талап­тар инс­­ти­тутын енгізу аясында), зор­лық-зом­былыққа, буллингке тап бол­ған бала­ларға көмек көрсету бағдарлама­ларын әзірлеу құзыреттілігін бекітуге бағытталған.

Екіншіден, жобада зорлық-зомбылық­ты криминализациялау, балаларға қарсы қылмыстар: азаптау (баптың жаңа редакциясы), денсаулыққа ауыр, орташа ауыр­лық­­тағы зиян келтіру, кәмелетке толмаған адам­ды ұрлау және заңсыз қамау үшін жаза­ны қатаңдату, бала зорлағаны үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыру, «Балаға сексуал­дық сипаттағы тиісу» бабын енгізу, балаға қатысты зорлық-зом­бы­­лық­қа байланысты қылмыстарды тер­геу кезінде күдіктіні қамауда ұстау, бала­­лар­ға қызмет көрсететін ұйымдарды (жер­­гілікті өзін өзі басқару, лагерьлер) лицен­зия­л­ауды енгізу, баланы автобус­тан күш­теп түсіргені үшін, буллинг үшін жауап­кер­шілік және т.с.с. проблемалар көзделген.

Қазіргі таңда елімізде үш миллионға жуық отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж. Ал балалардың болашағы отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты. Сол себепті бұл функцияны әлеуметтік қорғау саласына бекіту және аудандарда Отбасын қолдау орталықтарын құрудың маңызы ерекше. Мұндай орталықтар өз кезегінде әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге септігін тигізеді.

 Елімізде ерекше қажеттіліктері бар 104 мың бала бар. Жалпы, балалардың 47 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан ерекше және ауылда тұратын балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Мысалы, интернаттардың жар­тысы жөндеуді қажет етеді. Мемле­кет­тік 120 лагерь бар, олардың да жағ­дайы мәз емес. Жаңа заң жобасы осындай қадау-қадау мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп сенеміз.

 

Динара ЗӘКИЕВА,

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл