Басылым • 22 Ақпан, 2024

Балалар басылымы оқуға ынталандырады

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда халықаралық кітап сыйлау күніне орай Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Шығармашыл интеллигенция – Қазақстан балаларына» тақырыбында республикада жарық көретін балаларға арналған газет-журналдардың редакторларымен кездесу өтті.

Балалар басылымы оқуға ынталандырады

«Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында өткен кездесу балалар журналдары мен газеттері арқылы кітап оқу мәдениетін насихаттау, оқу белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Басқосуға «Балалар әдебиеті» баспасы, «Қазақ газеттеріне» ЖШС-на қарасты «Ұлан», «Дружные ребята» газеті, «Балдырған», «Ақжелкен», журналдары, сондай-ақ жекеменшік «Айгөлек», «Балбұлақ», «Жыл он екі ай», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Ыбырай», «Білім шыңы – ғылым сы­ры», «Ақылды балалар», «Білімді ұлт», «Bala Bi», «Fa­rabi shakirti», «Ақылдым», «Ба­лақан», «Балалар әлемі», «Ертегілер әлемінде», «Alan&­kids», «Балапан бағы», «Мөлдір бұлақ», «Жеті әлем», «Ертегілер елінде», «Бі­лім академиясы», «Асыл сөз», «Әл Жәбірдің атасы» сияқты отызға жуық мерзімді басылымдардың редакторлары, қа­ламгерлер мен қала мек­тептерінің директорлары, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Алқалы жиын барысын­да газет-журналдардың шы­ғу тарихы, балаларды қы­зықтыратын тақырыптар тө­ңірегінде қызу пікірталас болды. Ақпараттық тех­но­логиялардың көмегі арқылы балаларға қолжетімді кон­тентті газет-журналдар бе­тінде ұйымдастыру бүгінгі күн­нің талабы. Осы бағытта баспасөз өнімдерін мейлінше қы­зықты етіп шығаруға ең­бектеніп жүрген редакция қызметкерлері жазылым мә­селесінің өзекті болып тұр­ға­нын алға тартты. Ал жазылым көрсеткішін жақсарту үшін мұғалімдермен қатар ата-аналардың да белсенділігі қажет.

Республикалық ғылы­ми-педа­гогикалық кітап­хана директоры Әлия Сай­­дем­баеваның айтуынша, кездесу балалардың кітап оқуға деген қызы­ғушылығын арттыруды мақсат етеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі мен Мә­дениет және ақпарат ми­нис­тр­лігі тарапынан көтеріліп, осы ауқымды мәселені ше­шудің жолдары іске асып жат­қаны белгілі. Ендігі кезекте Алматыдан бастау алған ма­ңызды шара республика өңірлерінде де жалғасын табатын болады. Балалардың кітапқа, газет, журналдарға деген қызығушылығын дамыту қоғамға ор­тақ мәселе. Бүгінде байқап қа­расақ, балалардың сөзге, сөйлеуге шор­қақтығын байқауға болады. Ол үшін балаларды кітап оқуға, қазақтың шұрайлы бай тілінің көркем қасиетін тануға баулуымыз қажет. Ал оларды кітап оқуға қызықтыратын бірден-бір коммуникация құралы – балаларға арналған басылымдар, – деп атап өтті Ә.Сайдембаева.

Биыл Республикалық ғы­лыми-педагогикалық кітапхана 250-ден астам басылым түріне жазылған. Алдағы уақытта жазылым санын көбейтуді жос­парлап отырған кітапхана мамандары жылдан-жылға келушілер санының да артып келе жатқандығын айтады. Бүгінде кітапханаға келу­шілер саны 6 мыңнан асады. Педагогикалық бейінді кі­тапхана қорында қазіргі кезде газет-журнал мен кітапты қос­қанда 400 мыңға жуық экс­­по­зиция бар. Ал электронды кі­тапхана қоры 3 мыңнан асады.

Кітапхана қоры осы жолы кітап авторлары, баспа өкілдері сыйға тарқан жаңа басылымдармен толықты.

 

АЛМАТЫ