Футбол • 22 Ақпан, 2024

«Ордабасы» озды

58 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда Түркияның Билек қаласындағы «Титаник Делюкс» стадионында тек Қазақ­станның футбол клубтары қатыс­қан турнир ұйымдастырылды.

«Ордабасы» озды

Жүлде қоры 100 млн теңгені құраған доп додасының бас жүлдесін ел чемпионы Шымкенттің «Ордабасы» мен ел кубогінің иегері Қостанайдың «Тобылы» өзара сарапқа салды. Бірден айта кетейік, бұл көрермендер көңілінен шығатындай аса бір қызықты бәсеке болған жоқ. Матчтың басынан аяғына дейін алма-кезек шабуылдар ұйымдастырылғанымен, алдыңғы шеп қарсы жақтың айып алаңына келгенде қателікке бой алдырып, көздеген мақсатына жете алмады. Белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін 11 метрлік нүктеден доп тебуге тура келді. Мергендердің сайысында «Ордабасының» асығы алшысынан түсіп, олар бас жүлдемен қатар, 60 млн теңгелік сыйақыға ие болды. Финалда ұтылған «Тобылдың» ойын­шыларына 40 млн теңге табыс етілді.

Бірінші лигада топ жарған Семейдің «Елімайы» мен Премьер-лиганың қола жүл­дегері «Ақтөбе» арасындағы матчта қос клуб бір-бірінің қақпасына екі-екі голдан соғып, тең тарасты – 2:2. Содан қола жүлдегер «фут­бол лотереясы» арқылы анықталды. Бұл тартыста Жайық жағалауынан келген жігіт­тердің жолы болды – 3:2.