Туризм • 23 Ақпан, 2024

Туризм индустриясына – қадам

245 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Табиғаты көркем, шұрайлы аудандарды туризмі дамыған аумақ­тардың қатарына қосу үшін алды­мен инфрақұрылымды жаңар­тып, қызмет көрсету сапасын жетіл­діруге көңіл бөлу қажет. Бұл қа­ғи­даны туризмге таптырмай­тын аудан­дардың басшылары жақ­сы білгенімен, берік ұстана бер­мейді. Әйтеуір, кейінгі жылдары ел үкіметі туризм саласындағы инвес­тициялық жобаларға басымдық беріп, кәсіпкерлерді мемлекеттің қолдау шараларынан қалыс қал­мауға шақырып отырғаны қуан­тады. Енді осы игі бастамалар уа­қыт сәтімен жемісті болса жарар.

Туризм индустриясына – қадам

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ішкі туризм мен сыртқы туризмнің үлесі

Бірінші кезекте туристік аймақтарда интернет жылдамдығы жоғары әрі демалыс орындарына апаратын автожол стандарттарға сай болуы керек. Ви­залық көші-қон режімін жетілдіріп, курорттық аймақтарға қатынайтын әуе рейс­тердің жиілігін арттыруды естен шы­ғармаған жөн. Бұл тұста демалыс ай­мағындағы қызмет көрсету сапасын кү­шейтіп, айшықты нысандарды, ұлт­тық-рухани дүниелерді, тағысын-тағы артықшылықтарымызды қонақтарға дұрыс таныстырып, ұсына білу – оңай шаруа емес. Туризмнен табыс тауып отырған кәсіпкерлер жыл он екі ай қызмет көрсете бермейді. Ол аздай ка­рантин кезінде туристер ағы­ны төмендеп, кәсібін ауыстырғандар кө­бейді. Күтпеген өзгерістерге дайын болып, ерте қамданғандар тұрақтылықты сақтап қалды. Есесіне, қазір елге келетін туристер ағыны қайта көбейе бастады. Карантиннің салдары ауыр болғанымен, сол кездегі өзгерістер ішкі туризмнің өрістеуіне белгілі бір деңгейде әсер етті. Былтыр 9 айдың қорытындысы бо­йын­ша 5,4 миллионға жуық азамат ел ішінде саяхаттаған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 550 мың адамға артық. Шетелден келетін туристер ағынында да өсім байқалған. Былтыр 9 айда бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Осының есесіне қонақүйлер, демалыс орындары, жатақханалар және басқа да кәсіпкерлік нысандары 175 млрд теңгеден аса табыс тапқан. Бұл кірісті алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36% артық сомма шығып тұр.

Былтыр ашықтық саясаты туризмнің дамуына оң ықпал ететінін байқатты. Нақ қазір әлемнің 82 елімен визасыз режім бекітілген. Бұл қатарда туристік нарығы әлеуетті Қытай, Үндістан бар. Осы елдерден келетін туристердің өсімі байқалады. Былтыр қарашадан бастап Қытаймен арада визасыз режім енгізілгелі Қытайдан келетін қонақтар саны 12 есе өскен. Сол секілді Үндістаннан келетін қонақтардың саны үш есе ұлғайғаны байқалады. Статистика көрсеткендей, саладағы оң динамикаға қарамастан, елге сапарлауды жөн көрген туристер бірді-екілі қиын­дықтарға тап болып жататыны бар. Қуан­тарлығы, осы мәселелерге ел Үкіметі, Туризм және спорт министрлігі назар аударып, шешімін табуға күш салып келеді.

Мемлекет кәсіпкерлерді ынталандыру шараларынан шет қалып отырған жоқ. Мысалы, былтыр туроператорлардың қызметін субсидиялауға, құрылыс нысандарына, аттракциондарға өтемақы берілген. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларына қабылданған өтініштердің саны 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе өсіп, 800 млн теңгеге жеткен. Жуырда Туризм және спорт министрлігінің кеңей­тілген алқа мәжілісінде министр Ермек Маржықпаев туризмді дамыту ісіндегі басым міндеттерді, былтыр іске асқан жобаларды екшелеп айтып берген еді.

– Былтыр инженерлік инфрақұры­лымды дамытуға қатысты жалпы құны 131 млрд теңгеге 33 жоба іске асты. Қазірде 289 млрд теңгеге 70 жоба үйлесім тапты. Маңызды жобалардың ішінде «Жылы жағажайдың» туристік объектілерін сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған «Каспий» тұщыландыру за­уытының қуаттылығын арттыру жобасын атап өткім келеді. Сонымен қа­тар Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ор­дасы объектісіне, Атырау қала­сындағы Сарай­шық қалашығына және Ұлытау об­лысындағы Жошы хан кесе­несіне дейінгі жол­дарда құрылыс жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл мәдени-турис­тік нысандардың қол­жетімділігін ай­тарлықтай арттырады», – деп баяндады Е.Мар­жықпаев.

 

Туристік әлеуеті жоғары аудандар нақтыланады

Премьер-министр Олжас Бекте­н­ов­тің тапсырмасына сәйкес, туристік әлеуеті жоғары аумақтардың саны 10-нан 20-ға дейін ұлғаяды екен. Осылайша, еліміздің әрбір өңірінде туризмді да­мытуға қолайлы аудандар нақтыланып, сол аумақтарға басымдық беріледі. Бұл да болса, туризмге бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына әсер етеді деп түсіндік. Мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктер араласатыны белгілі ғой. Өңірдегі кәсіпкерлерге тиімді шарттардың барын айтып, мейлінше туризм тартатын да солар. Әйткенмен, қолдау шараларына бірде-бір кәсіпкер тарта алмаған өңірлер кездеседі. Бұл қатарда Жетісу, Ұлытау, Атырау, Маңғыстау өңірлеріндегі аудан­дармен қатар, Астана қаласы да бар екен. Туризм және спорт министрі Ер­мек Маржықпаев биыл да жергілікті ат­қарушы органдарды туризм саласын өркендетуді көздеген кәсіпкерлерді мем­­­лекеттік қолдау шараларынан қалыс қал­дырмауға, ынталандыруға шақырып отыр. Оның үстіне министрлік саланы дамыту үшін жаңа, тың бастамаларды үйлестіруге ниетті екенін байқатты. Осындай бастамалардың бірі бірер күн бұрын ғана күшіне еніп, халықаралық франшизасы бар қонақүйлер үшін жеңілдетілген несиелендіру мерзімі 7-ден 10 жылға дейін ұлғайған. Бұл – қонақүй биз­несін өркендетуді ойлаған кәсіп­кер­лерге инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға тәп-тәуір жәрдем.

Министрлік фермерлерге өз жерінде агротуризммен айналысуға рұқсат беру туралы ұсыныс әзірлеуге кіріскен. Осы шешімді қабылдау арқылы 10 мыңнан аса ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтып, сәйкесінше, ауыл-аймақтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуге болады екен. Бұл, әсіресе, еліміздің Шығыс және Оңтүстік өңірлерінде өзекті болғалы тұр. Сонымен қатар жаңа және қолданыстағы объектілерде қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қонақүйлер жүйесін реформалау ұсынылыпты. Білсеңіздер, қолданыстағы критерийлер 2008 жылы қабылданған. Демек бұл ереже-талаптар қызмет көрсетудің қазіргі әлемдік стандарттарына сай келмейді деген сөз.

 

Көшпелілер өмірі таныстырылады

Туризмді түрлендіруді жоспарлаған соң, шетелдік қонақтарға қолайлы жағдай жасау мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бүгінде шетелдіктер үшін шекараларда QR-кодтар орнатылып жатқан көрінеді. Елге келген қонақтар сол QR-код арқылы жүйеге өтіп, жол көрсететін гид, такси қызметінен бастап басқа да қажетті ақпараттарды анықтай алады. Сондай-ақ жол нұсқаушы гидтердің жұмысын цифрландыруға басымдық беріліпті. Алда әлі біліктілігі бар гидтер мен экскур­со­водтардың бірыңғай ақпараттық базасы қалыптасады. Кейін мұндай гид­тарға арнайы бейдждер үлестіріліп, олар сол бейдждің көмегімен туристерді музей, ұлттық парктерге және басқа да орындарға алып бара алады. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін арттыруға басымдық беріліп жатқанын айттық. Сонымен, былтыр негізгі капи­талға салынған инвестиция көлемі 787 млрд теңгеге жеткен. Бұл дегеніңіз, ал­дыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Жалпы, статистика көңілден шық­қанымен, инвестиция бойынша Маң­­ғыстау, Түркістан Қызылорда, Ұлы­тау облыстарында теріс динамика бай­қалыпты.

Биыл туризмді дамытуға тікелей ық­пал ететін іс-шаралар жоспары ауқым­ды. Мысалы, 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Сонымен, 28-29 наурызда Бейжіңде мере­келік іс-шаралардың ашылу салтанаты басталса, жыл ішінде туризмнің түрлі бағыттары бойынша апталықтар өткізу жоспарланған. Сондай-ақ қыркүйекте елордада Бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Додаға әлемнің жүздеген елінен 4 мыңға жуық қатысушы келеді деген ақпар бар. Біле білгенге бұл тек спорттық аламан ғана емес, оқиғалы туризм. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алыс-жақын елдерден келген қонақтарға еліміздің өткені мен бүгіні жайында хабар беретін тарихи-мәдени орындарды таныстырып, көрікті өлкелерге саяхат ұйымдастыруға әбден болады.