Иә, 1968 жылы экранға шыққан Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмі көптің көзайымына айналды. Арада жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де, туындының көрермені көбеймесе, титтей азайған емес. Тіпті қайталап көретін көрушісінің өзін алғаш тамашалап отырғандай таңғажайып әсерге бөлеп, экран алдынан тапжылтпайтын комедияның бар құпиясы оның шынайылығында жатса керек.
Бірі білсе, бірі білмес, Тана апа – КСРО халық әртісі Әмина Өмірзақова үшін арнайы жазылған рөлдің бірі. Оны Шәкен Аймановтың: «Әминажан, мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым. Бұл – комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың. Осы күлкіңнен айырылма!» деп жазған хаты да растайды.
Шынымен де, фильмдегі Әминаның күлкісі – киноның көркін ашқан ұтқыр кадрлардың бірі. Сол ғажайып күлкісімен, сол шынайы бейнесімен көп есінде мәңгілік жатталған актриса экрандағы күллі аналардың эталонына айналғандай.
Бір қызығы, айтулы фильм ешқандай дайындықсыз түсірілді. Көп ішінен талассыз таңдалған актриса Шәкен Аймановқа жалғыз-ақ өтініш айтады. Ол сценарийдің қазақша мәтіні еді. Бірақ пайым-парасаты ерекше режиссер: «Ештеңе етпес, бұған дейін де орысша фильмдерде ойнадың ғой. Осы жолы да ойнайсың», деп кесіп айтқанымен, Әминаға: «Басты рөлді қалай сомдағың келеді, солай ойна!» деп толықтай еркіндік береді. Осылайша, Өмірзақова фильмдегі Тана апаның бейнесін өзі жанынан шығарып ойнап, кейіпкеріне өлмес өмір сыйлады. Ал күлкісі классикаға айналды.
Десе де сахна мен экранда кемелдігі келіскен керемет бейнелерді кейіптеп, есімі аңызға айналған актрисаның ә дегеннен өнер әлеміндегі жолы ашық болды десек, қателесеміз. Теңдессіз Тана бейнесіне дейін өнердің талай кедір-бұдырын көріп, саясаттың салқынын сезді. Ленинград мемлекеттік театр институтын ойдағыдай тәмамдап, табақтай дипломымен алып-ұшып Алматыға келген кезде оны халық жауы атанып, жазықсыз жазаланған ағасы үшін ешкім жұмысқа қабылдамады. Ал жаны өнерден алыс кете алмаған актриса амалсыз киностудияның монтаж бөліміне жұмысқа орналасуға мәжбүр болды. Бірақ бір ғана сәт Өмірзақованың өмірін түбегейлі өзгертеді. Ол Әминаның әйгілі режиссер Григорий Рошальмен кездесуі еді.
Оқиға былай болыпты. 1945 жылы Григорий Рошаль «Абай әндері» деп аталатын картинаны түсіруге кіріседі. Үміткерлерді іріктеу басталған. Басты рөлден екі үміткер дәмелі. Бірі – Шара Жинеқұлова болса, екіншісі – Нұрсұлу Тапалова. Бірақ атақты кинорежиссер бірде киностудияда жүрген көзі өткір көрікті қызды көреді. Ол Әминаның «Қаһарлы Иван» фильмінің монтажымен әлек болып жатқан кезі болса керек. «Мұндай өткір көз шұбатылған кинотаспаларға тесіле қарап, оларды қиып, желімдеу үшін жаратылмаған. Бұл көз кино үшін жаралған», деп түйеді. Сөйтіп, режиссер оның суретін бірден сценарий авторы Мұхтар Әуезовке көрсетеді. Сөз зергері суреттегі бейнені жақтырмай: «Манауың тіпті пұшық мұрын ғой», деп жаратпайды. Сол кезде режиссер фотодағы Әминаның бетін қолымен басып, көзін ғана ашық қалдырады да: «Бізге мұрын емес, көз керек», дейді. Осылайша, көркемдік кеңес Әминаны жаңа картинаның басты рөлін сомдауға бекітеді. Ол сәтті актрисаның өзі былайша еске алады:
«Менің мұрнымды арнайы қарашірікпен қатырып тастады. Тек камера түсіретін кезде ғана сөйлеуге рұқсат берілген. Қалған кезде сөйлеуге болмайды. Тіпті тамақ іше алмай, күні бойы аш жүрдім. Себебі аузыңды қимылдатсаң болды, жасап қойған мұрның шытынап кетеді».
Өнер әлеміне келу жолы осындай түрлі қиындыққа толы болғанына қарамастан, актриса «Абай әндері» фильмінің басты кейіпкерінің кілтін адаспай тапты. Кинодағы міндетін мінсіз атқарып шыққан соң, ол көрерменіне ұнап, Әмина Өмірзақова есімі көпшілікке танылды. Бұл рөл актрисаны үлкен жетістіктерге бастады. Оның өнеріне көптеген режиссерлер тәнті болды. Осылайша, кино мен сахна актриса өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. «Абай әндерінен» кейінгі тудырған «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Гауһартас», «Мама Роза» сынды картиналардың барлығы да бүгінде қазақ кинематографиясының құнды қазынасы. Ал Өмірзақованың өзі болса, шынайылығымен шығармашылықтың шыңын бағындырып, керемет күлкісімен аңызға айналды.