Әдебиет • 22 Ақпан, 2024

Алыпханның ажалы

146 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Мешкей» романы ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы халық тұрмысындағы орын алған жағдайлар мен елдің ертеңіне сенбейтін құлдық құрсаудан әлі арыла алмаған жүйені, сондай-ақ бар мақсатын ақша табуға арнаған адамдар бойындағы ашкөздік, тойымсыздық сынды пиғылдарды суреттейді. Роман идеясы бас кейіпкер Алыпхан образына жинақталып жеткізіледі.

Алыпханның ажалы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Үйелмелі-сүйелмелі он баласымен қалаға келген Алыпханның бар мақсаты отбасын асырау, соларды то­йып тамақ жейтін күнге жеткізу ғана болатын. Нарық заманы, қаланың қатыгез тірлігі бұларға жылы құшақ ашып тұрмағаны белгілі. Жанбағыс үшін әйелі Бифатима екеуінің жалданбаған жұмысы жоқ. Бар тапқаны ішіп-жеуге де жетпейді. Әрі балапанын шұбыртқан ата қаздай пәтерден пәтерге көшіп жүріп, ақыры жертөледен аз биік екі бөлмелі пәкене қоржын тамға қолы жетеді. Бас кейіпкер отағасы Алыпхан шарға бойлы, қоян сүйек қудай арық жан болғанымен, тамаққа тоймайтын мешкей, оппаның өзі еді. Сөйтіп жүргенде тәлейі оңынан келіп бір бала­сы саудамен айналысып, күрт ба­йып шыға келеді. Жоқшылықтың зардабы әбден өткен бейшара отбасы ендігі жерде не ішем, не кием демейтін байлыққа белшесінен батады. Тойып тамақтанудан басқаға көңілі тартпайтын отағасы мешкей Алыпхан тойғанша тамақтанып, аз күнде-ақ күптей болып семіріп, домаланған тұлыпқа айналады. Ақыры баласының құдалығына барғанда обырлықпен қомағайлана жеген тамақтан қарыны жарылып өледі. Бұл – жазушының идеялық шешімі.

Алыпхан – сатиралық астары терең символдық образ. Оның ашқарақтық, обырлықпен балаларының асын ұрлап, жырмыштап жейтін әрекеті арқылы өз халықының нәпақасын, елдің байлығын жырымдап, ұрлап жеуді ар көрмейтін билік басындағы жемқор, тоғышарлардың бейнесін ажуалы тілмен суреттеп береді. Алыпхан үшін өмірдің бар мәні – қарын тойғызу. Еңбектенуді жаны сүймесе де, амалсыз тамақ үшін ғана әрекеттенеді. Кісі өліміне байланысты сақшы жағынан тергеуге алынғанда да, тегін тамақ беретін түрмені еркін өмірінен артық көреді. Алыпханның санасында өз отбасынан өзге туыс-туған, ел-жұрт, отан дейтін таным мүлде жоқ. Осы шарға бойлы пәкене жанның бойынан адамға тән дос, туыс деген мейірбандық сезім, адамгершілік, ар-намыс, махаббат, қайырымдылық деген ізгі қасиеттерді мүлде кездестіре алмайсыз. Сеніп араласатын бірде-бір адамы, не ауылдан соңынан іздеу салар тырп еткен жан да жоқ. Ақыры талай жыл өтіп, «Домаланып толған шағында» туып өскен ауылына барады. Ағайын-туғанын, дос-жаранын, ауылын сағынып емес, өзінің ақшалы болғанын, болып-толғанын мақтан етіп, көзқылып келуі үшін барады. Алайда ауылдан оларды қарсы алып, емешегі үзіліп сағынған жан шықпайды. Міне, осыдан ақ бас кейіпкер Алыпханның қандай адам екенін аңғарамыз.

Романда Алыпханның өз мүддесі дегенде барлығын сатып кете беретін сорақы қылығы мына эпизодта реалистік тәсілмен бейнеленген: «Төленбеген мың сомдары әлі тұр. Оны да ойлап, кейде сыбырласып, кейде күңкілдесіп, араларында аз-кем жүз шайысу да шығып қалып жүрген кезде әлгі мың болғыр көршілерінің ойда жоқта қайтыс бола қалғаны. Сонда өзге көршілері жылап қайғырып жүргенде, бұл екеуінің қуанғанын көрсең... Қуаныш деген де өзгенің басындағы қайғысына қарамайтын арсыз нәрсе екен-ау. Марқұмның денесін шығарғанда, жерлегенде өзгелер аһ ұрып күрсініп, жылап-сықтағанда бұл екеуінің қуа­ны­штан көздері оттай жанып жүрді. Қарқылдап күлгілері келді, жарқылдап сөйлегілері келді. Үйлеріне жеткенше әзер шыдады-ау. Сонымен сол күннің кеші мен түнінде бұлардың үйінде жеке-жеке, екеу-үшеуден шуылдасып ән айтқанда, жаман үйлері көшіп кете жаздады. Балаларына әндеріңді доғарыңдар деп ұрсайын десе, Алыпханның өзінің де кеудесін бір ғаламат ән кернеп тұр. Балаларды былай қойғанда өзін-өзі әзер тоқтатты. Марқұмның артында расында да ешкімі жоқ екен. Сол күні де, кейін де, бұларға «сендер сол кісіге қарыз екенсіңдер ғой» деген жан да болған жоқ. «Әйелі мен екеуін қойшы... Соның бәрін әлгі шуылдақ балалардың білгенін айтсаңшы...» деген суреттеулерден жалғыз Алыпханның ғана қарақан басының қамы үшін неге болса да арланбай баратын тоғышар, сарамес, көзқамандығын көрсетіп отырғаны жоқ, жазушы Алыпханның он баласын атап өтуі – қазіргі нарықтық қоғамда осындай жандардың көптеп өсіп келе жатқанын символдық ишарамен көрсетуі еді. Алыпхан – бүгінгі нарықтық заманның өз туындысы, қоғамның паразитке айналған жиір­кенішті кеспірін көрсететін жинақ­талған типтік образ. Жазушы мұндайлардың күн сайын өніп, көбейіп келе жатқанын Алыпхан басындағы оқиғалар арқылы ашады.

«Мешкей» романы жанрлық жағынан сатиралық романға жатады. Роман тілі қарапайым. Былай қарасаң бәкін-шүкін түкке тұрмайтын оқиға сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бас кейіпкер Алыпханның психологиясын ашатын оқиғалардың астарында көптеген қоғамдық мәселелер әдіптелгенін байқатады. Жазушы тілінде шағын эпизодпен сипалап отырып сойып салатын шеберлік, айтарын бейне құмның суы сияқты тереңге көметін суреткерлік бар. Жазушы бас кейіпкер Алыпханның көрбілте сауатсыздығын, ұсақ тірліктің адамы екендігін, қоғамдағы болып жатқан өзгеріс, жаңалықтардан мүлде хабарсыздығын шағын эпизодтар арқылы береді. Мәселен, көбінесе ас үйдің шаруасына, ыдыс-аяққа назар аударып жүретіні, оның тек тамақсаулығы ғана емес, тірлігі де соның айналасында екендігін паш етеді. Құдалыққа барған Алыпхан сөзді неден бастарын білмей ыңыранып, ас төңірегінде ғана бірдеңе айтқан болады. Оның орайсыз ет алған тұлғасына қарап әрі әңгімеге араласпай өз бетімен сабаз отыратын бейнесін көрген өзгелер, оны бұрын үлкен лауазымды қызмет атқарғандығынан қалған әдет болар деп топшылайды. Іс жүзінде әңгімеге араласа алмауы оның сауатсыздығынан, ешнәрсенің парқын білмес ноған­дығынан екендігін бір көрген жұрт байқамай да қалатын. Бұл эпизод арқылы оның сауатсыздығын көрсетсе, бір жазушының кітабын оқымаса да, үйіне сәнге тізіп қойсам деп ойлап, бір кітап үшін оған артық ақша ұстатуы, көшедегі қайыршыларға садақа бергеннің орнына ақшасын көрсетіп мақтан қылатын күлкілі әрекеттері Алыпханның қайырымсыздығын, атаққұмарлығын көрсетеді. Жазушы Т.Нұрмағамбетов өз кейіпкерінің пси­хологиясына мұқият үңіліп, оны әр жағынан толық аша білген. Алыпханның әйелі мен балалары да, оның айналасындағылардың ой деңгейі, тірліктері дерлік ұқсас бір мақсаттың адамдары екенін көреміз. Барлық мұраттары тек заттық дүниенің айналасына құрылған қоғамда адамгершілік пен рухани байлықтың, өнердің кейінгі қатарға сырылып қалатынын әрі рухани байылықтан жүген ұстаған қоғамның тартар жазасы мен қасіреті мұнан да ауыр екенін дәлелдейді. Жазушы осы бір обыр, мешкей жанның образы арқылы қоғамдағы тойымсыздық, жемқорлық, жалған атаққұмарлық секілді жат, жексұрын пиғылдарды жеріне жеткізе әжуалайды.

Қорыта айтқанда, Т.Нұр­мағам­­бетовтің «Мешкей» романы қазіргі қоғам шындығын реалистікпен суреттеген, қазақ прозасында сатиралық тілдің қолдануы классик жазушылардың жасампаздықтарында кездескенімен, бұл тәсілді өз шығармаларында мол керекке жарата білген жазушы сирек. Прозаға юморлық тілді енгізу, оны жымдастыра қолдану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Юмор – жазушының тілдік табиғатында ежелден бар тума қасиет. Кез келген жазушы оқырманын тарту үшін күлкілі эпизод, юморлық тіл қолданғысы келеді. Алайда жазушының шеберлігі жетпесе әрі бұл жазушының туабітті қасиетіне айналмаған жағ­дайда жазушының бұл тәсілді еркін меңгеріп кете қоюы екіталай. Жазушы Т.Нұрмағамбетовтің кейіпкерлері дерлік қарапайым адамдар. Сол өмірдегі қарапайым пенделер арқылы қоғамның мінезін, мінін көрсетіп, жеңіл юморлы тілмен шындығын жайып салып отырады. Әр шығармасы шынайылыққа, сыршылдыққа толы. Шағын деталь арқылы үлкен идеяларды көтере алуы – жазушы жасампаздығына тән ерекшелік. Әсіресе оқиғалар астарында қоғам, адам мінездеріндегі жағымсыз, жат қылықтарды сынап тұрғаны көрінеді. Сатиралық тәсіл – бірі тілінде ашық қолданса, екінші жағынан оқиға астарына, идеясына мол сіңірілген. Бұл жағынан келгенде, қазақ прозасында Бейімбет Майлиннен кейін сатира мен юморды өз шығармаларына мол енгізіп, жазу стиліне айналдыра білген бірден-бір жазушы – Т.Нұрмағамбетов. Жазушының «Мешкей» романы да осы биіктен көріне алған таңдаулы шығармалардың бірі.

 

Талдаубек Әшімхан,

әдебиеттанушы, PhD