Шетте жүріп шерменде болған ұлы Дешті Қыпшақ баласы тарихының сахнадағы көркем шежіресін тарқату дәстүрін Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры қолға алып, «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» деген атаумен көрерменге өрнегі өзгеше спектакль ұсынды. Жаңа премьера алдында театр әкімшілігі мен қойылым режиссері ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы ауқымды баспасөз мәслихатын өткізді. Кейінгі жылдары шығармашылықтағы ізденісі саундрама жанрында жарқырай көрініп жүрген режиссер Фархад Молдағалидың әр қадамын қадағалап, спектаклінен жаңалық күтуді көрермен дағдыға айналдырған. Танымал режиссердің ән мен күйді, дәстүрлі өнерді негізгі бағыты етіп алған «Алатау» театрына келіп Бейбарысты сахналауының өзі жаңалық болса, «формалық ізденіске басымырақ мән беретін режиссер қолбасшыны қай қырынан танытты екен?» деген көкейін тескен сұрақпен тілшілер жасырын жаңалықты көруге асықты.
«М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрында, басқа да облыс театрларының сахнасында бұған дейін де Бейбарыс сұлтан тақырыбына арналған спектакльдер қойылды. Бірақ біз ол шығармаларды қайталағымыз келмеді. Екіншіден, спектакльдің 70%-ы үнсіз, тілсіз жүреді. Батыр Бейбарыс өзіме тілді, сөзді қажет етпейтін тұлға болып көрінді. Бейбарыс сұлтан туралы жазылған шығармаларда жусан иісі, сағыныш, туған жерді аңсау сарыны басымырақ көрінетін. Осы жолы бұл таныс сарын басқаша көрініс тапты. Мән-мағынасы, концепциясы өзгеріске ұшырады. «Шыңғыс хан біздікі, Бейбарыс біздікі» деген әңгіме тудырып, сол төңіректе қызылкеңірдек болып айтысып, таласқанды тәуір көретін елміз ғой. Бейбарыс та даңқты қолбасшылардың бірі. Бейбарыс құл болып келді, кейін әмірші болды. Барша мұсылманның, Ислам мемлекеттерінің қорғаушысы болғаны, Бағдат құлап, Сирия құлап, бүкіл мұсылман елдері жермен-жексен болып жатқанда, ең соңында Мысырды құтқарып қалған Бейбарыс болатын. Оны өзімізге икемдеп, қыпшақ баласы деп қана қарап, Қазақстан аумағымен салмақтайтын болсақ, оның тұлғасы кішірейіп қалады. Онда Бейбарыс жаңалық болмайды. Ол – әлемдік тұлға. Біз осыны көрсеткіміз келді. Әрине, тарихи тұлғаға өз кезеңіміздің көгінен көз саламыз, заманауи сипат береміз. Даңқты тұлғаның жасаған ұлы істерін ұрпақ білуге тиіс», дейді «Мәмлүктің» режиссері Фархад Молдағали.
Қойылым режиссері спектакльдің белгілі бір драматургтің пьесасы желісімен қойылмағанын бірден ескертті. Авторы жоқ шығарма режиссердің қиялындағы әртүрлі үзік суреттердің жиынтығынан шағын композиция құрған. «Мәмлүк» шиеленіске бастайтын шым-шытырық оқиғадан ада, Бейбарыстың құлдыққа сатылуы, қайықта ескек есіп, кіре тартқаны, мәмлүктер топтасып, жасақ құрып, сол жасақтың мықты жауынгері болып жүріп, Мысыр билеушісінің маңайынан табылып, кейін өзінің әміршілікке қол жеткізуі тізбектеле келе бір ғана түйінге тіреледі – билік. Араб жеріне келгеннен кейін мәмлүктердің айналысар шаруасы екеу-ақ: күндіз-түні найза, садақ, семсер секілді қарумен жауынгерлік шайқасқа әзірлену және бес уақыт намаз оқып, Құдайға құлшылық жасау. Намаз оқып, соғысқа дайындалудан басқа мәмлүктерде мақсат жоқ. Мысырға барған соң мұсылманшылықтың отаны болған елде намаз парызын орындап, мешіт салғаннан басқа абыройлы іс те болмауы мүмкін. Бір есептен қыпшақ баласы бөгде елде шалыс басып, адасып кетпей, тақуалықты, таза жолды таңдады деген ойды ишарамен білдіргені болар деп түсінейік. Бірақ қазақ қасиет санаған қастерлі қара қазанды суға толтырып алып, 4-5 сарбаздың жуынып, дәрет алып отырғанын қасақана қиғаш ойлайтын қиямпұрыс біреу болмаса, ақылы бүтін адам ақтар ма екен? Қазақ пен қазан – егіз ұғым. Қазанын берсе, ырыс-құтым қоса кетеді деп адалдап ас ішіп, шаңырақтың берекесіне балаған қазанды қорлағандай, аяқ-қол жуатын астауға айналдырып, ол аз болса, сахнада екі рәкәт намазды асықпай орындап шыққаны тым асылық болды. Сахнаның тас қабырғасында Жаратушының 99 есімі кезегімен жазылып, ол жас сарбаз Бейбарыстың рухани өсіп, кемелденіп келе жатқанын білдіргенімен, зайырлы елдің театры төрінен орын алатын құптарлық іс емес. Қазақ қоғамында қазіргідей діни ахуал қабынып тұрған кезеңде Ислам жоралғысын сахнадан жарқыратып қарадүрсін детальмен ашық көрсету мысықтың құйрығына от қойып, қурап тұрған қалың қамыстың ішіне қуалап кіргізгендей аса қауіпті. Жат жерде жағдайы болмай, жанын әрең бағып жүрген мәмлүктерде қазан құманның да міндетін атқара беретін болар. Бірақ мәмлүктің заманында солай болған екен деп «көзбен көріп, ішпен білетін» нәзік мәселені «дәстүрлі» деген мәртебе иеленген театрдың өзі дәл осылай дәріптегендей болса, бұл спектакльді әлі сан-саққа жүгіртуге себеп болады. Адалдық пен ізгілікті ту еткен өнердің алаңында жетпіс жеті ағымның айқасына емін-еркін жол ашылып, ұлттық мүддемізді тулақ етті дегеніміз жөн шығар.
Бейбарыстың теңіз кешіп, ескек есіп құлдыққа келген алғашқы сахнасынан бастап оқиға «желісі» қоюлана келе, пьесаның мәтінсіз жүретіні түсінікті болған еді. «Қазір диалог болып қалады», «Міне, осы арада қалай да мәтін араласады», деп сөз шіркінді сонша күткенімен, кейіпкерлер жалғыз ауыз сөзге зар етіп, көрерменнің шыдамына, бәлкім шамына тие бастайды. Актерлер тілсіз. Мәтінсіз, сөзі жоқ спектакльдегі қимыл-қозғалыстан мағына іздеп, әр әрекетті қалт жібермеуге тырысып, сілейіп отырған көрермен. Бірте-бірте әуен мен әрекеттің қабысуынан спектакль ырғағы екпін ала түседі. Бұған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының этно-фольклорлық ансамблінің шығыс музыкасының шырайын келтіре дүбірлеткен жанды сүйемелдеуінің де тікелей әсері болмай қойған жоқ. Пластика, театр әртістерінің дені жұмылдырылған көпшілік сахнасының ауқымдылығы, олардың сахна ырғағын сезінуі, жарық, киім, осының бәрі спектакльдің қуатын арттырып, эстетикалық құндылығын үстемелей түсті. Кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы диалогсіз-ақ әрекет үстінде ашылып жатты. Театр сахнасы кеңістігіндегі қимыл мен қозғалыстың әсері қандай болатынын көрермен жетесіне жеткізген драма болды бұл. Әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, дәстүрлі өнерді дамытып жүрген «Алатау» театры әртістерінің бір демде актерге айналып сала бергенін қоюшы режиссердің төрт айлық еңбегінің нәтижесі деп қабылдадық. Арасындағы жалғыз кәсіби актер, спектакльдің негізгі жүгін арқалаған Әсет Есжан нағыз Бейбарыстың өзі болып құйылып түсті, ал қартайған шағындағы қолбасшы Бейбарысты сомдаған Оңдасын Бесікбасов та кәсіби қырымен танылып, ешкімге есе жібермейтін жауапкершілігі бар еңбек жасағанын көрсетті. Жалпы, құрылғалы бері ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, өз бет-бедерін іздеумен келе жатқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры дәл осы «Мәмлүк» қойылымы арқылы өзінің рухани әлеуетін, қарымын, бедел-білігін көрсетуге мүмкіндік алғанын да айта кеткен абзал. Сондай-ақ Фархад Молдағалидан өзге қимыл мен әрекетке құрылған ұжымдық туындыны биік деңгейде қоюға күш салған пластика режиссері Шырын Мұстафинаның, хореограф Әділет Таменовтің, композитор Серікжан Айтқалиевтің, костюм суретшісі Алма Сырбаеваның, саунд-дизайнері Дидар Исаханның да еңбегі көрермен тарапынан жоғары бағаланды.
«Harem» деген жазу көрініп, жұқа шілтерге оранған хор қыздары мың бұралып билей бастағанда, Бейбарыс ғашықтық дертіне шалдығып, махаббат линиясы пайда болардай ұмсындырған. Жоқ. Анасы түсіне кіріп, буалдыр сағым арасынан көрініп, бауырына басып, басынан сипаған. Сағыныш сазы төгіліп, ана тілінде шырқалған халық әнімен бірге туған елін, жерін аңсап, махаббаты жүрегін кернеген болар деп көрермен бірге егілген. Жоқ. Қоюшы режиссердің көзқарасында мұның бәрі маңызды емес. Бейбарыс бала күнінен құлдыққа түсті. Оған туған жер деген ұғым түсініксіз. Түсініксіз тілде құлағына дауыстар келеді. Бірақ оның қанында батырлық бар. Жауынгер жүрегінің айбаты бар. Өзінің кім екенін білмейтін, қайдан шыққанын таба алмай жүрген бозбаланың Мысырды билеген ұлы тұлғаға айналған қайраткерлік жолы спектакльдің нағыз лейтмотиві болып шыққан.
Бейбарыс сұлтан рөлінде көрінген Әсет Есжан мен асатаяқ ұстап еңкіш тартқан қарт ұстазы, дәруіштің бейнесін кейіптеген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин арасындағы диалогтер шымыр өрілген. «Құдай өзінің құлдарының қамын маған сеніп тапсырды», дейді Бейбарыс. Ұстазы: «Ол рас. Көптің ішінен сені таңдады сұлтан қылып, әмірші қылып. Бұл Құдайдың саған түскен мейірі ме, әлде жазасы ма? Билікке жету үшін батылдықтың қажеті жоқ. Шын батылдық – билікті біреуге беру. Бәріміз де Құдайдың құлымыз. Ал құлдардың ішіндегі ең басшысы – ел билеген адам. Өзің соны байқамайсың ба? Сенің құл болған кезің мен әмірші болған кезіңнің арасының айырмашылығы бар ма? Құлдардың елінде патша пайда болмайды». Бірсыдырғы әсері бар мұндай монолог, диалог спектакль соңына қарай тіпті екпін алып, түйдегімен ағытылады. Тіпті шәкірт пен ұстаздың бастырмалатып жібергені сондай, шөл далада қаталап келе жатып бір шелек суды сіміріп салғандай, үнсіздікке үйреніп, тылсымға еніп отырғанда, түйінді сөзді көп көрерменнің санасы қорытып үлгермей де қалды. «Билік қорқақ адамға ғана керек. Өзінің айналасындағылардан қорқатын, өзіне бойұсынуын талап ететін адамға керек. Бүгін Алла сені таққа отырғызды, ертеңнен бастап кім сатқындық жасайтынын үреймен күтетін боласың. Алтынның үстіндегі ұйқысыздықтан сабанның үстіндегі тәтті түс артық». «Сен – мәмлүксің. Өткен өмірі жоқ адамсың. Қамалды қайтесің, сен оларға мешіттер сал. Қоластыңдағылар алғыс жаудырады, тыңдайтын болады. Қамал деген жай әншейін қорғап қана қоймайды, қамап та тастайды. Кім біледі, күндердің күнінде сенің алынбас алып қамалың ең үлкен түрмеңе айналуы мүмкін», «Билік адамды құл етеді», «Құл ғана билікке құмартады» деген бүгінгі күнде де салмағын жоғалтпаған сөз оралымдары жанды жердің нүктесін дәлдеп тұрып басады-ақ. Бірақ әттең, әттең... сахнадан саңқылдап айтылғанда, құлақты тіліп түсетін публицистикалық қарабайыр стиль сауатты редактордың әдеби өңдеуіне сусап-ақ тұр немесе алдағы қойылымдарда режиссер кәсіби драматургтің көмегіне жүгінсе, жеңіл тартқан мағынаға жан бітіп, қорғасындай құн қосар ма еді?..
Билікке қолы жеткендердің көзін шел басады, оны өмірінің мағынасына айналдырып, сол сиқырдың соңында елігеді. Тіпті бүгінгі ауыл әкіміне дейін өзін жарты Құдай сезінеді. Олар елдің қызметшісі болуы керек еді, алайда үлкен-кіші билік иесінің бәрі биліктің құлына айналып кетті. Адамдардың қанын судай шашып, балаларды жетім етіп, шартарапты соғыс өртіне орап, әлемді мазасыз күйге ұшыратқандардың түпкі мақсаты да билікті шексіз сүюден басталып отыр. «Мәмлүк» биліктің құлына айналғандарды ауыр айыптады. Соққының бәрі «басқа елде сұлтан болған» Бейбарысқа тиді. Бірақ мұндағы ұлтандар ести ме екен оны? Қиырда жүріп батыр атанғанның отаншылдығынан үйреніп, үлгі етер ме екен? «Мәмлүк» – таптаурын танымнан ада, әдепкі сахна әдебінен саналы түрде бас тартып, Бейбарысты тану жолына ұмтылған тың ізденіс. Бейбарыстың жанкешті ғұмыры мен ерлігі жастарға жігер берсе игі...
АЛМАТЫ