Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өзгеріс қашан басталды?
Сол кезеңде қандай өзгеріс болуы мүмкін, қай мамандыққа сұраныс жоғары, алғашқы тестілеу қорытындысы қандай мәселенің барын көрсетті, болашаққа бағдар беретін ақпаратты қайдан табуға болады? Талапкерлерде туындаған, олардың ата-аналарын алаңдатқан осы және өзге де сан сұраққа жауап іздеп көрдік.
Ұлттық бірыңғай тестілеу тарихындағы екі үлкен реформаны айрықша атап өтуге болады. Оның бірі – 2017 жылдан бастап аталған тестілеу тек жоғары оқу орнына түсу емтиханы болып бекітілгені. Оған дейін естеріңізде болса, ҰБТ-ға барлығы байланып қалған еді, оның нәтижесі «Алтын белгі», «Ерекше аттестат» алуға, мектептегі емтихан қорытындысына, тіпті аудандар мен облыстардың білім сапасындағы рейтингіне ықпал ететін. Мұның бәрі тестілеуде объективті бір нәтиженің шығуына кедергісін келтірді. Осыған орай, 2017 жылы маңызды шешім қабылданып, ҰБТ-ның нәтижесі жоғарыда аталған ешбір мәселеге, тіпті мектептегі қорытынды аттестатқа да әсер етпейтін болды.
Бүгінде тестілеу аяқталғаннан кейін баланың нәтижесі мектепке, білім бөлімдері мен басқармаларға берілмейді, қорытындыны баланың өзі ғана жеке кабинетінде көре алады. Екінші елеулі өзгеріс – Ұлттық бірыңғай тестілеу форматының қағаз нұсқадан электронды нұсқаға ауыстырылуы. Компьютерлік форматқа өту тестілеуді жылына бірнеше рет өткізуге мүмкіндік берді, бұрын талапкер тестілеуді жылына тек бір-ақ рет тапсыра алатын. Электронды нұсқаға өту тестілеуді ұйымдастыру сапасын арттыруға да әсер етті, айталық, тест тапсырушы нәтижесін бірден көре алады және қорытындысымен келіспеген жағдайда сол жерде, тестілеу аяқтала салысымен аппеляцияға бере алады.
Грантты қуған үміткер
Ұлттық тестілеу орталығының дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта үміткерлердің басым бөлігі «физика-математика» комбинациясын таңдайды. Мұның себебін грантқа түсу мүмкіндігінің молдығымен байланыстыруға болады. Мемлекеттің грант бөлу саясаты бойынша тегін жоғары білім алуға берілетін тапсырыстың 60 пайызы техникалық мамандықтарға қарастырылған. Өйткені елімізде техникалық мамандар жетіспейді. Алайда мұны ата-аналардың да, талапкерлердің де кейде дұрыс қабылдай алмай жатқанын көреміз. Бұлай деуімізге өз айналамыздан «Грант қайда көп, соған тапсыр» деп ақыл айтып жатқандарды жиі естігеніміз, көргеніміз себеп болып отыр. Шын мәнінде, техникалық мамандыққа гранттың көп бөлінуі кез келген адамның техникалық салаға баруы керек дегенді білдірмейді, өзі қалаған, осыған бейімі барлар таңдағаны дұрыс. Әйтпесе, кейін ұнамайтын пәнді, оны тереңдеп оқытатын мамандықты төрт жыл бойы оқудың өзі, одан кейін тіпті зейнет жасына дейін жаның қаламайтын салада жұмыс істеу өте қиын екені түсінікті. Осы мәселені ата-ана да, кейінгі жас буын да ұғына бастаған болар, әйтеуір қаңтардағы ҰБТ-да ғана «физика-математика» комбинациясы таңдаулылар тізімінде екінші орынға түсіпті. Орталықтың дерегі бойынша аталған комбинация 2017 жылдан күні кешеге дейін бейінді пәндер «бәйгесінде» бірінші орынды бермей келді. Неге екінші орынға түсті? Себебі бүгінгінің көш бастап тұрған дамушы саласы ретінде ІТ мамандықтарына түсу жастар арасында кең тарай бастады. Соған сай талапкерлердің көбі қазір де «физика-информатика» комбинациясын көбірек таңдайтын болған. Десе де, грант көп бөлінген мамандыққа көбінің жүгіруі «грант қуу» мәселесінің түбегейлі күн тәртібінен түспегенін, «сананы әлі де грант билейтінін» көрсететін сыңайлы.
Былтырғы қорытынды көрсеткішке қарай айтсақ, грант конкурсында ең жоғары бәсеке педагогикалық мамандықтарда болып тұр. Мысалы, 2023 жылы 94 мыңға жуық талапкер грант конкурсына құжат тапсырған екен. Соның 23 500-і, яғни әр 4-үміткер педагогикалық мамандықты таңдаған. Сұранысқа сай бәсеке де, шекті ұпай көрсеткіші де артты. Айталық, былтыр «математика пәні мұғалімі» мамандығына грантқа түсудің ең төменгі ұпайы 140-тан 123 ұпай болған. Сонда 122 ұпай жинаған талапкер аталған мамандыққа грант ала алмады. Бұл – енді «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның қабылдануы, педагогикалық мамандықтардағы студенттердің стипендиясын арттыру, педагогтер жалақысының еке есе өсуі секілді кешенді жұмыстың жемісі. Сондай-ақ әр грантқа осындай бәсеке болу үшін кешенді жұмысты қажет ететінінің көрінісі. Әйтпесе, 50 ұпайдан сәл жоғары жинап та грант көп бөлінген мамандыққа түсіп кететіндер, кейін сол салада жұмыс істемейтіндер көп.
Биылғы жаңалық
Биыл қандай жаңалық бар? Бұл сұраққа Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова:
– 2024 жылғы ҰБТ форматында негізінен өзгеріс жоқ, тек ішінара өзгерістер болды. Мәселен, сұрақтардың санында өзгерістер бар, бұрын оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ болса, биыл оның саны 10 сұраққа қысқарды. Ал сол екі пәннің әрқайсысынан алынған 5 тапсырма бейінді пәндерге беріліп отыр. Себебі талапкерге оқуға түскенде бірінші кезекте өзінің мамандығына негіз болатын бейінді пәндер бойынша білім қажет болады. ҰБТ-ның пәндері ішінде ең жоғары көрсеткіш оқу сауаттылығында болып тұр, былтыр негізгі тестілеу кезінде жалпы 162 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырды, сондағы оқу сауаттылығы бойынша келген сұрақтардың 81 пайызына дұрыс жауап берілген. Ең төменгі көрсеткіш – химия мен физикада. Ең жоғары көрсеткіш оқу сауаттылығында болып тұрғанына себеп те бар. Себебі онда осыған дейін 4 мәтін болатын. 100 сөзге дейін қамтылатын бірінші мәтінде 2 сұрақ, 250 сұраққа дейін қамтылатын екінші мәтінде 4 сұрақ келетін. Ең қиыны 3-4 мәтіндер еді. 400 сөзге дейін қамтылатын 3-мәтінде 6 сұрақ, 500 сөзге дейін қамтылатын 4-мәтінде 8 сұрақ берілді. Мектептерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген кездесулерде талапкерлер оқу сауаттылығы оңай пән болғанымен, мәтіндер уақытты жеп қоятынын жиі айтатын. Сол себепті олардың ойы ескеріліп, мәтіндер саны 3-ке қысқартылды. Бұл – балалардың оқу сауаттылығын төмендету емес, керісінше сапаға әсер етті. Мысалы, бір мәтіннен көп сұрақ шығарған сайын оның сапасы нашарлай береді, ал қазіргі белгіленген тәртіп бойынша 1-мәтіннен 2, 2-мәтіннен 3, соңғы мәтіннен 5 сұрақ келеді, – деп жауап берді.
Орталық өкілінің айтуынша, тестілеу пәндері (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, қазақстан тарихы, екі бейінді пән) өзгеріссіз қалды. 120 сұрақ, ең жоғары ұпай – 140. Оқырмандарда «Тапсырманың саны мен ең жоғары ұпай саны неге сәйкеспейді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жерде бейінді пәндердің соңғы 10 сұрағы – күрделі. Жалпы, ҰБТ-ға берілетін уақыт та өзгертілмеді, 4 сағат, яғни 240 минут беріледі.
– Осыдан 3 жыл бұрын министрлік тарапынан өте маңызды шешім қабылданды, бұл – ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар құрдастарымен бірдей ҰБТ тапсыру мүмкіндігі. Оларға қосымша тағы 40 минут уақыт берілді. Осыған қоса тестілеуді тапсыруға тіркелгенде өзінің қажеттілігін де қоса көрсете алады. Мысалы, көру қабілеті нашар талапкерлер бар, олардың қасында тест тапсырмаларын оқып беретін көмекші отыруға тиіс. Осындай көмекті қажет ететін балаларға тәуелсіз көмекшілерді әр өңірдегі мемлекеттік комиссия тағайындайды. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға берілетін сұрақтардың мазмұны да ерекшелігіне қарай құрастырылды. Өйткені мұндай балалар кейбір графикаларды, ұсақ жазуларды, диаграммаларды көрмеуі мүмкін. Соның нәтижесінде ҰБТ-ны тапсырып жатқан ерекше талапкерлердің қатары да соңғы жылдары үш есе артып отыр. ҰБТ тапсыру талаптарында, талапкерлерге тестілеу тапсыруға алып келуге тыйым салынған заттар тізімінде де өзгеріс жоқ. Тестілеуге мектеп формасымен келу де талап етілмейді, еркін, ыңғайлы формада келе алады, – деді Н.Дидарбекова.
Тегін оқудан да маңызды
Тегін оқу – әр талапкерге қуаныш сыйлайтын, олардың ата-анасы мен мұғалімдеріне мақтаныш сезімін ұялататын жетістік. Бірақ сол гранттан бұрын ойлауға, сараптауға, зерделеуге тиіс дүние бар. Бұл – өмір бойы, артық айту десеңіз, зейнетке дейін өзіне лайықты азық болатын жоғары білімге, одан кейінгі білімнің бәріне негіз болатын кәсіби бағдарды айқындау, болашақ мамандықты сенімді әрі дұрыс таңдау. Оны таңдау ішкі қызығушылықтарға ғана емес, нақты нәтижелерге, деректерге, сараптамаларға сүйеніп барып жасалғанда жемісті болатыны анық. Осы ретте біз үміткерлер мен олардың ата-аналары, оқушыларын дайындап жүрген мұғалімдер үшін бірқатар маңызды ақпарат легін ұсынғымыз келеді.
Оның біріншісі – ҰБТ қатысушыларына тестілеу нәтижелеріне жеке тақырыптық талдау ұсынылатынында. Деректермен емтихан аяқталғаннан кейін бірден танысуға болады, бұл тестілеуге дайындық сапасын жақсартуға бағытталған. 2022 жылы тестілеуге дайындық сапасын арттыру мақсатында тестілеу нәтижелеріне жеке тақырыптық талдау енгізілген еді. Емтихан аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алады. Яғни тестіленушілерге жеке тақырыптар бойынша өздерінің әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік берілген. Талдау тестілеу аяқталғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде сақталады. Аталған талдау негізгі ҰБТ-ға дайындалу үшін ерекше маңызды. Орталықтың дерегіне қарағанда, бұл талдау түлектерге әр пән бойынша материалды игеру деңгейін бағалауға, қателік жіберілген тақырыптарды терең зерттеуге көмектеседі. Тақырыптық талдау талапкерлерге басты емтиханға сапалы дайындалуға көмектеседі.
Екінші. ҰБТ тапсыратын, болмаса соған қатысты әлдебір жаңалыққа елеңдейтін адамдарға Ұлттық тестілеу орталығының сайтында 2023-2024 оқу жылына тегін жоғары білім алуға қай мамандыққа қанша грант бөлінгені туралы мәліметтің бар екені жаңалық емес болар. Әрі биыл бітіріп, ҰБТ-ны осы жылы тапсыратындарға осы мәліметтің биыл жаңаратыны да белгілі. Бірақ бәрінен маңыздысы «ЖОО-ға түсушілерге» деген айдарда «2023 жылғы Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға арналған минималды ҰБТ балы» атты бөлім бар екенін, онда қандай мамандыққа қандай ұпаймен түсуге болатыны туралы толымды ақпарат тұр. Осыған қоса сол айдардағы «Бейінді пәндер комбинациясының білім беру бағдарламалары тобымен сәйкестігі» атты бөлімде қандай мамандыққа тапсыру үшін қандай пәнді таңдауға болатыны көрсетілген.
Міне, осы ақпараттың бәрін қорытып, оған қоса Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шығаратын білім бағдарламаларының рейтинг қорытындылары арқылы нарықта сұранысқа ие, жалақысы жоғары, болашағы бар мамандықтардың, қандай мамандықты қай университеттің сапалы оқытатыны туралы сараптамасына көз жүгіртіп, жан-жақты талқылап барып таңдау жасалса, ата-анада да, балада да, мұғалімде де болашаққа өкпесі болмайтыны анық. Өйткені бәрі де баланың бақытты болғанын қалайды.