Ғылым • 22 Ақпан, 2024

Қатерлі дертке қарсы вакцина

102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемде орташа есеппен 10 адамның 9-ы ұйқы безінің қатерлі дертімен қай­тыс болады екен. Бұл статистика 60 жылдың ішінде өзгере қойған жоқ. Ал ға­лым­дар жасап, сынақтан өт­кізіп жатқан мРНҚ вакцинасы операциядан кейін ісіктердің қайта дамуына жол бермеген. Осылайша қатерлі ісікке қарсы вакцина ерте сынақ кезеңінде алғаш рет оң нәтиже көрсе­те бастады.

Қатерлі дертке қарсы вакцина

АҚШ зерттеушілері ұйқы безі­нің қатерлі дертімен ауыратын 16 науқасты мРНҚ вакцинасымен емдеп көрген. Олардың жартысында ісіктер қайта дамымаған. Ме­дицинада ұйқы безінің қатерлі ісігінің толық емделуі екіталай нәр­се. Өйткені әдетте ісікті операция арқылы алып тастаса да, ол бір­неше айдан кейін қайта пайда бо­лады. Сондықтан ғылымдағы бұл жетістік сенсациямен тең.

Жалпы, қатерлі дерттің 200-ге жуық түрі бар. Кейінгі кездері мұндай аурумен ауыратындардың саны көбейіп барады. Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, алдағы 20 жылда онкологиялық аурулардың саны 70 пайызға жоғарылайды. Яғни әрбір бесінші адамда ісік дамиды екен. 2022 жылы әлем бойынша осы аурудан 9,7 миллион адам қайтыс болған.

Ұйқы безінің қатерлі дертін дер кезінде анықтайтын әдіс-тәсіл әзірге жоқ. Сондықтан көбіне асқынып кеткеннен кейін ғана диагноз қойылады да, соңы өліммен аяқталып жатады. Сонымен қатар қатерлі ісіктің бұл түрі тұрақты мутацияға бейім болғандықтан, емделуі де қиын. Ал мРНҚ технологиясы өлімге дейін апаратын қатерлі ісікпен күресте алғаш рет оң нәтиже көрсетіп отыр.

Алайда «Nature» журналында жарияланған зерттеу тек 16 науқасты вакциналау нәтижесіне негізделген. Дегенмен қатерлі ісікке қарсы вакциналарды жасау бойынша көпжылдық ізденісте серпіліс пайда болды. Гейдельбергтегі неміс Онкологиялық зерттеулер орта­лығының онкоиммунологі Нильс Халама бұл жаңалықты таңғаларлық дүние деп бағалаған. Сонда да ға­лым­дар вакцинаны жетілдіру керек деп есептейді.

Зерттеуді әлем ғалымдары бір­лесіп жүргізген. Алдымен Нью-Йорктегі Слоан Кеттеринг ме­мо­­риал­дық онкологиялық орталығының мамандары нау­қастан ісікті алып тастап, материалды Германиядағы BioNTech биотехнологиялық компаниясына жіберген. Онда ісік антигендер немесе неоантигендер деп аталатын мутацияларға тексерілді. Содан кейін әр науқасқа коронавирусқа қарсы мРНҚ вакцинасы сияқты, мРНҚ негізіндегі жеке вакцина жасалған. Ол адам ағзасындағы жаңа қатерлі ісіктерге қарсы иммундық жауап тудыруы керек. Вакцина BNT122 деп аталды. Дайын болған екпе науқастарға операциядан соң тоғыз аптадан кейін салынған. Нәтижесінде, сынаққа қатысқан сегіз науқаста иммундық жауап болмаған. Яғни қатерлі ісік қайталанған. Ал қалған сегіз науқаста иммундық реакция болып, жаңа ісік белгілері табылмаған.

Вакцина неліктен емделу­ші­лердің жартысында ғана иммун­дық реакция көрсеткені әлі белгісіз. Сондай-ақ ісігі асқынып кеткен, операция жасау мүмкін емес нау­қастарға көмектесе ме, жоқ па ол да беймәлім. Зерттеу барысында вакци­на ісігі жойылған науқастарға ғана салынған. «Шын мәнінде, ұйқы безінің ісігі әр науқаста әртүрлі болады. Яғни жеке ерекшеліктері бар. Сондықтан ем-шара бәріне бірдей әсер етпеуі мүмкін», дейді гастроэнторолог Томас Сеуферлейн.

Сарапшылардың айтуынша, нәтиже жақсы болса да, зерттеу шағын, бақылау мерзімі қысқа. Сон­дықтан оны қолданысқа енгі­зуге ерте. Жоғарыда келтірілген дәлел­дерге сүйене отырып, вакцинаны емдеудің жалғыз тиімді нұсқасы ретінде қабылдауға болмайды.

Бірақ мРНҚ зерттеушісі, иммунолог Вайсман: «Ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың алдында үлкен жұмыс тұр. Вакцинаны іс жүзінде қолданып көретін уақыт келді. Ол барлық қатерлі дертке оң әсер етпейтін де шығар. Алайда ұйқы безінің қатерлі ісігін емдеу үшін маңызды қадам болуы мүмкін», дейді.