Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Табыссыз қалғанға талғажау төлем

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өмір болған соң, кейбіреудің басында нәпақасын тауып отырған жұмысынан әртүрлі себеппен шығып қалатын жағдайлар болады. Бірақ ондай азаматтардың да құқығы қорғалып, белгілі бір дең­гей­де мемлекеттің қамқорлығына алынады. Мұның бір айғағы – жұ­­мысынан айырылған аза­маттарға берілетін әлеуметтік төлем­дер.

Табыссыз қалғанға талғажау төлем

Биылғы 1 ақпандағы дерекке сүйенсек, Мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына бай­ланысты әлеуметтік төлем алушы­лар­дың саны 79,1 мың адамға жетті. Бұл ретте биыл 25 мың адам­ға аталған төлем алғаш рет тағайын­далды. Төлемдердің жал­пы сомасы 5,7 млрд теңгені құра­ды.

Қолданыстағы заңнамаға сәй­кес жұмыстан босатылған жұ­мыс­­керлер міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесіне қатысу өті­ліне және кейінгі 24 айда­ғы табы­сына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айы­рылуы бойынша әлеуметтік төлем­дер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге eGov.kz порталында өтінімді жіберу қажет. Оларға бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл қызметті онлайн режімінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

МӘСҚ қаражаты есебінен жұ­мысынан айырылған жағдайда тө­ленетін әлеуметтік төлем жұ­­мыс­тан шығу себептеріне қара­мастан жүзеге асырылады және бұл жұмыссыз адамды жұ­мыс іздеген кезеңде қолдауға ар­нал­ған.

Мемлекет басшысының 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жол­дауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында былтырдан бастап жоғалған табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте төлем тағайындаудың ағымдағы тәртібі сақталды және жұмысынан айырылған және жұмыссыз мәр­те­бе­сін алған әлеу­меттік сақ­тан­дыру жүйесіне қатысу­шы­лар­ға ғана қол­да­нылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты. Бұл жұмыс­сыздарды тіркеу және азамат­тар­дың жұмыспен қамтуды қол­дау бойынша мемлекеттік қыз­меттерді, оның ішінде жұ­мы­сынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсім­дерін же­ңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.