Экономика • 23 Ақпан, 2024

Тері қашан теңгеге айналады?

383 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министр­лігі берген мәліметке сенсек, еліміз­де үш миллионнан астам тері өңдейтін 9 кәсіпорын бар.

Тері қашан теңгеге айналады?

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қауымдастық қауқары

Былтыр ірі қара немесе түксіз жылқы терісін өндіру үшін 65 099 мың шар­шы/дм тері өңделіпті. 2022 жылғы көрсет­кіш – 144 785 мың шар­шы/дм, сәйке­сінше өткен жылғы көлем 55 пайызға төмен. Тері кәсібіне қаты­сы бар мамандар елде тіркелген 9 өндіріс орны­ның бар­лығы дерлік жұмыс істейті­ніне сен­бей­ді. Олардың айтуынша, бірі тоқтап тұр, енді бірінің жұмысы шала-жансар.

Осы салаға қатысты өндіріс ошақ­­тары мен кәсіпкерлерге дем беру үшін 2012 жылы былғары шикізаты мен үлбі­рін қайта өңдеушілер қауымдастығы құрылған еді. Басты мақсат отандық тері өңдеу зауыттарын қажетті шикізат көлемімен қамту болатын.

«Қауымдастық құрыла салысымен мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдегі өңделмеген ірі қара мал терісін экспорттаудың «сұр схемаларын» анықтау және экспорттауға шектеу енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Сондай-ақ Үкіметке тері өнеркәсібін дамыту бойынша ұсыныстарын да айтып отырды. Соның бірі – сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі арқылы 2016 жылдың қарашасынан 2017 жылдың сәуіріне дейін алты айға шикізатты елден тысқары жерлерге әкетуге тыйым салуды енгізу болды. Алайда сол уақыттағы төраға Семушкин кенеттен қайтыс болып, қауымдастық жұмысы тұралап қалды. Ол ештеңе емес, 2019 жылдың екінші жартыжылдығынан басталған әлемдік былғары нарығындағы дағдарыс, одан кейінгі пандемия қауымдастық­тың ғана емес, еліміздегі барлық тері өңдеу зауытының жұмысын толығы­мен тоқтатты десек болады», дейді қауымдастық тізгінін 2022 жылдың наурызынан бері ұстап келе жатқан Нұрман Нүптекеев.

Айтуынша, зауыт пен шағын цехтың көпшілігі кеңес заманында былғары аяқкиім тігу өнеркәсібі өте жақсы дамыған Тараз және Семей қаласында орналасқан. Ол уақытта ірі ет комбинаттарының жанында да тері өңдеу зауыттары, аяқкиім фабрикалары болғаны белгілі. Семей, Жамбыл, Петропавл зауыттарын осыған мысал етсек болады. Қазір олардың жағдайы аса жақсы емес, дегенмен Үкімет тарапынан демеу көрсетілсе, жұмысы дөңгелеп кеткелі тұр. Тері бағасының құлдырауына байланысты бұлардың көбі несиеге белшеден батып, жұмысы тұрып қалған. Қауымдастық мүшелері де тек мемлекет қолдауы болмаса, басқа қауқар қалмағанын айтып, жылда дабыл қағып келеді.

«Мысалы, 3,3 миллион халқы бар Моңғолияда заманауи 34 былғары зауыты мен цехы бар. Әрбір 100 мың адамға бір фабрикадан келеді. Орта есеппен 20 миллионға жуық халқы бар елімізде кем дегенде 180–200 тері өңдеу зауыты мен цех болуы керек. Осыған қарап еліміздегі тері өңдеу өнеркәсібінің даму деңгейін бағалауға болады. Қазір ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеуде Өзбекстан, Ресей ғана емес, жоғарыда аталған Моңғолиямен де бәсекеге түсе алмаймыз», дейді төраға.

Білгеніміздей, теріні өңдеу үш сатыдан тұрады екен. Біріншісі «Wet-blue» деп аталады. Бұл 30–35 пайыз өңделген тері, ауызекі тілде «көк тері» дейтін де атауы бар. Екіншісі – «Crust». Бұл да – 65–70 пайыз жартылай өңделген фабрикат. Соңғысы – «Finish», яғни 100 пайыз өңделген былғары. Бұрын тері зауытқа жеткенше Ауыл шаруашылығы министрлігі құзыретіне жатса, өңдеуге тиіс шикізатты қадағалаушы орган сол уақытта Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі болыпты. Сондай-ақ шикізат зауытқа келем дегенше түрлі ветеринарлық тексерістен өтетіні анық.

Қазір елімізде 100 пайыз былғары шығара­тын өндірістер бар. Бірі – Алматы­да, енді бірі Шымкент қаласын­да. Сондай-ақ бұған Семейде орналасқан тері-былғары зауытын қоссақ та болады. Өзге де қалаларда кәсіпорындар жоқ емес, бірақ олар қаржыға байланысты жұмысын тоқтатқан.

 

Тері – мал күйінің көрсеткіші

Қазақ жеріндегі төрт түлік терісі экс­портқа кейде жарамды, кейде жарам­­сыз. Неге? Мамандар пікірінше, мұн­­дағы басты себеп – біз малды көбей­тіп, бақ­қанымызбен, оның шын жағ­дайы­на аса мән бермейтін көрінеміз. Уақ­тылы жем-шөбін беру, жылы қорада ұстау, ветеринар көмегі, дәрі-дәрмек, түрлі витамин егу, бір сөзбен айтқанда, адам­ша күтім жасау арқылы сапалы теріге қол жеткіземіз. Бірақ елдегі қазақ мұның бәрін істей қоя ма екен? «Далада жүретін малдың несібесі де далада болар. Қыста ғана қораға қарайды емес пе?» Осы оймен қол сілтейтініміз рас қой.

«Тері – қолдағы мал жағдайының бірден-бір көрсеткіші. Егер мал күйлі әрі аурудан ада болса, одан сапалы тері алынады. Екінші фактор – сою немесе теріні іреу. Расы керек, бізде көбіне-көп қолдан сойылады. Дәл осы үдерісте теріні зақымдайтын­дар көп. Бұл ауылда ғана емес, үлкен ет комбинаттарында да кездеседі. Сондықтан біз мұндай орындарға барып, бүлін­беген терінің бағасы да қомақты бола­тынын қасапшылар­ға ылғи айта­мыз. Шикізатты да қабылдайтын кезде осыған жіті назар аударуға тура келеді. Жалпы, жақсы терінің қалыңдығы 1,8–2 мм болады. Мысалы, солтүстік өңірлерден жиналған терінің 30 пайызы ғана былғары болуға жарамды. Өйткені ол – даладағы мал. Ал мына Түркістан, Жамбыл, Алматы облысындағы қолда әрі бақпада тұрған ірі қараның, оның ішіндегі бұқаның терісі одан жақсы. Одан 70 пайызға дейін былғары өңдеуге болады», дейді саладағы жеке кәсіпкер Самат Сейілханов.

Мысалы, Қытай нарығында еліміз­дің терілері «орта және төмен» деп баға­ланады екен. Сонда сапасы төмен терілер далада қала ма? Жоқ. Саматтың сөзінше, мұндай екінші сұрыптағы шикізат «желатин» немесе «протейн» (белок) өндіретін кәсіп­орындарға жөнелтіледі. Мұн­дай кәсіпорындар бізде жоқ, бар­лығы шет мемлекеттерде орналасқан. Қазір заңдылығымен ресей­лік, түрік және өзбек компаниялары­на шикі күйінде сатылатын сол ірі қара терісі бізге дайын аяқкиім, өнім болып оралып, одан 10–15 есе қымбатқа сатылады. Соңында кім жеңеді? Жауабы белгілі болса да, жауапсыз сұрақ бұл.

Бір анық нәрсе, елдегі тері өнеркәсі­біне тірек болатын арнайы бағ­дарлама керек. Дұрысы, отандық жеңіл өнер­кәсіпті дамыту. Сала ма­ман­дарының да жоғарыда айтқан «желатин» немесе «протейн» шығаратын зауытты өзімізде салып, оған арнайы маман даярлауды айтып келе жатқанына көп болды. Сонда ғана қазақ малының терісі далада жатпайды. Былғарыға жарамдысы өз алдына, сапасы төмен теріні де жерге көмудің қажеті болмай қалады.

«Тері жинаумен айналысқаныма 25 жыл болды дейді, – павлодар­лық жеке кәсіпкер Дәлелхан Әбді­халықұлы. – Уақытында ұсақ малдың да, ірі қараның да терісін жина­дық. Кезінде бұлар алтыннан да баға­лы болды. Менің білетінім, жеңіл өнер­кәсіпті көтермей, саланың еңсе­сі көтерілмейді.  Кеңес заманында малдың кез келген өнімін жинайтын арнайы орындар болды. Арнайы жұмыс схемасы арқылы өңделіп, тұрмысқа қажетті түрлі тауарға айналатын. Қазір халықтан жинайтын теріні болмашы тиынға өткіземіз. Өйткені бұрынғыдай сапа жоқ. Қытай нарығына өтіп тұрғаны – ешкі жүні мен терісі ғана...

Айта кету керек, тері экспортына қатысты баж салығын (тоннасына 200 еуро)  алып тастау керек деген ұсыныс бар. Бірақ оны алғанмен, жақсысы сыртқа кетіп, өзіміз сапасыз теріге көміліп қала беретініміз анық. Себебі оларға да керегі біздің сапалы шикізат емес пе? Ескеретін екінші дүние бар. Көрші Ресеймен Еуразиялық одақтамыз. Баж салығынсыз олар біздің теріні алып жатыр ма? Алмайды. Осы жерде де тағы сапаға тірелеміз.

 

Ұтылыс болмау үшін ұсыныс бар

Біздегі басты қателік – мемлекеттік органдар мен шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстарының жоқтығы немесе аздығы, сондай-ақ саланы дамытуда кешенді жоспардың болмауы. Сарапшылар пікірі осындай. Ал қауымдастық төрағасы алдымызға бірнеше ұсынысты жайып салды.

«Тері өнеркәсібінің кешенді жос­парын әзірлеу үшін отандық ғалым­дар, мүдделі органдардың мамандары мен кәсіпкерлерді тарта отырып, жұмыс тобын құру қажет. Бұған былғары өнімін тұтынатын өкілдерді де қосқан абзал. Екіншіден, мал терісін республикадан тысқары жерлерге шығаруға тыйым салуды бұрынғы күшінде қалдырған дұрыс. Үшіншіден, былғары өндіруге арналған техниканы лизингке беру мәселесі. Қазір олардың 60 пайыздан астамы тозған. Көбі кеңестік дәуірден келе жатыр. Төртіншіден, тері өңдеуге ең қажеттісі – химиялық заттар қоймасы. Зауыттарда химиялық заттардың жеткілікті 3–6 айлық қоры бар қойма болуы қажет. Бесіншіден, былғары өнеркәсібінің бірқатар экспорттық тауарын субсидиялау және жеңілдетілген несие берсе деген тілек бар. Алтыншыдан, шикізат сатып алуды ұйымдастыру қажет. Жасыратыны жоқ, зауыттар шикізатты сатып алу кезінде ол туралы құжаттың, оның ішінде ветеринариялық сертификат, сынақ хаттамалары және басқа да қажетті қағаздың болмауы мәселесіне көп кездеседі. Соңғысы – жеңіл өнеркәсіп салаларына қатысты дара комитеттің болғаны дұрыс», дейді Н.Нүптекеев.

Тағы бір анық дүние, ішкі сұраныс артпай, нәтиже жоқ. Мысалы, еліміздегі аяқкиім өндірісі өзіміз­дегі сұраныстың 5 пайызын өтей ме, өтемей ме? Барлығы дерлік мемле­кеттік тапсырыс аясында отыр­ғаны белгілі. Ал жеке цех ашып, шикі­затын сырттан болса да әкеліп, аяқкиім тігетін шеберлердің тіршілігі – нағыз жанкештілік. Олар да сапалы былғарының өзімізден болып, елдің қаржы қазанына қолдау білдіргенді жақсы көрмейді деймісіз.