Елімізде бөдене өсіру – ауыл шаруашылығы өндірісінің салыстырмалы түрдегі жаңа саласы. Өкінішке қарай, көптеген шаруа қожалығының басшылары бұл құстың пайдалы қасиеттерін, жұмыртқа мен ет өндірісін ұлғайтудағы мүмкіндіктерін әлі күнге жеткілікті бағаламай отыр. Десек те, Солтүстік Қазақстанда құс шаруашылығының жаңа саласы саналатын бөдене бағу дұрыс жолға қойылған. Ондағы бөдене өсіру шаруасы – халықтың жұмыртқа мен ет сияқты құс өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыру көзінің бірі.
Жоғарыда айтылған жобаның негізгі идеясы мен ерекшелігі – физиологиялық және биологиялық үдерістерді жеделдететін, құстың денсаулығын нығайтатын және жемнің қорытылуын жақсартатын экструдталған әрі табиғи өсімдік компоненттерін қолдана отырып байытылған жемді әзірлеу. Бұл ғылыми жұмыс қауіпсіз, жоғары сапалы бөдене өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ас қорыту үдерістері, қан мен зат алмасудың морфо-биохимиялық жағдайы, ет және жұмыртқа өнімділігі, биологиялық құнды өнімдерді арттыру оңтайландырылады.
Осылай отандық ғалымдардың нәтижелі еңбегінің арқасында табиғи өсімдік компоненттері негізінде ет және жұмыртқа бағытындағы бөденелерге арналған жаңа, жеңіл сіңетін, жоғары қоректік байытылған жемшөптердің рецептурасы жасалды.
«Біз бөденеге арналған Start рецептурасымен жем түрлерін әзірледік. 2023 жылы ет және жұмыртқа бағытындағы бөденеге арналған барлық жем түрі сыналды: Start (бірінші), Grower, Layer, Finish (екінші рет жақсартылған құраммен). Рецептің айрықша ерекшелігі – оларда ет-сүйек ұнының болмауы және экструдталған астық компоненттерінің қосылуы», дейді ғылыми жоба жетекшісі, ҚАТЗУ аға оқытушысы Динара Жаңабаева.
Осы жоба негізінде әзірленген жемнің құс ағзасы мен олардың ет пен жұмыртқа өнімділігіне әсері зерттелді. Бөдене үшін әзірленген жемнің сапасы мен қауіпсіздігіне баға берілді. Нәтижесінде, жемнің улы және қауіпсіз екені, барлық нормалар мен талаптарға сай келетіні анықталды. Бұлармен бірге, бөденелердің ет және жұмыртқа өнімділігінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. Бөдене өсіруді дамыту, оның жоғары сапалы және пайдалы өнім ретіндегі әлеуетін ашу, экспорттық қуаттылықты арттыру халықтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін аса маңызды.