Сенат • 23 Ақпан, 2024

Сенат Төрағасы Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысымен кездесті

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесіп, жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогты одан әрі ілгерілету бағытындағы өзара іс-қимылдың келешегін талқылады, деп жазады  Egemen.kz  жоғарғы Палатаның  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Төрағасы Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысымен кездесті

Фото: Н.Байбулин

М.Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысына  ұйым жұмыс істеп келе жатқан 10 жылдың ішінде халықаралық аренада бейбітшілік, бірлік және діни толеранттылық идеяларын дәріптеуге үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Кездесу кезінде Кеңестің мақсаттары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қағидаларымен үндесетіні айтылды. Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Орталық Азиядағы өкілдігінің Астанада ашылуы соның жарқын көрінісі саналатынын тілге тиек етіп, бұл оқиға Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Съезді дамыту Тұжырымдамасына сәйкес алдағы уақытта Хатшылық тарапынан атқарылатын жұмыстарды айтты.  Мұсылман ақсақалдар кеңесімен байланысты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу және өзекті сын-қатерлерді еңсеру үшін рухани дипломатияның әлеуетін дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру үшін бейбітшілікке шақыратын тың жаһандық қозғалыс қажет екенін үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда Мұсылман ақсақалдар кеңесі барлық діндердің диалогын нығайту жолындағы жұмысты белсенді жүргізіп отыр. Біз Кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жаһандық өзекті мәселелерді шешу ісінде дін лидерлерінің әлеуетін пайдалану жөніндегі ынтымақтастығын құптаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында конфессияаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуға ықпал етеміз деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Мұхаммед Әбделсалам Қазақстанның төзімділік пен келісім сияқты құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарып келе жатқан жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында Кеңеспен белсенді іс-қимыл қалыптасқаны үшін ризашылығын білдіріп, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.