Ғылым • 24 Ақпан, 2024

Digital Farabi II форумы: Студенттер мен оқушылар инновациялық жобаларын таныстырды

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай Digital Farabi II халықаралық форумы өтті. Форумға қатысушылармен қашықтықпен байланысқа шыққан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллектінің кәсіби қызметке сандық және сапалық әсерін талдайтын «ЖИ басқаратын автоматтандырылған әлемдегі кеңейтілген жұмыс» бойынша IBM есебінің деректерін ұсынды. 

Digital Farabi II форумы: Студенттер мен оқушылар инновациялық жобаларын таныстырды

«Соңғы бес жылда 27 ел жасанды интеллектіні дамытудың өзіндік тұжырымдамасын әзірледі. Ел Президенті осы бағытқа басымдық беруді тапсырды. Есептің екі негізгі қорытындысы: біріншісі – жасанды интеллект төңкерісі болды, екіншісі – алгоритмдер адамдарды тікелей алмастыра алмайды. Жасанды интеллектіні, жаңа технологияларды игерген мамандар ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндіктері мен ресурстары жоқ адамдарды еңбек нарығынан ығыстыра бастайды», деп атап өтті министр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев өз кезегінде жасанды интеллект дәуірінде инновациялық жобалардың маңыздылығын атап өтті.

Ғылыми-инновациялық көрмеде ҚазҰУ ғалымдары мен студенттері және «Stem» орталықтарындағы оқушылар өздерінің ғылыми әзірлемелері мен стартаптарын ұсынды. Жас ғалымдардың инновациялық жобаларын іске асыруға қолдау көрсету және нарыққа шығуына жәрдемдесуді мақсат еткен көрме барысында 20-дан астам инновациялық жоба таныстырылды.

Солардың қатарында университет ғалымы Диана Рахимова сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған қазақ тіліндегі мобильді қосымшаны таныстырды. Жобаның мақсаты – жасанды интеллектіні пайдалана отырып, оқу және жазу әдісі арқылы балалардың сөйлеу қабілетін жетілдіру және дамыту. Ғалым дайындаған ғылыми жобаның арқасында балалар тез сөйлеуді және ақпараттарды жедел қабылдауды үйренеді. Алдағы уақытта жоба авторлары мобильді қосымшаға логопедтердің видеодәрістерін енгізуді жоспарлап отыр. Болашақта мобильді қосымша толық біткеннен кейін ата-аналар тегін пайдалана алады.  

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары ұсынған жобаның бірі – интеллектуалды автоматтандырылған ақылды жылыжай. Бұл ақылды жылыжай  дақылдарды өсіру процесін жеңілдетіп қана қоймай, адамдардың жұмысын барынша азайтады. Яғни өсімдіктерді қажетті кезде ғана суару үшін және ауа температурасын қадағалау мақсатында арнайы датчиктер орнатылған. Аталған датчиктер арқылы жылыжайдағы жұмыстар заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асады.  Жобаны жетілдіру барысында энергия көзі күн панельдерінен алынған. ҚазҰУ-дың 3-курс студенті, жоба авторларының бірі Гүлнұр Құдайбергенованың айтуынша, мұндай ғылыми жоба әлемдік практикада бар. Ал елімізде ақылды жылыжайдың баламалары болғанымен, олар толық жүзеге асырылмаған.

Эльвира Серікқызы

Форум аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге барлығы 35-тен астам ірі компаниялар мен ұйымдар қатысты. Жұмыс берушілер студенттерге әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарының мүмкіншіліктері туралы айтып берді.  


АЛМАТЫ