26 жастағы жерлесіміздің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Нариман – талай дүбірлі додаларда жүлде алған сақа спортшы. Атап айтсақ, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін күміс, Азия ойындарының қола жүлдегері, құрлық біріншілігінде толық медальдар жиынтығын олжалады. Ислам ынтымақтастық ойындарында да жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар Әлем кубогінің кезеңдік жарыстарында ара-тұра атой салып жүр.
Күні кеше ғана Құрбанов сондай байрақты бәсекелердің бірінде асқан шеберлігін паш етті. Ол Котбуста «ат» жаттығуы бойынша алдына жан салмай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал иорданиялық Ахмад Әбу әл-Соуд пен оңтүстіккореялық Вунг Хур күміс және қола медальды иеленді.