Аймақтар • 25 Ақпан, 2024

Параспортшыға пәтер сыйлады

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Параспортшы Динара Құтжолова жергілікті құрылыс компаниясының басшысы Қанат Сәлімгереевтің қолынан су жаңа қос бөлмелі пәтердің кілтін алды. Дзюдодан өткен жылғы Азия параойындарының қола жүлдегері таяу күндері Тобыл қаласының «Нұрай» жаңа шағын ауданындағы өз пәтеріне қоныстанады.

Параспортшыға пәтер сыйлады

Динараның дзюдомен шұғылдан­ғанына көп бола қойған жоқ. Солай бола тұр­ғанмен, қысқа мерзім ішінде екінің бірі қол жеткізе бермейтін биік белестерді бағындырған. Спортшы кейінгі бір жылдан бері көру қабілетінен айы­рылған.

11 жыл бойы тұрғын үй кезе­гінде тұрған параспортшы пәтер кілтін табыс ету салтанатына анасы мен балаларын ерте келді. Жаңа пәтердің табалдырығын аттай бере қуаныштың көз жа­сына ерік берген Динара атым­тай кәсіпкерді құшақтай алып: «Жақсылығыңыз жүз есе қайт­сын! Сізге шын ниетіммен ті­лейтінім – бүгін мен қалай қуан­сам, дәл солай қуанатын күн­деріңіз көп болсын», деп шынайы алғысын жаудырды.

Пәтердің ауданы 61 шаршы метр болады. Терезелері үлкен, бөлмелері жарық. Балконына дейін еденделген, жып-жылы.

«Ұсақ-түйек шаруалары ғана бітпей тұр. Екі күннен кейін кө­шіп келе беруіңізге болады», дейді кәсіпкер.

Бөлмелерді аралап көріп шық­қан Динара кәсіпкерге тағы ризашылығын айтып жатты. «Шы­нымды айтсам, соңына дейін сенбедім. Қазірдің өзінде өз көзіме өзім сенбей тұрмын. 11 жыл бойы кезек күттім. Бүгін, міне, көптен күткен пәтерімізді көріп, қуаныштан есіміз шығып тұр. Осы тұрғанда сізге деген, Отанымызға деген қарызымды шын сезінгендей күйдемін. Ал­дымызда паралимпиа ойындары күтіп тұр. Жоқ дегенде жүл­дегерлер қатарынан көрінуге тырысамын», дейді Динара.

«Инвест Қост» серіктестігінің басшысы Қанат Сәлімгереев өзінің компаниясы салып бітір­ген әр үйден тұрмысы төмен отба­сыларға бір пәтерден беріп оты­­руды дәстүрлі үрдіске айналдыратын ойы бар екенін айтты.

 

Қостанай облысы