Мәселе • 26 Ақпан, 2024

Тарғыл кекілік тағдыры не болмақ?

190 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Тастан тасқа секіріп, жем тереді кекілік» деген шумақ есіңізде ме? Жалпы, бала кезімізде жаттаған нәрсе мәңгі санамызда сақталып қалады ғой. Мұны бала миының тазалығынан деу жеткіліксіз тәрізді. Егер олай десек, балғын шақта бастан кешкен оқиғалардың барлық тізбегі ұмытылмас еді. Бәлкім, бұған фольклорлық мұрамыздың да әсері мол шығар. Біздің айтпағымыз – бұл да емес. Сол шумақтар арқылы жадымызда жатталып қалған – кекілік құсы. Бұл қанатты қазір біз үшін өлең-жырда ғана кездесетін мифтік құсқа айналып бара жатқандай. Өйткені мұндай тағы құстар ілуде бір кездеспесе, көзге түсе бермейтіні рас.

Тарғыл кекілік тағдыры не болмақ?

«Елімізде кекіліктің түрі көп емес. Бір ғана түрі мекендейді. Бұл – үлкен де, кішкентай да емес, орта бойлы құс. Салмағы жарты килодан сәл асады. Ерек­шелігі сол, құрғақ тау-таста тіршілік етеді. Маңғыстауда және еліміздің оң­түстік-шығысындағы тауларында кез­де­седі», дейді орнитолог Викория Ковшарь.

Демек бұл құсты елімізде сирек кездесетін түр десек те болады. Алайда ол Қызыл кітапқа әлі енбеген. Бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабында 56 құстың тізімі бар. Олардың жойылуына, санының азаюына байланысты бірнеше санатқа бөлінеді. Мәселен, І санат – жойы­лып бара жатқан немесе мүмкін жойылып кеткен құс, ІІ санат – апатты түрде саны қысқарып бара жатқан түр, III санат – сирек кездесетін, саны аз құстар; IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген), V санат – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген түр. Өкінішке қарай, кекіліктер бұл тізімде жоқ.

Орнитолог В.Ковшарьдің зерт­теуінше, кекіліктер – тауықтәрізділер отрядына жататын жабайы құс. Әлемде кекіліктер тобына жататын құстардың жеті түрі бар. Олар – Азия, Еуропа, Пржевальский, Араб, Бербар кекіліктері және Қызыл кекілік пен Қара басты кекілік. Бұл құстар әлемнің көптеген елінде тіршілік етеді. Өзі – дене тұрқы 40 сантиметрден, салмағы 500-600 грамнан аспайтын кішкене ғана сүйкімді құс. Қалың жүні оны домалатып көрсетеді. Олар теңіз деңгейінен 2 500 метрден жоғары тау етегін, құрғақ тік беткейлерді мекендейді.

«Кекіліктер тау-таста мекендеген соң, жазда су табуы қиын. Тәулігіне екі-үш мәрте таудың етегіне түсіп, суат­тай­ды. Кекіліктер негізі түрлі дәнді өсім­діктермен, көкпен қоректенеді. Ал қалың қар түскен жылдары кекіліктер азығына жете алмай, қырылып қалатын да кездер болады. Олар біздегі табиғатқа өзінше бейімделген. Мысалы, қар қалың түскен жылдары кекіліктің аналығы екі түрлі ұяда бөлек-бөлек жұмыртқалайды. Бір шұңқырда 6-дан 25-ке дейін жұмыртқа болады. Бір ұяны кекіліктің аналығы басса, екіншісін аталығы басады. Осылайша, олар тез көбеюдің қамын жасады. Сондықтан күзде аталық, аналық кекіліктің ізіне ерген 50 шақты балапанын байқауға болады», дейді мамандар.

Олардың айтуынша, кекілік – оты­рықшы құсқа жатады. Яғни көп ұшпайтын құс. Жылдың көп мезгілінде 20-30-дан топтанып жүреді. Ағаш басына да көп қонақтай бермейді. Тастан-тасқа секіріп, тез жүгіріп жүреді. Қауіп төнгенде ғана жақын жерге ұшып барып қайта қонады. Кейде тастардың арасында жорғалап жүріп-ақ жауларына ұстатпай, адастырып кетеді. Оларды тастардың арасынан тауып алу да қиын. Себебі олардың сыртқы түрі тастарға ұқсайтын тарғыл келеді.

Кекілік сайрайтын құсқа жатады. Тас­тың үстіне шығып алып, «ке-ке-кек» деп шығарған дыбысы алысқа естіледі. Оның өзінің аты да осы шығарған дыбысына қарай «кекілік» деп аталса керек.

Кекіліктің еті өте дәмді. Сондық­тан аңшылар оны аулауға өте әуес. Ке­кіліктер қазір спорттық әуесқой аулауға болатын жануарларға жатады. Бірақ кейінгі жылдары кекіліктерді бейберекет аулауға тыйым салынды. Тек арнайы рұқсатпен ғана ауланады.

Тастан-тасқа секірген тарғыл бауы­р кекіліктің тағдыры да оңай болмай тұр. Бір жылда қанша кекілік атылатыны туралы дерек жоқ. Тек қолда бар мәлі­метке сүйенсек, жаңа жылдан бері кекілікке қатысты екі оқиға орын алды. Оқиға өткен аптада Ақтөбеде болған. Облыстық полиция қызметкерлерінің «Бра­коньер» жедел-профилактикалық бақылау жүргізу барысында Мәртөк ауда­ны Құрмансай ауылының маңындағы автожолда Toyota Prado автокөлігі күдікті көрінеді. Жүргізушімен бірге автокөлікте екі жолаушы болған. Тексеру барысында автокөлік салонынан полицейлер сақтауға рұқсаты бар аңшылық мыл­тықтарды, сондай-ақ атылған 21 кекілікті тауыпты.

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңына сәйкес, кекіліктерді аулауға қыркүйектің басынан қарашаның аяғына дейін ғана рұқсат етіледі. Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», дейді сақшылар.

«Көктем шыға жануарлардың төл­дейтін уақыты. Сондықтан бұл маусымда жырыншы аңшы, балықшылар құрал-сайманын майлап сүріп, сандығына салып қояды. Қыстан енді шығып келе жат­қан жануарларды қыру – заңды былай қойғанда, адамшылыққа жат құбылыс», дейді табиғат жанашырлары.

Ал екінші кекіліктерге қатысты жа­ғымсыз оқиға 1 ақпан күні Жамбыл облысында орын алды. Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Тоғызкент ауылдық округіне қарасты жайы­лым­дардың бірінде браконьер ұсталған.

Тексеру барысында бір адамнан жабайы жануарлардың 3 тушасы, «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрық, қоян және кекілік, сондай-ақ шолақ мылтық қаруы табылып, тәркіленген. «Қазіргі таңда заң­сыз аң аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот сараптамалары тағайындалды», деп мә­­лім­деді облыстық полиция депар­та­ментінің баспасөз қызметі.

Бұл – бір айда болған екі жағдай. Ал жыл бойы қанша кекілік оққа ұшып жатқаны беймәлім. Ол туралы нақты бір дерек жоқ. Қалай да бұған жауапты мекемелер оның санағын жүргізіп, дер кезінде іс-шара қолдануға тиіс. Сонымен қатар қазір елімізде кекіліктерді қолда өсіру ісі де жанданып келеді. Мамандар оларды қол­ға тез үйренетін құстардың бірі екенін айтады.