Әуелі батыр Бауыржан хақындағы поэзияның өзі бір шоғыр. Басын құрасақ, томдыққа пара-пар. Қасым Аманжолов, Әбілда Тәжібаев, Ғали Орманов, Мұқағали Мақатаев жырлаған сом тұлға аңыз тудырды, дабылы алысқа жетті.
«Мен кім едім, мен едім,
Мен де мыңның бірі едім.
Қызықпай баққа, атаққа,
Адал еңбек құлы едім.
Қызмет еткен халыққа,
Ақ ниет мыңның бірі едім,
Атақсыз солдат бірі едім».
Махамбетше жырлаған осы жырдан батырдың ұлтына деген алғаусыз жүрегін, ақжарма ниетін көреміз. Баққа, атаққа қызықпаған, адалдыққа құл ар-намыс шырақшысын танимыз. «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!» деген хас ердің жаны өмірде де, өлеңде де рух алдаспанымен субұрқақша атқылайды.
«Ойға ой боп сүңгіп батқым келеді,
Ойды оймен толқытып.
Шалқып ойдан ой шығарғым келеді,
Сезімге сезім боп батқым келеді,
Сезімді сезімге сендіріп,
Сезімнің рахатын да, азабын да татқым келеді».
Батыр Бауыржан – жүрекке ұлан-асыр қайратпен бірге сезімталдық, жанашырлық, мейірбандық жиған тұлға. Рақымдылық пен әділетке сүйенбеген жүректен, бәлкім батырлық та шықпас еді. Тұлғаның қайсар жырларымен бірге ескі жылдар еншісіне қиял көзімен сапарлаған
лирикасы да бар.
«Аңсап, арнап алыстан келгенімде,
Рахым түсіп, кім еді мейірім еткен?
Есімде жоқ, жаратқан сол қай пенде,
Піріндей қол қусырып құрмет еткен?
Әлде сайтан қырмызы қызы ма еді,
Сұм ізіне су төгіп жоқ боп кеткен?
Ұмытшақ алаңғасар жазған басым,
Сол кім еді жүрекке әсер еткен?..»
Жүрек түкпіріндегі жалт еткен жалқы бейнені іздеу, сағыну, аласұру – көңілі ояу кісіге тән. Пушкиннің «Гүл» өлеңімен үндес сезімтал жыр нәзіктік пен аңсарға толы. Өлеңде «жезтырнақ», «пір», «хор қызы», «сайтан қызы» сынды шығыстық, ұлттық ауыз әдебиетінің жұрнақтары кезігеді. Шерхан Мұртазаның пікіріне сүйенсек, алып ер өскен ортасынан-ақ мол білім жинағанын, әу бастан-ақ уызына жарығанын аңғарамыз. Сондықтан да «әділдікке бас ұрып, у берсең де, маған бал» деген қарағайға қарсы біткен бұтақтың айдары биік, ары асқақ.
«Ажал тұр аңдып арбап мүлде жақын,
Атадан шала-шарпы ерлер атын.
Ат жалында істелген адал еңбек,
Ақ ниетпен ұсындым саған, халқым».
Батыр Бауыржан, Бауыржан не істесе ұлтқа ұсынды, ұлт жолында етігімен қан кешті. Іле сол ұлты заңғар тұлғаны аңызға айналдырып жүре берді. Қасымша толғасақ: «Бетіне туған жердің өшпестей ғып, ер жазды өз қолымен жүрген ізін». Майдангер жазушы Д.Снегин: «Мен қазақтардың арасынан Бауыржанмен салыстыруға келетін жан таппай жүрмін, бәлкім таппайтын да шығармын» десе, қазақтың ақын Олжасы: «адамгершілік, азаматтық, парасаттылық, ерлік, сұлулық жағынан Баукең – менің ұлы ұстазым» деген екен. Иә, отпен жазылған өмірбаянды өшіруге уақыт та дәрменсіз. Қай қырынан байқасаң да қыран шығар есіл ердің абзал жыры, ал қаламгерлік аманаты – ұлт қорына құйылған көзсіз даңқ, тозбас шың.