Әдебиет • 25 Ақпан, 2024

Аңыздан ахуалға дейін...

221 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Байырғы әдебиетін, аңыз-әңгімелерін, ертегі-мифтерін жаңғыртқан ел жұ­тамайды. Мұқағали «қуат алып жырына бәз даладан» дегендей, бұрынғы ілкі бастауын қастерлеген ұлт соны жаңғыртып, заманауи жасандырған сайын өр­кен­дейтін сияқты болады да тұрады. Қазіргі небір керемет жауһар туын­ды­лар, фильмдер (мәселен, «Аватар») ежелгі мифтер мен ертегілерден та­мыр тар­татыны байқалады. Әлемдік өркениет те ең ежелгі ертегілердің со­ңы­нан қуа-қуа, ақыры бүгінде ғылыми техникалық жетістіктер соның бәрін ба­сып оз­ған­дай. Ол басқа әңгіме десек те, қандай да бір құндылықтар мен жетіс­тік­тер­дің­ бастауы ежелгі әдебиет пен ертегі-аңыз әңгімелерге сүйенетіні несі екен?

Аңыздан ахуалға дейін...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жапон түркологы Наката Оконың Қазақ еліне қатысты пікір айта келе, сөзін мына сыңайда қорытындылағаны есімде: «Біздегі ең үлкен миф – жапон императоры құдайдан туған деген миф. Бірақ біз, тарихшылар, бұл мифке тиіспейміз. Неге десеңіз – ол біздің рухани матрицамыз. Оның түбінде аңыз жатқанын, шындыққа жанаспайтын нәрсе екенін жақсы біліп отырмыз. Бірақ ол біз үшін қозғамайтын, мызғымайтын тақырып. Киелі, қастерлі тақырып. Жапонияның мемлекет ретіндегі тарихы да осындай аңыз-әпсанадан басталған. Сондықтан сіздер тарихқа бей-берекет қарамаңыздар. Тарихи шындық қалпына келсе, мемлекеттік тіл де өз жолын тауып, ол бара-бара ұлтты ұйыстыратын факторға айналып шыға келеді». Бұл жерде тарихи шындық дегеннен гөрі о бастағы көркем шындық деген дұрысырақ шығар. Тіпті солай болған күннің өзінде, өткеніне құлақ түрмеген, ілкі бастауынан қуат алмаған халық адасары анық. «Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой, ерлері ертегінің өрт еді ғой» деген Мағжанның «Күннен туған, ғұннан туған пайғамбар» деп тым ертедегі ескі танымдарға оралуы тегін емес-ті. Жапондықтар әлгіндей десе, «Менің Дағыстаным» кітабында Расул Ғамзатов таулықтардың барлық аңыз-әпсаналарын тірілтеді. Тау адамының болмыс-бітімі қайдан қуат алатынын айқындап кеткендей сезіледі.

...Дағыстан аспанынан сол күні керемет қар жауып, қатты боран тұрған көрінеді. «Осы күні бір бүркіт ұясына оралып келе жатты. Оның қанаты семсерге, тұмсығы қанжарға ұқсайтын еді. Ол биікті ұмытты ма, биік оны ұмытты ма, әйтеуір ол сорғалап келген бойы жартасты омырауымен соғып түсті. Бірақ мына қанаты семсер, тұмсығы қанжарға ұқсаған бүркіт соғылғанмен, өле қойған жоқ. Қанаттары сынғанмен, жүрегі соғып, өткір тұмсығы, болат тұяқтары аман қалыпты. Енді амал жоқ, өлмеудің қамын істеу керек. Қанатсыз тағам тауып жеу қиын, жауларынан қорғану да қиын. Күн санап ол бір тас­тан бір тасқа секіріп, бір құздан бір құзға көшіп, жоғарылай-жоғарылай бір кезгі өзі қонып, жан-жақты шолып отыруды сүйетін жартасқа жақындады.

Қанатсыз тамақ табу қиынға түсті, биіктен барып ұя соғу, қорғану тағы солай. Осыншама қиындықтың тұсында бүркіттің бұлшықеттері өзгеріп, сырт тұлғасы да танымастай түрге енеді. Ұя салынып болған соң қараса, ол ұя емес, сакля (таулықтардың үйі) ал қанатсыз бүркіттің өзі таулық кісі боп шығады. Ол сөйтіп аяғынан тік тұрып, сынған қанаттарының орнына қол бітіп, тұмсығының бір жақ жартысы кәдімгі мұрынға айналады (рас, тым үлкендеу). Ал екінші жартысы таулықтың белінде үнемі жүретін қанжар боп қалады. Тек жүрек қана өзгермейді, ол бұрынғы бүркіт жүрегі болып қала береді» дейді. Міне, біз таныған таулықтардың өрлігі мен ерлігі қайдан бастау алатыны. Қазақ кім де болса топырағына тартып туатынын айтады. «Бүркіт – құс тәңірісі» дейтін де біздің ел. Аспандағы оны жердегі тотемімізбен салыстырып, бөрі құт (бүркіт) деп таныған да біз, Әлкей Марғұланның айтуынша. Бірақ бұлардың бәрі аздық етеді. «Ақсақ құлан – Жошы хан» ертегісі сияқты мұндай аңыздардың мультфильмі, киносы жасалмай, жас ұрпақтың санасына қондыра аламыз ба?

Мәселен, жапондықтардың ең сүйікті құсы тырна деседі. Оларда сырқат адам қағаздан мың тырнаның суретін қиып жасаса, сауығып кетеді деген аңыз бар. Тырналардың Фудзияма аралының үстімен ұшып өтуін жапон­дықтар қуаныштың келуімен, арман, үміттің орындалуымен немесе кездесу мен қоштасудың қайғысына жориды. Кіммен кездесесіз, кіммен қоштасасыз, мәселе қайда? Қазақ әдебиетінде бұл аңыз туралы да өлең бар. Серік Ақсұң­қар­ұлының «Хиросима. 999 тырна» атты жыры:

«999 қағаз тырнаны

жасады жапон баласы –  ажал Құрбаны.

Өлер шағында, көз нұры сөнер шағында,

Жатты сол жазған:

«Түсім – бұл, өңім емес!» деп,

1000 тырна көзіне елестеп,

Жасалмай қалған бір тырна көзіне елестеп:

«...Өлім емес!» – деп...

 

«Сандырақтап жатқан шығар сол ажал құрбаны?!

XX-шы ғасыр –  атомның тажал тырнағы!

Ескерткіш қоям мен Саған, қоладан құйып...

999 Қағаз тырнаны!»

Жапондардың танымынан ту­ған ұлттық коды мұнда «Хиросима – Нагасаки» атом апатынан лейкемияға шалдыққан, жапонның «1000 тырна» аңызын қайыра тірілткен өжет қыз – Сасаки Садаконың ерлігімен байланыс­тырылады.

Артынан аңыз көшкен кейіпкер өлмейді. Оны жандандырып, бүгінгі ахуалға айналдыратын әдебиеттің де негізгі бастау көзі – сол ертегі, миф пен аңыз-әңгіме. Әрі қарай сабақтап алу оқырманның еншісінде.