Өнер • 25 Ақпан, 2024

Рахат-Бидің «Брюс» операсы

139 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тарихта тұңғыш рет қазақ композиторының операсы Ұлыбританияның төрт қаласында шырқалды. 17 ақпан күні Глазго соборында «Болашақ» бағдарламасының докто­ранты, композитор-пианист Рахат-Би Әбдісағиннің «Брюс» операсының әлемдік премьерасы зор табыспен өтті.

Рахат-Бидің «Брюс» операсы

Қойылым қоюға бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі дәл осы шіркеуде Роберт Брюс Шотландия королі ретінде алғаш рет танылған болатын. Премьера күні тарихи соборда аншлаг болды. Көрнекті ғалымдар, тарих зерттеушілері, музыка өнерінің өкілдері, жазушылар, журналистер және Шотландияның тұрғындары автордың жаңа опера жанры – соборлық операны алғашқылардың бірі болып тыңдау үшін премьераға қатысты.

Атауы айтып тұрғандай, опера Шотландия королі Роберт I Брюс туралы баяндайды. Ал либретто Джон Барбурдың 1375 жылы жазылған ортағасырлық «Брюс» поэмасына негізделген және Рахат-Бидің Шотландия Корольдік консерваториясы мен Сент-Эндрюс университетіндегі докторлық зерттеулерінің негізгі бөлігін құрайды.

Бұл кеш оның шығар­машылық жолындағы маңызды сәт қана емес, әлемдік музыка тарихындағы айтулы оқиғаға да айналды. Ұлыбритания­ның түкпір-түкпірінен келген қонақтар, соның ішінде Англия мен Шотландияның ірі қалаларында білім алып жатқан «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары Глазго соборына ағылды. Қазақ ұлының керемет операсы талғампаз тыңдарман жүрегіне жетіп, шіркеу ішін ерекше көңіл күйге бөледі. Рахат-Би Әбдісағин өз сөзінде жерлестеріне қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын білдіріп, шекара мен уақыттан асатын өнер төңірегінде топтасу маңыздылығына тоқталды.

«Мен ертедегі шотланд­тар­дың тарихи контекст мәсе­ле­леріне ден қойып, оның айты­луын анықтау һәм зерттеу үшін жетекші лингвист, тарихшылармен қоян-қолтық жұмыс істедім. Сондай-ақ мәтінді метафоралық және әріптік жолмен дешифрлауда да маңызды жұмыстар атқарылды. Музыка мұқият зерделенді және собор кеңістігінде керемет дыбыс әлемін жасау үшін органның ұлылығын пайдаландық. Батыс­тың беделді консерваториясында білім алып, әлемдік өнерге өз үлесімді қосуға мүмкіндік берген «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымды білдіремін», – деді Рахат-Би Әбдісағин.

Автордың айтуынша, бұл шығарма өткен мен болашақ арасындағы музыкалық көпірге айналады және шотландиялық ұлы монархтардың бірі, тәуел­сіздік үшін күрескен тарихи тұлғаның болмысын жан-жақты қырынан ашады. Сонымен қатар соборлық опера, шіркеудің акустикалық залында орындауға арналған жаңа жанр бостандық пен ізгілік, кісілік пен күш, күрес пен табандылық, бір адамның тұтас бір халықтың өмірін түбегейлі өзгерте алатындығы туралы сыр шертеді.

Өз сөзінде атап өткендей, Рахат-Би либретто және тарихи контекст мәселелері бойынша Шотландиядағы көптеген беделді тарихшы, әдебиеттанушылармен кеңескен. Ал орган маман­дарының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғабит Несіпбаев болды.

Опера Глазго уни­вер­ситетінің Шотландия әде­биетінің профессоры, ақын Алан Риачтың жанды да­уыста оқуымен Рахат-Би өзі орындаған он минуттық орган увертюрасымен ашылды. Қойылымда Шотландия Корольдік консерваториясының опера әншілері мен дирижерлер өнер көрсетті. Актерлер құрамында Роберт Брюсті ойнайтын актер (тенор), оқырман, әншілер ансамблі және орган бар. Орган партиясын Рахат-Би Әбдісағиннің өзі орындады.

Премьера Роберт Брюстің туғанына 750 жыл толуына орай Ұлыбританияның төрт көрнекті соборында өтті. Атап айтсақ, 17 ақпанда Глазго соборында, 21 ақпан – Эдинбургтегі Сент-Дайлс шіркеуінде, 24 ақпан – Әулие Саль­ва­тор капел­ласындағы Әулие Эндрюс универ­ситетінде шыр­­қалды. Ал 3 наурыз күні Роберт Брюстің жер­ленген орны – Данфермлайн аббат­ты­­ғында талғампаз тың­дар­ман та­лант­­­ты қазақ композиторының шығар­ма­шы­лы­ғымен таныса алады.

Рахат-Би 1999 жылдың 2 ақ­па­нында қарапайым отбасында дүниеге келді. Отбасында музыканттар жоқ. Оның әкесі – ғалым, танымал теориялық физик, анасы – педагог және заңгер. Ол жас кезінен музыка, математика, физика, кітап оқу, кескіндеме жасауға қызықты, жүзумен айналысты, тілдердің өзара байланысына қызығушылық танытқан. Музыка мектебіндегі оқу сапасын тек негізгі жалпы білім беретін мектептегі жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқытудың жоғарғы нәтижелерімен ғана байытқан жоқ, сонымен қатар консер­вато­риядағы (Алматы) музыкалық про­фессорлардың шеберлік сыныптарына тұрақты қатысу арқылы да дамытты.

Қызығы, шығармашылық жолды бастағанынан-ақ «ең жас» ұғымы Рахат-Бимен бірге келеді. Ол – «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының ең жас лау­реаты. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 17 жасында ТМД парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталған ең жас және жалғыз мәдениет қайраткері. Ол – Бах, Моцарт, Гайдннан бастап, қазіргі классиктерге дейінгі әлемдік классикалық шедеврлерді жинайтын Оңтүстік Иллинойса университетінің (АҚШ) «Discography» оркестрімен фортепианоға арнал­ған туындыларды орындайтын әлемдік қордың қоржынына туындылары енген еліміздегі ең жас әрі жалғыз композитор. Сондай-ақ ол – заманауи музыкаларды орындаушылар мен композиторлардың халықаралық академиясының ең жас қатысушысы:

Ел арасында «қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Бидің шығармашылығы 10 жасынан басталады. Ол 13 жасында студент, 17-де магистрант атанып, диссертация қорғаған. Ал 18 жасында Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясының докторантурасына қабылданған алғашқы қазақ. Жас таланттың 14 жасында жарық көрген «Mathematics and Contemporary Music» («Математика және қазіргі заманғы музыка») атты ғылыми еңбегі бүгінде аталған сала мамандарының жоғары бағасына ие. Бұндай ерекше жағдай – елімізде ғана емес, әлемдік тәжірибеде де сирек кездесетін құбылыс.

Жиырма беске енді толған музыкант бүгінге дейін симфониялық оркестрге және әр жанрдағы камералық ансамбльдерге арналған 100-ден аса классикалық музыкалық туындының авторы атанып үлгерді. Рахат-Би қиялынан туған ғаламат музыка Астана мен Алматыдан бөлек, Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Мюнстер, Лос-Анджелес, Байройт, Франкфурт, Бейжің, Сеул, Анкара, Ыстанбұл, Мәскеу, Санкт-Петербург, Том, Киев, Ялта, Рогашка-Слатина, Кьоджа, Бергамо, Грац, Мюрццушлаг, Аркей, Аликанте, Теулада-Морайра, Каир, Амман, Александрия сынды әлемнің ірі қалаларының үздік сахналарында орындалып, классикалық музыканың талғампаз тыңдармандары арасында зор қошеметке бөленіп жүр. Ал композитордың тұманды Альбионда өткен алғашқы операсының премьерасы да ағылшын тыңдармандарының жоғары бағасына ие болды. Тіпті шетелдік сыншылар Рахат-Бидың талант табиғатына «қазақтың нағыз ғажайып құбылысы, мінезінде амбиция­сы, қолында ерекше күші бар асқан шебер пианист» деген баға берді. Бұл – сөзсіз қазақ музыка өнерінің мерейі.