Қоғам • 25 Ақпан, 2024

Математиктің Бельгия сапары

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері, PhD Қанат Төленов былтырдан бері Бельгияның Гент қаласындағы Гент университетінде математика саласын зерттеумен айналысып жүр. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің постдокторантурасында білім алып, 2017-2018 жылдары Аустралияның Сидней қаласындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінде «Болашақ» бағдарламасымен бір жыл тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ талантты жас 2019 жылы Қазақ ұлттық университетінің « Жас ғалым» аталымының игері болса, 2021 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанған.

Математиктің Бельгия сапары

Қазір функционалдық талдау, операторлар теориясын зерттеп жүрген зерделі ғалымның ғылыми еңбегі таза теориялық ізденіс, оның ішінде функционалдық талдау саласына жатады.

– Жалпы математикалық зерттеу­лер теориялық және қолданбалы болып екіге бөлінеді. Менің жұмысым: абстрак­­тілі математикалық зерттеулер, яғни іргелі ғылымның бір бөлігіне жатады. Бұл тәуелсіз математикалық ұғымдарды зерттейтін сала. «Іргелі ғылым» деп аты айтып тұрғандай, басқа салалар оған тәуелді екеніне адамзат өміріндегі математиканың қолданысы айғақ. Сондықтан да іргелі ғылымды дамытуға дамыған елдер айрықша көңіл бөледі, – дейді ол.

Барлық ғылым бастауындағы іргелі математиканың қолданбалы математикадан айырмашылығы абстрактілі құрылымды зерттейді. Мысалы, біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда Евклид аксиомалары мен Пифагордың атақты теоремасы теория түрінде ғана зерттелсе, одан кейін Пифагордың теоремасын адамзат әртүрлі, мысалы, құрылыс және навигация саласына қолдана бастаған.

– Математикада «теріс және комплекс сандар» деген ұғым бар. Олар таза математикалық тұрғыдан IV ғасырда зерттелгенімен, кейіннен қол­данысқа ие болатынын ешкім білген жоқ. Қазір «комплекс сандарды» электр инженериясында жиі қолданады. Сон­дықтан іргелі ғылым өз алдына дербес дамиды. Мәселен, басқа салалар іргелі ғылымның теориялары арқылы күнделікті қолданатын дүниелерді зерттеуге пайдаланады. Лобачевский мен Бойяи Евклидтің төрт аксиомасының бесінші аксиомасынан тәуелсіздігін дәлелдеді. Кейін ол Эйнштейннің салыс­тырмалы теориясында қолданылды. Ал математиканың «графтар теориясы» химия, информатика ғылымында көп пайдаланылады. Сонымен бірге математикада абстрактілі «Радон түрлендіруі» деген ұғым кездеседі. Оны 1917 жылы Аустрия математигі Иоганн Радон өзінің теориялық математика зерттеуінде ойлап тапқан. 1960-жылдары оны томографияны ойлап табуға қолданылды. 1963 жылы америкалық физик Аллан Кормак томографияның қалпына келтіру есебін шешті. Осы­лай­ша, компьютерлік томографтың клиникалық медицинадағы жаңа дәуірі басталды, – деді ғалым өз ойымен бөлісіп.

Осындай «Шексіз ғылымның бір шетін ғана зерттеп жүрмін» деген ол дамыған мемлекеттерде іргелі ғы­лым­ға көзқарас өзгеше екенін жет­кізді. Әйтпесе Қазақстан жас ғалымының зерттеуін қаржыландыру Бельгияға қаншалықты тиімді дерсіз. Іргелі ғылымдағы жетістіктердің елдің дамуына оң ықпалын тигізетінін жіті түсінген бельгиялықтар ізденімпаз ғалымдарға қолайлы жағдай жасап отыр. Ғаламдық инновациялық индексте былтыр 23-орынды еншілеген Батыс Еуропадағы бұл мемлекетте ғылым мен технология алға дамып барады.

Қ.Төленовтің айтуынша, Бельгия­дан үйренеріміз көп. Қазақстан дамыған елдер сияқты ғылымға жаңаша көзқарас пен түсінік қалыптастырса, таяу жылдары біраз нәтижеге қол жеткізеріміз анық. Бүгінде озық елдерде ғылым саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1-3, тіпті кейбір мемлекеттер де 4 пайызды құраса, бұл көрсеткіш елімізде 0,4 пайызға да жетпейтіні қынжылтады.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Ғылымның бесігі – университет. Елімізде The QS World University Rankings беделді рейтингіне ие болған ұлттық университеттер қатары көбейіп келеді. Ал іс жүзінде олар осы көрсеткішке лайықты ма? Мәселе, осында. Өйткені шетелдегі университеттермен салыстырғанда еліміздегі жоғары оқу орындарының деңгейі көңіл көншітпейді. Біздегі жоғары оқу орындарында басшылыққа басымдық беруге үйренгенбіз. Шын мәнінде, университеттің басты құн­дылығы – оқытушылар мен студенттер. Мысалы, ұлттық жоғары оқу орындарындағы жатақхана жағдайы сын көтермейді. Қырық пайызға жуық студенттің жатақханаға қолы жетпей жүргенін статистика көрсетіп отыр. Үшінші курстан кейін бұл мәселе тіптен күрделене түседі. Оқу корпус­тарында дұрыс тамақтанатын асхана жоқ. Wi-Fi «smart-универ» моделіне сай емес. Профессор-оқытушылар құрамның жалақысы салыстырмалы түрде ғана көтерілді деуге болады. Өйткені университеттердегі қауымдастырылған профессорлар 350 мың теңгеге жұмыс істесе, қарапайым мектептің мұғалімі 500 мың теңге еңбекақы алады. Ал ғылымға құштар білікті оқытушылардың дені жоғары оқу орындарынан кетіп қалды. Осын­дай қордаланған проблемалар шешіл­ме­йінше, шетелдегі университеттер дең­гейіне жете алмайтынымыз анық. Бұл жағдайда ғылым туралы сөз қоз­ғаудың өзі артық, – дейді ол.

Сондай-ақ жас ғалым елімізде олимпиада жеңімпаздарының арасында математика ғылымымен айналысып жүргендер некен-саяқ екенін айтты. «Бұл бағытта жүйелі жұмыс жоқ. Өйткені қазір университет пен мектептің арасында байланыс кемшін. Оқушыларды ғылымға қызықтыратын ақпараттар өте аз. Мысалы, математика бойынша халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің ғылыммен айналысып жүргені саусақпен санар­лық. Бірақ ғылымға тек олимпиада жеңімпаздарын тарту керек деген тұжырым дұрыс емес. Себебі ғылым басқа әлем. Десек те математика ғылымының еліміздегі да­муын жоққа шығара алмаймыз. Жалпы мате­матика ғылымында зерттейтін сала жеткілікті. Бастысы – алдағы уақыттағы жас ғалымдарды қолдауға назар аудару. Бұл бағытта дамыған елдер тәжірибесіне сүйенсек болады. Дамыған елдерде медицина, биология, мейлі қай салада болсын, бір мәселе туындаса, инженерлер математик, физик, химиктердің көмегіне жүгінеді. Нәтижесінде, бірлесе зерттеу­лер жүргізіп, тамаша жетістікке жетіп отыр. Ал бізде әрқайсысы тәуелсіз бо­лып кеткендіктен де іргелі ғылымға деген көзқарас оңалмай тұр», деп жауап берді.

Ғылым, білімсіз инновациялық даму жоқ. Әлем елдері үшін жаңа ғасыр трендіне айналған бәсекелестік осы салада басымдыққа ие. Қанат Төленов елімізде жастарды ғылымға тарту ісіне көңілі толмайтынын білдірді. «Өйткені қоғамда білімді, ғылымға барған жас­тардан гөрі ойын-сауық, өнер, спорт саласына көңіл бөлініп, олардың санасында «жұлдызды» жетістіктер осы салада ғана деген жаңсақ пікір туады. Өз басым, еліміздің экономикасына, әл-ауқатына пайдасы зор жетістігімен дараланған ғалымдарды «жұлдыз» дер едім.

Ауылда білім алған Қанат бала күнінен қиялшыл болыпты. Әсіресе абстрактілі әлемге деген қызығу­шы­лығы математика ғылымына жетелеп әкелсе керек. Бірақ жас ғалым жай қызығушылықтан ештеңе өнбейтінін, алған білімі мен өскен ортасының да ғылымға әсері көп екенін айтады. Бүгінде шетелде жүргенімен, білімін елінің дамуына арнауды мақсат еткен ол таяу келешекте елімізде қолайлы орта қалыптасып, ғылымның дамитынына сенеді.

 

АЛМАТЫ