Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Куәлікті бір-ақ күнде алуға болады
Қаладан шет, ашық аумақта орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келімді-кетімді қауым көп. Бірден бұрыштағы анықтама бөліміне бардық та, тұрғындарға жүргізуші куәлігін алу бойынша кеңес беріп тұрған үш маманның біріне жүгіндік. Маманнан сұрастыра келе, жүргізуші куәлігін бірінші рет алуға келгендерден медициналық тексерістен өткенін растайтын құжат талап етілетінін білдік. Кідірмей, сол маңда орналасқан 073 формасында медициналық анықтама беретін кабинетке өттік. Дәрігер жүргізуші куәлігіне құжат тапсыруға келген азаматтарға бірнеше сауал қойып, сол заматта көру қабілетін де тексеріп үлгеріп жатты. Медициналық тексерудің құны 8 800 теңге шамасында шықты. Егер аталған 073 формасындағы құжатты алдын ала мекенжай бойынша тіркелген емханадан алған болсаңыз, бұл кабинетке кіріп әуреленбейсіз.
Шамамен 20 минут шамасында кезек келіп, орталықтың Алма Үндемесова есімді маманына қолдағы құжаттарды ұсындық. Ол құжаттарды жүйеге тіркеп, теориялық емтиханға жолдама әзірлегенше, жүргізуші куәлігіне қатысты бірнеше сұраққа жауап алып үлгердік. 4 615 теңге шамасында бір реттік төлемімізді жасадық.
«Бір реттік төлемді теориялық емтихан үшін аударылатын жарна деп ойлайтындар бар. Мүлде олай емес. Теориялық және практикалық емтихандарды жүргізуші куәлігіне үміткерлер тегін тапсырады. Ал төлем жүргізуші куәлігінің пластик картасына жұмсалады. Үміткерлер үшін теориялық емтиханға 3 мүмкіндік беріледі. Құжат тапсырған күні тест те тапсыруға болады. Тестілеуден бүгін өтпей қалсаңыз, ертең тағы келуге болады. Ал екіншіде тағы сүрінсеңіз, емтиханға үшінші мәрте жолдаманы тек араға ай салып аласыз. Жаңа ереже-талап осындай. Үшінші мүмкіндіктен де сүрінгендер екі ай тыңғылықты дайындалып, қайта келеді. Бірақ бұл кезде жүргізуші куәлігін алуды ойлаған үміткер жүргізушілерді даярлайтын мектептен өтіп, оқығанын растайтын құжатты қоса алып келуге тиіс. Осылайша, ол теориялық емтихан тапсыруға тағы үш мүмкіндік алады. Практикалық емтиханға қойылатын талаптар да – шамамен осындай. Үш мүмкіндік беріледі», дейді А.Үндемесова.
Түсінгеніміз, жол жүру ережесін жақсы білетін әрі көлікті тәуір басқара алатын үміткер бір күнде екі емтиханды тапсырып, тіпті жүргізуші куәлігін де ала алады. Мысалы, түске дейін құжат пен теориялық емтиханды сәтті тапсырып, түске қарай практикалық емтиханға үлгерсеңіз, бірер сағаттың көлемінде жүргізуші куәлігі де дайын болып қалады. Орталықтағы мамандардың айтуынша, бір күнде көлік басқару құжатын алатындар некен-саяқ. Екі-үш күнде алатындар баршылық. Мамандар мұны жүргізуші куәлігіне құжат тапсыруға дайындықсыз келетіндердің көптігімен байланыстырады.
Қазір «В» санатындағы жүргізуші куәлігін алғаш алуға келгендерден жүргізушілерді даярлайтын мектептен өткен-өтпегенін растайтын құжат сұралмайды. Егер бірінші үш мүмкіндіктен сүрінсе, онда даярлықтан оқып келу міндеттеледі. Сол секілді «А» санатындағы куәлікті де еш құжатсыз келіп, тапсырып алуға болады. «А», «А1», «В1» санатындағы жүргізуші куәлігімен мотоцикл, мопед, квадрацикл жүргізуге рұқсат берілсе, «В» санатымен жеңіл көлік басқаруға болады. Сосын үміткер практикалық емтиханды қозғалтқышы автомат көлікте тапсыратын болса, онда куәлік алған соң да сондай көліктерді басқаруға рұқсат. Ал механикалық қозғалтқышы бар көлікпен емтихан тапсырғандар көліктің екі түрін де жүргізе алады. Алайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының Астана қаласындағы филиалынан жүргізуші куәлігін алуға келгендердің басым көпшілігі практикалық емтиханда қозғалтқышы автомат көлікті таңдайтын көрінеді.
Тағы бір жағымды хабарды айтар болсақ, жүргізуші куәлігін алуға құжат тапсырып, емтихандарға кезекке тұру үшін «ЦОН» қосымшасының мүмкіндігін пайдалануға болады. Түсінгендеріңіздей, қосымша арқылы теориялық емтихан тапсыру мүмкін емес. Кез келген емтихан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тапсырылады. Қазірдің өзінде осы мүмкіндікті пайдаланып, уақытын үнемдеп жатқандар бар. Онлайн тіркеудің қағидаларына жіті тоқталмай-ақ қоялық, себебі мұның барлығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сайтында ап-анық көрсетілген.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан санатын арттырып, ірі көліктерді де басқаруды ойлағандар емтиханды тек жұма күндері ғана тапсыра алады екен. Себебі санатын арттырғысы келетіндер жүргізуші куәлігін алуға алғаш келгендерден әлдеқайда аз. Орталыққа бір күнде шамамен 150–200 тұрғын жүргізуші куәлігі мәселелерімен келеді.
Емтиханның шарапаты
Теориялық емтиханға құжат тапсырған соң, тағы кезекке тұрдық. Емтиханға кірмес бұрын маман арнайы металл анықтайтын аппаратпен мұқият тексерді. Әсіресе құлақ тұсқа, жүзімізге жіті зер салды. Бұл әрекетті алғашқыда оғаш көргенімізбен, кейін сұрастыра келе емтиханнан айласын асырып, оңай өтудің қамын жасайтындардың кезігетінін білдік. Компьютерге жайғасқан соң, өзіміз туралы аз-кем деректі толтырдық. Компьютер бейне арқылы бет-жүзімізді нақтылап, емтиханға өттік. Қырық сұрақ берілді. Берілген 40 минутта оның 32 сұрағына жауап берсеңіз, тестен өттім дей беріңіз. Сұрақтардың анау айтарлықтай қиындығы жоқ. Жол ережесін оқып дайындалғандарға түк емес. Бірақ босаңсып, сұрақ мәтінін соңына дейін мұқият оқымасаңыз, біліп тұрған тура жауаптан жаңылуыңыз да әбден мүмкін. Айта кетерлігі, теориялық емтихан барысын бейнекамера бақылаған соң, басыңызды төмен салып немесе төңірекке көз жүгіртсеңіз жүйе ескерту жасап отырады.
Теориялық емтиханнан кейін тысқа шығып, практикалық емтихан тапсыратын алаңға баруды жөн көрдік. Автодромда төрт көлік бірінен соң бірі жолға шығып жатты. Оның үшеуінің қозғалтқышы автомат болса, тек бірі ғана механика екен. Негізі практикалық емтиханға теориялық емтиханнан сүрінбегендер ғана жолдама алады. Сосын ол азамат практикалық емтихан өтетін аймаққа барып, QR код арқылы кезекке тұрады. Сол арада практикалық емтиханды қай күні, сағат нешеде тапсыратынын нақтылайды. Емтихан тапсыратын көліктер кідіріссіз жүріп тұрғанымен, бұл маңда ерсілі-қарсылы сенделген ешкімді аңдамадық. Барлығы өз кезегін біледі. Біз көліктерге орнатылған бейнекамеларды бақылайтын маман жайғасқан шағын нысанға аялдадық. Әрбір жүргізушінің емтихан бейнежазбасы осында сақталған. Жүйені бақылап, реттеп отырған маманның есімі – Саят Жұмаш. Біз барған күні түске дейін практикалық емтихан тапсыруға 54 үміткер келіпті. Ал былайғы күндері орта есеппен күніне жүздеген үміткер келіп, бағын сынап көреді екен. Мұндағы көліктердің барлығына GPS навигаторы орнатылған. Ал көліктің ішінде бір емес, бірнеше камера тұр. Сосын емтихан барысында жүргізушінің қасында ешкім отырмайды. Жәрдемдесе алмайды. Көлікте монитор тұр. Қате-кемшілікті қалт жібермей, белгі береді. Емтихан түгел GPS навигаторы арқылы бақыланған соң, ереже бұзылса, бірден тіркейді. Әр сантиметр есептеледі. Бұл алаңда бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолағы, көлік тұрағы, қысқасы жүргізуші ең бірінші кезекте білуі керек ережелер, жол белгілері бар. Үміткер осының барлығынан сүрінбей өтіп шығуы керек. Бір қарағанда жүргізуші куәлігін алудың машақаты көп тәрізді көрінгенімен, мүлде олай емес. Жүргізушіге қойылатын ереже-талаптарда анау айтарлық өзгеріс жоқ. Тек жылдан-жылға бақылау күшейіп барады. Жүргізушілер мұның пайдасын жүргізуші куәлігі қолына тигенде, бетін аулақ, қысылтаяң сәттерге тап болғанда түсінеді.
«Практикалық емтиханнан дайындығы жақсы үміткер сүрінбеді. Бүгін емтиханды бірінші рет тапсыруға келгендер көп. Кейбір апталарда дайындықпен келгендер көптеп тапсырып жатады. Бір күн бір күнге ұқсамайды. Үміткер практикалық емтиханнан өткен-өтпегенін сол заматта біле алады. Өйткені жүйе түгел автоматтандырылған. Сырттан біреу-міреу араласа алмайды. Кейде жүргізу қабілеті бар азаматтардың өзі абдырап, ереже бұзып жатады. Ондайды талай көрдік. Қалай дегенде де, Астана қаласы бойынша бірінші рет жүргізуші куәлігін алатындар бізге келеді ғой. Себебі қаладағы жалғыз автодром осында. Жас жүргізушілерге практикалық емтиханға дайындықсыз келуге болмайтынын айтқым келеді», деп жастарға кеңесін айтты С.Жұмаш.
Жемқорлықты болдырмау – жіті назарда
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында анықталған сыбайлас жемқорлық фактілерін қоғам үрке қабылдайтындай. Әлеуметтік желіде осы тектес ақпараттар көп оқылады. Сөзімізге екі жыл бұрын Ақтөбеде, кейін Көкшетау, Астанада және жуырдағы Тараз қаласындағы жағдай дәлел. Иә, жыл сайын жүргізуші куәлігін заңсыз беру, көліктерді заңсыз тіркеу фактілері анықталады. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығы қол қусырып отырған жоқ. БАҚ құралдары немесе басқа да деректер арқылы анықталған фактілерді халыққа қызмет көрсету орталығының қауіпсіздік қызметі назарға алады. Сосын ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлайды. Мысалы, олар Алматы, Ақмола, Алматы және Жетісу облыстарымен қатар Астана қаласында автомобильдерді заңсыз тіркеу деректерін анықтаған. Жуырда жамбылдық полицейлер Жамбыл, Түркістан облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарынан құрылған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Олар тиісті теориялық және практикалық емтиханды тексерместен, ақшалай сыйақы үшін жүргізуші куәліктерін заңсыз берумен ұзақ уақыт айналысты деген күдікке ілігіп отыр.
Корпорация басшылығы сыбайлас жемқорлық ықтималдығын азайту мақсатында бірнеше міндетті қолға алған. Мысалы, халыққа қызмет көрсету орталығындағы кейбір қызметті бір жүйеге тоғыстырудың өзі адами факторларды азайтуға септігін тигізген. Сол секілді корпорация азаматтарға кез келген қызметті еш кедергісіз әрі жылдам алудың мүмкіндігін қарастыруға әзір. Бүгінде автокөлік сатып алуды ойлаған азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып сабылмайды. Екінші деңгейлі банк арқылы көлік рәсімдеуге, көліктің тіркелгені туралы куәлікті де алуға болады.
Есте болса, осыған дейін еліміздің бірлі-екілі қаласында практикалық емтихан тапсыра алмай сабылып жүргендердің барын естідік. Мұндай мәселені корпорация басшылығы онлайн-кезек арқылы реттеген. Онлайн кезекке қалай тіркелуге болатынын жоғарыда айттық. Қазірде осы жүйе арқылы 6,5 мыңнан аса азамат құжат толтырыпты.
Елімізде ұзын-саны 105 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы және мамандандырылған сектор жұмыс істейді екен. Оның ішінде мамандандырылған ХҚО – 30, мамандандырылған секторлар 75 екен. Теориялық емтихан тапсыруға арнайы жабдықталған 87 кабинет болса, практикалық емтихан үшін 27 автодром сайланған.
Астана қаласында жүргізуші куәлігіне теориялық және практикалық емтихан тапсыру үшін кезек күтіп сарылмайтын болсаңыз, практикалық емтихан кезегін ұзағырақ күтуге тура келетін өңірлер бар. Бұл кемшіліктер енді автодромдар салу арқылы реттелетіні түсінікті. Былтыр жүргізуші куәлігін алу мақсатында 1 333 830 азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініпті. Оның ішінде теориялық емтихан тапсыруға 479 665 азамат өтініш қалдырса, оның ішінде 257 412 үміткер сәтті өткен. Яғни азаматтардың 53,7% пайызы сүрінбеген. Сол секілді практикалық емтихан тапсыруға 449 993 азамат бел буып, 190 137 үміткердің айы оңынан туған. Бұл дегеніңіз – практикалық емтиханға барғандардың 42,3%-ы сүрінбеді деген сөз. Кейінгі жылдары емтиханды бақылауды корпорация қолға алған соң, теориялық емтиханнан өтетіндер екі есе азайыпты. Сол секілді жүйеден айласын асыру үшін түрлі қадамға баратындар да азайыпты. Осылайша, жылдан-жылға ереже бұзғандарға қатаң шара қабылдана беретін сыңайлы.
Түйіндей келе айтар болсақ, қазір әлеуметтік желіден жүргізуші куәлігін алу туралы жылт еткен ақпараттарға сенуге болмайды. Интернеттегі алаяқтардың сөзіне сеніп, жер сипап қалғандар жеткілікті. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтықтың ұйымдастырушылары көбіне шетелде жасырынады. Бұл дегеніңіз – істі тергеп-тексеру де қиындады деген сөз. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары ғаламторда жылт еткен ақпаратқа сенбеуге және жүргізуші куәлігін тек заңды жолмен алуға кеңес береді. Ал біз жүргізуші куәлігін заң жүзінде қалай алуға болатынын мақалада егжей-тегжей түсіндіріп беруге тырыстық.