Еңбек • 26 Ақпан, 2024

Түрлі кәсіпке баулитын курс

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері 11,2 мың азамат «Skills Enbek» кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алды. Олардың ішінде 5,7 мыңға жуық адам – жұмыссыз. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түрлі кәсіпке баулитын курс

Платформада барлығы 368 мың азамат болса, оның 12,5 мыңы 2024 жылы тіркелді. Биыл оқудан өткен 5,7 мың жұ­мыссыз азаматтың 1,7 мың­ға жуығы – негізінен Түр­кістан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосыл­ған­нан бастап авторлар әртүрлі бағыт­ бойынша 475 курс жа­риялады. Оның 241-і – тегін. Сондай-ақ одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауы­су мүмкіндігімен «Courstore» және «Fluent Education» серік­тес­терінің курстары бар. Курс­тардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Қаңтар айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Жүріп-тұруы қиын адамдарды алып жүруге арналған жеке көмекшінің кәсіби курсы», «Экологиялық қауіпсіздік негіздері», «Сатушы», «Қар­жы­лық сауаттылық», «Мектеп жа­сына дейінгі балалармен жұмыс».

Платформада тұру және тамақтану, құрылыс және ТКШ, әлеуметтік қыз­мет көрсету, қаржы және бух­гал­терлік есеп, ақпарат­тық технологиялар және т.б. са­ла­лардағы түрлі маман­дық бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Былтырғы желтоқсан айынан бастап курстарды «Enbek» мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады. Қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын есте­ріңізге саламыз.