Мәдениет • 26 Ақпан, 2024

Хасанғалиевтің «Асыл арманы»

198 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» музыкалық қойылымы сахналанды.

Хасанғалиевтің «Асыл арманы»

Осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен әйгілі әнші-композиторды еске алуға арналған «Асыл арман» атты алғашқы үлкен іс-шара тұлғаның ту­­ған жерінде, «Атамекен» атты са­рай­­да өткені ерекше әсерлі болды. Қо­йы­лымның авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­­ты, бел­гілі драматург-жазушы Мәдина Омарова болса, қоюшы режиссері – Гру­зия мемлекетінде өткен Н.Думбадзе атындағы Халықаралық театрлар фес­тивалінің «Үздік режиссері» атан­ған Гаухар Адай еді. Ал спектакльдің қою­шы суретшісі және әртістердің киімін жобалаған – Мәдениет сала­сының үздігі Гүлдана Алина болды. Әрқайсысы өз саласын­да танымал өнер қайраткерлерінің шы­ғар­машылық ода­ғынан туған қойы­лым көрерменнің көңілінен шықты.

Ескендір Хасанғалиевтің бала кезі­нен басталып, өнер жолында Алматыға аттануы, алғашқы шығармашылық ізденістер, махаббат әуендері, ұлтшыл-патриоттық көзқарасы қалыптасқан өмір белестері сахнада шынайы суреттелді. Композитордың өз шығармаларынан құрылған көркем әуен, ойыны жарас­қан әртістер ұжымы, әдемі биге толы сахналық қимыл-қозғалыс, бірнеше деңгейлі декорация, қызыл-жасыл сахна шамдары, жанды дауыстағы әндер мен оркестрдің «тірі» ойыны – бәрі қосылып, керемет өнер туындысына айналғанын көрдік.

сми

– Бұл қойылымның осындай дә­ре­жеде өтетініне менің еш күмәнім бол­­ған жоқ. Режиссер Гауһардың жұ­­мыс­­тарын, аяқ алысын бұрыннан біле­мін. Қойылым сәтті өте­тініне сен­ген едім, сенімім ақталды. Ор­кестр­­дің сүйемелдеуі қойылым дәре­же­сін биік деңгейде көрсетті. Кей тұс­та­рында көзімізге жас келді, – деп өз пікі­рімен бөлісті премьерадан кейін Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Назгүл Қарабалина.

«Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолланың айтуынша, осы қойылымды бес өнер ұжымы бірігіп, 100-ден аса әртіс сахналап шыққан. Әрине, негізгі салмақ «Атамекен» жастар музыкалық театры­на түсті.

– Қойылымның бас кейіпкері – әйгілі әншi, композитор, Ха­лық әртісі, Ескендір Хасанғалиев ағамыздың рө­лін Құ­ралбек Қатшаев сом­дап шықты. Ол Құрманғазы атын­дағы Орал саз кол­леджін режиссу­ра мамандығы бо­йын­­ша бітіріп, 2015 жылдан Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ­актері болып қызмет етіп келді. Енді, міне, «Атамекен» жастар музыкалық театрында өнер көрсетуде. Бұған дейін «Жусан» психологиялық драмасында Жәдігер, «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясында Арса­маг рөлін тамаша ойнаған Құ­ралбек бүгін Ескендір ағамыздың бей­несін жақсы сомдап шықты. Актердің еңбек­­қорлығы, ізденімпаздығы көрінді, – дейді режиссер Самал Әбуов.

Қойылымда Ескендірдің анасы Ба­қия­ның бейнесін актриса Хорлан Шә­мелева, көрші әйелді Эльмира Ма­қашева, Мансұрдың рөлін Райымбек Ермек, Дарико бейнесін Гүлфаризат Нұрсейтова кейіптеді.

Премьераға Е.Хасанғалиев­тің асыл жары Дарико Сопыжанқы­зы, ба­ла­сы Біржан Хасанғалиев, неме­ресі Зере және мәдениет майталмандары мен та­нымал театр сыншылары – Әлия Бө­пе­жанова, Бақыт Нұрпейіс, Анар Ерке­бай, Назгүл Қарабалина, қойылым ав­торы Мәдина Омар және басқалары құрмет­ті қонақ ретінде арнайы шақырыл­ған екен. Қойылым соңынан кейін олар­дың барлығы да премьераға жоғары баға берді.

– Орал шаһарында өнерге, руха­ниятқа деген құрмет ерекше. Көпшілік көрерменге жол тартқан «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасын тарихи спектакль деп ауыз толтырып айтуға болады. «Атамекен» жас­тар музыкалық театрының болашағы жарқын деп санаймын. Кейінгі жылдары еліміз бойынша жер-жерде жас­тар театры ашылып жатыр. Дегенмен оның барлығын ел біле бермейді. Ал «Атамекен» секілді жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқан жас театрды бі­рінші рет көріп тұрмын. Жалпы, «Ата­­мекен» жастар музыкалық театры­на өте талантты жастар жиналған екен. Заманымыздың заңғар жазушысы Шер­хан Мұртаза өз сөзінде: «Театр кө­бей­се, түрме азаяр еді» деген болатын. Шын­дығында қай дәуірде болмасын, мә­де­ниет пен өнердің ұлт руханиятынан алар орны ерекше. Осындай үлкен мис­сияны арқалаған театр ұжы­мына толайым табыс тілеймін, – деді Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­­рат­кері, Қазақстан Жазушылар ода­ғы бас­қар­масының хатшысы Әлия Бөпе­жанова.

Сахнаға «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Біржан Хасанға­лиев шығып, «Атамекен» өнер ордасының басшылығына, қойылымның қоюшы-режиссері мен театр өнерпаздары­на және Ескендірін сағынған ел-жұртқа ақжарма алғысын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның Құттықтау хатын «Атамекен» Жас­тар музыкалық театрының көркемдік жетекшісі әрі қоюшы режиссері Гаухар Адайға табыс етті.

– Сексен минут бойы біз сахнаға телміріп, Ескендір ағаның туған жері Қаратөбеден арман қуып Алатаудың баурайына барған өмірін, асыл арман жолындағы тағдырын көріп, рухани тазарғандай болдық. Сахнада өнер көрсетіп жүрген – Тәуелсіз Қазақ­стан­ның төл перзенттері, өрімдей жастар. Осыған қарап-ақ Ескендір ағамыздың өнері мен рухы ешқашан көнермейтінін, мәңгі жасай беретінін түсіндік. Қазақ бар кезде – өнер өлмейді, қазақ бар кезде Ескендір Хасанғалиевтің есі­мі ұмытылмайды! – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Премьера соңында қойылымның қоюшы режиссері Гаухар Адайға, қою­шы суретші және киім суретшісі Гүл­дана Алина мен «Атамекен» жастар музыкалық театрының бас суретшісі Мұрат Мәмбетовке облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді. Ескендір Ха­­сан­ғалиевтің отбасына Ақ Жайық жұрт­­шылығы атынан сый-сияпат табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

«Ескендір аға асыл арманы орын­далған адам деп есептеймін. Ол кісінің өмірі мен шығармашылығы туралы қо­йылымды қойғаныма қуаныштымын. Шынымды айтсам, өзім де осындай үлкен сахнаны армандап жүрген едім. Бұл шығарма менің арманыммен үндес келді. Және мен ғана емес, біздің жастар театрына алынған жас өнерпаздардың да арманы екен. Бағасын халық берер, – деді Гауһар Адай.

 

Батыс Қазақстан облысы