Халық • 26 Ақпан, 2024

Несіпбайұлының несібесі

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақсылық жасап, жаныңа шуақ шашу үшін аса бір жағдайдың қажеті жоқ. Мұны мына бір ізгілікті іске сүйсінгендіктен айтып отырмыз. Туғанынан сал ауруына шалдығып, арбаға таңылған Дос Төлегенов Нұра ауданындағы қарттар үйіне екі теледидар тарту етіпті.

Несіпбайұлының несібесі

Бала жасынан тағдыр тәл­ке­гіне тап болған Дос Төлегенов – бі­рінші топтағы мүмкіндігі шек­­теулі жан. Сынаққа сынбады. Еңбекті сүйді. Теледидардан бас­­тап түрлі техникаңызды жаң­­ғақша шағады. Тілін жетік тү­сінеді.

Әнеугүні аудан орталығын­дағы қарттар үйіне екі теледидар сыйға тартыпты. Қарттар үйін­­де мүлдем тележәшік жоқ еке­­нін естіген Дос Несіпбайұлы: «Қарттарымыз қалай теледидарсыз отырады?» деген ой ма­за бер­мей қойды. «Қолымнан ке­ле­тін жақсылығым ғой. Әуелі қа­зы­наларымызды риза етуіміз керек. Сол кісілердің батасы сөзсіз қабыл болады. Сөйтіп, өзім арнайы барып, табыстап келдім. Өзім­де ерекше қуанып қалдым», дейді.

«Расымен, біраз уақыт болды, қарттарымыз теледидардан алыс­тап қалған еді. Дос бауырымыз қос теледидарымен үйімізге кіріп келгенде қарттарымыз қатты қуанды. Жақсылық жасағысы келген ниетінің өзі таудай ғой. Сөйтіп, теледидарды қосып берген соң, өзіміз отырып шай іштік. Жансарайы бай екен. Үлкендер батасын берді», дейді қарттар үйінің басшысы Гүлнәр Түсіпбекова.

Бұл қолы алтын Дос Несіп­бай­ұлының алғашқы қайы­рым­дылығы емес. Ауылдас­тарына үнемі қарайласады. Тіпті азық-түлік себетін де үлестіріп отырады. «Отау ТВ», «ID ТВ» секілді құрылғыларды сыйға тартып, онысын орнатып та береді. Жаны жақсылық шуағына толы шеберді ауылдастары да аса құрметтейді.

Шебердің есімі еліне жақсы таныс. Тіпті Қарағанды, Астана­дан да арнайы іздеп келіп, тұр­мыстық техникаларын жөндете­тін тұтынушылар да бар. Себебі белгілі: техниканың тілін әбден меңгеріп алған, жұмысын сапалы атқарады.

Жары Гүлнәр екеуі үш бала тәр­биелеп отыр. Үлкен ұлы Нұ­ра­сыл әкесіне әжептәуір қол­ға­быс. Кәсіптерін жетілдіру үшін былтыр Үкіметтен 1,3 млн теңге көлемінде грант алған. Бұл қаражатқа шағын шебер­хана­сындағы жұмысты ширатып, үйінің жанындағы көліктің тоғын жөндейтін автошеберханасын жабдықтап алған.

– Жақсы автоэлектриктер өте аз. Мен өмір бойы тоқпен жұмыс істеп келемін. Көлігінің тоғы ақау бергендер де көмек сұрап келетін. Сондықтан автоэлектрик қызметін қоса алып жүруді жөн санадым. Үш көлікке шақталған гаражым бар. Грант қаражатына көлікті диагностикалау үшін қымбат құрылғылар сатып алдым. Енді алдағы уақытта субсидияланатын жұмыс орындарына бес адамды жұмысқа орналас­тыруды ойластырып отырмын. Ұлым колледжде автоэлектрик мамандығында оқиды. Негізгі көмекші – ұлым. Бар үмітім де сонда, – дейді шебер.

Дос Несіпбайұлының өмірін­де мынандай да кедергі болған. Психиатрлар «ақыл-есі кем» деп сараптамалық қорытынды жа­саған. Бірден сотқа жүгініп, еңбекке жарамды екенін дәлелдеп шыққан. «Қажыдым, қайратым аз деп отыруға мүлдем уақытым жоқ», дейді өзі.

Бір жылдары Дос жол апатына ұшырап, екі қолы бірдей істемей қалған көрінеді. Әкесі Өзбекстан елінде ем-дом алып жатқанда, ұлы Нұрасыл үйдегі үйіліп қалған теледидарларды өзі жөндеп, түскен қаражатты әкесінің еміне жөнелтіп отырған. Ол кезде мектепте оқиды.

Әкесі баласының техникаға қызығушылығын кішкентайынан байқаған. Ойыншық әкеліп берсе, оны бұзып, қайта жинайды екен. Алты жасында алғаш рет қолына дәнекерлегішті алып, құрал-жабдықтардың түр-түрін ажырата білген. Сөйтіп, әке-шешесі шеберханадан шықпаған Нұрасылдың теориялық бағыт бойынша білімін тереңдетуге жолын ашады.

Әкесі мен ұлы айына 30-ға жуық тапсырыс орындайды. Ауылдан алыстамай-ақ алтын қо­лымен осындай кәсіпті дөңгелетіп отыр. Оның үстіне жақсылық жасауды өмір салтына айналдырған.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы

Соңғы жаңалықтар

Өңір және Жолдау жауапкершілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:15