Ұлттық спорт • 28 Ақпан, 2024

Додаға қызу дайындық

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Ұлттық спорт қауымдастығының Асық ату федерация­сы Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Еліміздің бірнеше өңірінен келген ұлттық құрама сапындағы спортшылар 12 күн бойы шеберліктерін шыңдайды.

Додаға қызу дайындық

Биыл 8 қыркүйекте Аста­нада V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарының алауы тұ­танатыны белгілі. Жауапты жа­рысқа тыңғылықты даярлану мақсатында аталған фе­де­рацияның мүшелері дайын­дық жұмыстарын Алатау баурайында өткізуді жөн көрген екен. Қазіргі кезде Армияшылардың орталық спорт клубының (АОСК) базасында 37 спортшы шеберліктерін шыңдап жатыр. Олардың 20-сы – асықшы жігіттер, ал 11-і – бес­асықшы қыз­­дар.

– Алғашқы оқу-жаттығу жиынымыз сәтті өтіп жатыр, – деп бастады өз әңгімесін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы. – Әсем шаһар Алматыда еш алаңсыз даяр­лануымызға барлық жағ­дай жасалды. Алдымызда әлі Шым­кент пен Көкшетау қа­ла­лары және Қырғызстанның Шолпан-Атасы мен Түркияның Анталиясында өтетін төрт жиын бар. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында құрамамыз ел намысын абыроймен қорғап, асық ату мен бес асықтан топ жарады деп сенеміз. Дүбірлі додада қырғыздың ордо ойынынан да сайысқа түсеміз. Сондықтан Шолпан-Атаға сапар шеккенде қырғыздардың төл өнерінің қыр-сырына әбден қанығуды көздеп отырмыз.

Асық атудан Павло­дар об­лысының аға жаттықты­рушысы, әлем және Еуразия кубогінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» ие­гері Қалибек Қуанұлы күн өт­кен сайын құрама мүшелерінің шеберліктері шыңдалып келе жатқанын айтты.

– Дайындығымыз жақсы. Жер­лестеріміздің арасынан бас жүлдеден үміткер мына спорт­­шы деп ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Бәрінің деңгейі  бірдей. Ең бастысы, олардың физикалық дайындықтарын психологиялық тұрғыдан да пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – Әлем кубогі, әлем және Азия чемпио­наты және Көшпелілер ойындарында үздіктер қатарынан көріну, – дейді ол.

Дүбірлі додаға дайындық­та­рын пысықтап жатқандардың қатарында Ақмола облысынан келген бесасықшы Көгершін Думан да бар. Ол – Көкшетаудағы жоғары медициналық колледжі­нің төртінші курс сту­денті. К­ө­гер­шіннің бес асық­пен ай­на­­лысқанына бес жыл болды. Сол аралықта қазақ қызы Әлем және Қазақстан кубогінің ие­гері, Еуразия кубогінің күміс жүл­дегері атанып үлгерді. Ол өз бо­лашағын ұлттық спортпен бай­ланыстырып, спорттық мансабын аяқтағаннан кейін бапкер болуды көздеп отыр.

Алатау баурайында өтіп жат­қан оқу-жаттығу жиынының қ­орытындысы бойынша алдағы уақытта өтетін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын асықшылар анықталады.

Еске сала кетейік, респуб­ли­калық «Асық ату» федера­циясы Ұлттық спорт қауымдас­тығының құрамына кіреді. Қа­уым­дастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Ау­да­­рыспақ», «Садақ ату», «Жам­­бы ату», «Құсбегілік», «Тоғыз­құ­ма­лақ», «Теңге ілу», «JO­RYQ» ат спорты федерациялары бар.