Қоғам • 28 Ақпан, 2024

Лудомания қатерінен сақтану

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құмар ойынға қарсы кешенді жос­пар әзірленіп жатыр. Құ­жатқа барлық министрлік ұсы­ныстарын тапсыруы қа­жет. Кейін ұсыныс­тар ірік­теліп, біріктіріліп, жүйе­ле­ніп, Үкімет деңгейіндегі құжат жасақталады. Бұл туралы кеше Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин­­нің төрағалығымен өткен Пре­­зидент жанындағы Жастар сая­саты жөніндегі кеңестің ке­зек­ті отырысында айтылды.

Лудомания қатерінен сақтану

Фото: profi-detox.com.ua

Басқосуда лудоманияға және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес шара­ларын қамтитын құжатты әзірлеу ба­рысы талқыланды. Мемлекеттік кеңес­ші­нің айтуынша, лудомания бүгін­де еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған. Көбіне жастар құмар ойындардың тұзағына түсіп жатыр. Сондықтан Жастар саясаты жөніндегі кеңес лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің орталығы ретінде осы саладағы жұмысты үйлес­тіріп келеді.

– Қолымыздағы құжат 25 пункт­тен тұрады. Оның 15-і кеңес мүше­ле­рінің ұсыныстары негізінде да­йындалды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Команда ретінде маңызды құжаттың қабылдауына күш салу керек. Қа­былданғаннан кейін де құжаттың қа­лай жұ­мыс істеп жатқанын, орында­луын ­ба­қылауда ұстауымыз қажет, – деді Ерлан Қарин.

Букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігіп, автоматтарға ақша салатындар жыл санап көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің былтырғы қыркүйек айындағы дере­гінде 36 мыңнан астам отандасымыз құмар ойынға тәуелді деп көрсетілген. Дерттің құрсауына әсіресе, жастар түсіп жатыр. Сондықтан кеңес осы са­ладағы жұмысты барынша үй­лес­тіріп келеді.

Кеңес мүшелерінің пайымдауын­ша, қоғам мен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы күресті және оның алдын алу шараларын жүйе­лі түрде әрі бірлесе жүргізуі керек. Негізі елімізде әр салада бұл бағыт­тағы жұмыстар күшейтілген. Десек те, түйткілдің тарқауы қиын болып тұр. Мәселен, жақында Ден­саулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов лудомания және есірт­кіге тәуелділікпен күресте жүйе­лі­лік жоқ екенін ашып айтты.

«Қазір лудомания, ішімдік пен нашаға тәуелділік мәселесі өзекті болып отыр. Осындай әлеуметтік ма­ңы­зы бар дертпен күресте жүйелілік жоқ. Әсіресе, лудомания бойынша. Біздің ойымызша, емдеудің зама­науи клиникалық хаттамалары болуы керек. Біз МӘМС немесе МКБЗК бо­йынша жеке қаржыландыру қарастыру керек деп ойлаймыз. Себебі лудомандар саны артып барады. Ішімдік пен есірткіге тәуелділер де көбейіп отыр. Осы орайда, денсаулық сақтау саласы тарапынан оларға сапалы, қолжетімді қызметті және құпиялықты қамтамасыз ету керек. Қажет болса, жеке секторды тартып, оларға мемлекеттік тапсырыс беруге болады», деді депутат.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша 2022 жылы 5,5 мың онлайн-казино сайттары мен аккаунттары, 2023 жылы 2 мыңнан аса сайт бұғатталыпты. Таяуда ғана «Әділ­дік жолы» РҚБ бастамасымен 300-ден аса лото клубтардың жұмысын заңсыз ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталған.

Мемлекеттік кеңесші жиынды қоры­тындылай келе, еліміздегі рефор­малардың ұрпақ болашағы үшін жасалып жатқанын және жастар қазірдің өзінде елдегі өзгерістердің бел ортасында жүргенін атап өтті. Ерлан Қарин сөзінің соңында кеңес аясында жастар мәселесі көтеріліп қана қоймай, сол мәселелер шешіліп жатқанына назар аударды.

Еске сала кетсек, кеңестің тікелей қатысуымен әзірленген тағы бір маңыз­ды құжат – Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары. Синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимылдың маңыздылығы да алғаш рет осы кеңес алаңында айтылды.