Экономика • 28 Ақпан, 2024

Шағын және орта бизнес үлесі артты

130 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев журналистермен кездесіп, өткен жылы өңірде атқарылған бірқатар жұмыстың нәтижесін жария етті.

Шағын және орта бизнес үлесі артты

Өткен жылдың қорытын­ды­сында өңір әлеуметтік және  экономикалық даму көрсет­кіштері бойынша барлық салада тұрақты өсімге қол жеткіз­ген. Негізгі капиталға салын­ған инвестиция былтырмен са­лыс­тырғанда 16,4%-ға, өңдеу өнер­кәсібі – 7,4%-ға, құрылыс жұмысының көлемі – 29,7%-ға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 1,7%-ға, ішкі сауда көлемі 18,6%-ға өсіп отыр.

«Мемлекет басшысы еліміз­дің мықты өнеркәсіптік негізін қалып­тастырып, экономикамыз өзі­мізді толық қамтамасыз ете ала­тын жағдайға жеткізу мәселе­сін талап етіп отыр. Сондықтан облыс экономикасын одан әрі әртараптандырып, өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алып жатырмыз», деді аймақ басшысы.

2023 жылы өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,5 трлн теңгені құрап, өсім 6,6%-ға жетті. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 308 млрд теңгені құрап, 7,4%-ға артты. Өсім металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, жиһаз, құрылыс индус­трия­сы салаларында байқалған.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16%-ға артып, 645 млрд теңге болса, соның ішінде жеке инвестиция үлесі 495 млрд теңгені немесе 77%-ды құрап отыр.

сми

Өңірдің экономикасын әрта­рап­тандыру үшін алдағы бес жыл ішінде 67 инвестициялық жоба қолға алынғалы отырға­нын әкім­нің әңгімесінен біл­дік. Жоба­лардың жалпы құны 2,4 трлн теңге болмақ. Был­тыр ғана облыста өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында құны 30 млрд теңге болатын 45 инвестициялық жоба іске қосылған. Осы арқылы 1000-нан аса жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Бұған қоса шетел инвес­тор­ларының қатысуымен қол­ға алынған жобалар саны да өсіп келеді. Релокация аясында 5 млрд теңгелік 5 жоба жүзеге асты, 173 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 15 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өңірімізде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салық түсімін көбейтуге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Президент отандық кәсіпкер­лікті қолдау, бәсекелестікті дамыту, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес (ШОБ) үлесін 35 пайызға дейін жеткізу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет тарапынан жасалған бірқатар нақты шараның нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірінде де шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. 2023 жылдың қоры­тындысына көз салсақ, өңірдің шағын және орта бизнес саласы жалпы өнімнің 33%-ын өндірген екен. ШОБ саны былтыр 8,7%-ға, саладағы қызметкер саны 7%-ға өсіп, 127 мың адамды құраған. Облыста қазір 58 мыңдай шағын және орта бизнес нысаны нақты жұмыс істеп тұр.

«Шағын және орта бизнес нысандары 1,6 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылы мемлекеттік қолдау шаралары аясында шағын кәсіпкерлікке 22 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 3 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Сол арқылы 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды», дейді Нариман Төреғалиұлы.

Биыл шағын және орта бизнес нысандарын мемлекеттік қолдау мақсатында 22 млрд теңге қарастырылып отыр екен.

«Ауыл аманаты» бағдарла­ма­сы Ақжайық өңірінде табыс­ты жүзеге асып жатыр. Бағдар­лама аясында 2023 жылға респуб­ли­калық бюджеттен 6,4 млрд теңге несие қаражаты бөлініп, қазір 966 өтініш бойынша 6,3 млрд теңге көлемінде қаржы берілді. Сондай-ақ негізгі азық-түлік тағамдарының импорты­на тәуелділікті азайту мақ­са­тын­да алдағы 3 жылда ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін 70%-ға дейін жеткізу мақсаты тұр. Облыста 270 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс істейді. Соның ішінде 44 кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан құрылған.

Ал халықты қаладан ауыл­дық жерге қоныстандыру үшін 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан ауылға» қанатқақты жобасы қолға алынғанын бұдан бұрын хабарлаған едік. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ын­таландыру, ауылда шағын биз­несті дамыту, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, жас от­басылардың әлеуметтік мәсе­л­елерін шешуге қолдау көрсету.

Облыста қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің үлесі 2022 жылы 56%-ды құраса, 2023 жылдың қорытындысы­мен 63,1%-ға жетті. «Біз 2026 жыл­ға дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізетін боламыз», деді Н.Төреғалиев.

Өткен жылы облыста барлық ауыл шаруашылығы дақылы­­ның егіс алқабы 617 мың гек­­тар болды. Нәтижесінде, облыста 302 мың тонна ас­­тық, 153 мың тонна картоп, кө­к­­өніс-бақша өнімі жиналды. Май­лы дақылдардан 78 мың тонна өнім алынды. Агро­ө­нер­кәсіп кеше­нінде 2023-2026 жылдарға 89 млрд теңгеге 40 ин­вес­тициялық жо­ба жоспарланса, 2023 жылы 6 млрд теңгеге 15 ин­вестициялық жо­ба жүзеге асырылды. Биыл 47 млрд теңгеге 19 жо­баны іске асыру жоспарланған екен.

Әрине, осының бәрі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды жұмыс екені сөзсіз. Бүгінде өңірде голланд технологиясымен жылына 11 мың тонна өнім шығаратын екі өндірістік жылыжай жұмыс істеп тұр. Былтыр олар 6,7 мың тонна өнім шығарған.

Өңірдің қажеттілігі үшін мау­сымаралық кезеңде 66 мың тонна картоп пен көкөніс қоймада сақталуға тиіс. Былтыр 130 мың тонна өнім өндірілсе, соның бір бөлігі облыс аумағындағы 35 көкөніс қоймасында сақтаулы тұр. Бұл жерде өңір қажетінің 75 пайызы қамтылған. Биыл тағы да 4 көкөніс қоймасы іске қосылса, облыс өзіне қажетті көкөністі толығымен сақтай алады.

«2030 жылға қарай біз суармалы алқаптың көлемін 44 мың гектарға дейін жеткіземіз. Ол жерде суды үнемдейтін технология қолданылады. 2023 жылы мұндай алқап көлемі 11,5 мың га ғана болған еді», дейді облыс әкімі.

2023 жылы өңірде ауыл шаруа­­шы­лығын қолдау үшін 54 млрд теңгеден астам қаржы бөлін­ген болатын. Соның ішінде 3 мың агроқұрылым 16 млрд тең­ге субсидия алған, 38 млрд теңге несие бөлінген. Ал биыл саланы қолдау үшін бөлінетін қаржының көлемі 73 млрд теңге болмақ.

Өңірдің дамуына үлкен серпін беретін бағыттың бірі – етті мал шаруашылығы. Жыл сайын өңірде мал басы да, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де тұрақты өсіп келеді. Қазір облыста 857 мың бас ірі қара (13 пайызы асыл тұқымды), 1 млн 346 мың бас қой мен ешкі, 308 мың бас жылқы және 3 мың басқа жуық түйе малы өсіріліп жатыр. 2023 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 30,5 млрд теңгені құраған. Соның ішінде өндірілген ет көлемі – 58 мың тонна, сүт – 242 мың тонна, жұмыртқа – 166 млн дана, жүн 2,2 мың тонна болды.

«Әлеуметтік азық-түлік себеті» деген ұғым бар. Күн­де­лікті тұрмысқа қажетті 19 түр­лі азық-түлік түрі кіретін бұл тізім­нің бағасы ерекше бақылауға алынған. Соның ішінде 1-сортты ұн, нан, сиыр еті және макарон өнімдерімен Батыс Қазақстан облысы өзін-өзі толық қам­тып отыр. Ал сәбіз, қырыққабат, пас­терленген сүт, сары май, ірімшік және айран сынды 6 түрлі азық-түлікпен 75 пайызға дейін қамтылған. Тауық еті, жұмыртқа, пияз, күнбағыс майы, картоп өнімдерімен қамтылу деңгейі одан да жоғары. Тек қарақұмық, күріш, қант пен тұз ғана Батыс Қазақстан аумағында өндірілмейді. Дегенмен өңірде ақсап жатқан сала – сүт өндіру мәселесі. Дәл қазір Батыс Қазақстан үшін 112 мың тонна сүт өнімдері қажет болса, соның 22 пайызын ғана өзіміз өндіре аламыз. Былтыр 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферма құрылысына 6 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, тағы да 4 сүт фермасын қаржыландыру бағдарла­ма­сы іске қосылды. Осы жобалар іске қосылған кезде облыс сүт өнімдерімен 30 пайызға дейін қамтылады», дейді өңір басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы