Таным • 28 Ақпан, 2024

Табиғи тоңазытқыш

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шөл даладағы мұз» десем, нанасыз ба? Қисынға келмесе де, бұл тіркесте шындық бар. Заманауи технология дамымай тұрып, күннің ыстығында азық-түлікті бүлдірмей сақтау біршама қиындық әкелді. Ежелгі парсылар бұл мәселені қалай шешкені туралы дерекке назар аударып көрейік.

Табиғи тоңазытқыш

Елестетіңізші, адамзат тоңазыт­қышты ойлап тапқанға дейін әлі 2 300 жыл бар. Күн аптап ыстық. Азық-түлік тез бүлінеді. Мұндайда май, қойдың еті, ірімшік сынды та­ғамдар тағат таптырмайды. Енді не істемек керек? Ертеде парсылар біз­дің заманымызға дейін 400 жылы шөл ортасынан мұз жасаған. Шіліңгір жазда «табиғи тоңазытқыш» болып, аса маңызды әлеуметтік-ме­ди­циналық қызмет атқарған қойма «Яхчал» деп аталған. Оның тереңдігі 20 метрге дейін жетеді. Конус тәріз­ді тостаған пішінде қазылған терең ұңғыма. Әдетте яхчалға күзде акведуктан су әкеп, жер төлені толтырады. Қыста ол су қатады. Сөйтіп қатқан мұзды жыл бойы қолданады.

Кемі 2 метр болатын яхчалдың қабыр­ғалары – өте қалың. Оны топырақ, құм, ешкі жүні мен күлдің қоспасынан тұрғызған. Бір қызығы, осы заттардың қоспасы жылу өткізбейтін қасиетке ие. Тіпті яхчалға кіретін есік желдеткіштің қызметін атқарған. Ұңғымаға кірген ауа мұздың әсерінен салқындап, конустың жоғарғы жағындағы тесік арқылы жылы ауа шығып отырған. Кейде яхчалды оңтүстік жақтан түсетін күн сәулесінен көлегейлеу үшін қалың қабырғамен жапсарлас салған. Сондай-ақ «бадгирлар», яғни ауа алмасуды күшейтіп, ұңғыма ішін сал­қындататын жел тосқауылдары бар яхчалдар да көп болған. Мұз таситындар тек­пішектермен төмен түсіп, үлкен ыдыс­тарға мұзды толтырып алып, қала тұрғындарына апарып беретін. Халық сол кезден бастап шарапқа, суға мұз салып салқындатып ішіп немесе кішігірім мұздық жасап, тез бұзылатын азық-түліктерді сонда сақтаған. Бұл тоңазытқыштар ең әуелі парсы жерінде пайда болып, кейінірек басқа елдерге де тараған. Тіпті XX ғасырға дейін қолданыста болған.