Зерде • 28 Ақпан, 2024

Фараби әлемі

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби... Даңқ дабылы заманалар қойнауына жеткен бірегей есім. Сом тұлға. Әйгілі Гегель: «Әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасын» қырық рет, «Риторикасын» екі жүз рет, «Жан туралы» атты кітабын жүз рет оқыған екен. Неткен таңғаларлық еңбек!» деп бас шайқаған. Ал белгілі ағылшын музыка зерттеушісі Фармер: «Барлық ғылымдар саласында Әл-Фараби – «Екінші ұстаз», ал музыкада бір өзі ғана бас король» деп пікір айтқан-тын.

Фараби әлемі

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Әл-Фараби – көпқырлы тұлға. Ол тек фило­софиялық трактаттар жазған жоқ, сонымен бірге музыка мен поэзия­да ерен ізін қалдырды. Арис­тотель­дің «Поэзия өнері» еңбегін негізге ала отырып, оның ішкі мәнін ашуға, жаңа тұжырымдар айтуға күш салды. Тіпті грек поэзиясындағы трагедия, дифирамба, комедия, ямб, драма, айной, диаграмма, сатира, поэма, эпос, риторика, амфигенезис және акустика сынды поэтикалық жанрларды атап көрсете отырып, әрқайсысына сипаттама берді.

Ақын Фарабидің туған жерді сағына, сарыла жырлаған шумақтары бар. Білім іздеп туған топырақтан ерте кеткен, кәу­сар мұңын ерте кеткен есіл ер торда қал­ған бұлбұлдай жүрек зарына ерік береді.

«Қашықтасың туған жер – қалың елім,

Небір жүйрік болдырып жарау деген.

Шаршадым мен.

Қанатым талды менің,

Шаңқыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуынар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар».

(Аударған А.Нысаналин)

Фараби дерті – сағыныш дерті. Туған жері Фарабтан жолға шығарда бұйрат-бұйрат құмдарға қарап, самалалы Сырдария сағасына көз тастап, «Адамзат, саған саналы өмір сыйлау үшін жарық саңылау іздеп барам! Сырыңды аш, дүние!» депті аңыз арқауында. Адамзатты ізгі өмірге апаратын нысана іздеген ғұламаның ақылы асқан зерек болғанымен, жүрегі нәзік, жараланғыш.

«Қайтейін мен көкжиек кеңдігімді.

Келер күнге үмітпен жол ашамын.

Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,

Соны медет етеді болашағым.

Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,

Екіншіде – шарап бар жайы мәлім.

Даналықты сиямен толықтырсам,

Шарабыммен шерімнен айығамын».

Фараби шарабы біз ойлағаннан бас­қа, өзгеше шарап. Ол – бәлкім, Құдай­дың нұры, мүмкін дерт мастығы. Келер күнге үмітпен жол ашқан сыршыл жан – қазы­налы, жұмбақ. Әлем көкжиегін ақы­лымен кезіп, сан ұрпақты сазына бөле­ген дәуір ұлының асқақ Отанын, абзал мекенін, қашықта қалған қаймана жұр­тын сағынған сәлем хаты, арнау жыры неткен тебіреніске толы! Сүйегі жат жерде қалған данышпан әлі күнге ту­ған жерін аңсап, бізге қарап арман қанатында тербеліп, сағынып жатқандай...