Ғылым • 28 Ақпан, 2024

Отандық ғалымның елеулі жаңалығы

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық ғалым астықты тыңайтқышсыз 50 пайызға арттырудың тәсілін тапты. Бұл ғылыми жаңалық қазір әлемнің 12 елінде сынақтан өтіп жатыр.

Отандық ғалымның елеулі жаңалығы

Шымкенттік ғалым Әбді­мә­лік Әшіров ешбір тыңайтқыш пайдаланбай астық өнімділігін 50 пайызға арттыратын тәсіл тапты. Арнайы құрылғының көмегімен өңделген тұқым мол өнім береді әрі сапасы жоғары. Ғылыми зерттеу бойынша кез келген дәнді дақылдың тұқымы жерге себуден бір ай бұрын өңдеуден өтуі қажет. Тұқымды 14 герц жиіліктегі 12 вольт қуатпен сәулелендіреді. Пайдасы мол бұл үдеріс небәрі 15 минут жүреді. Осы уақыт ішінде тұқым сақталған қамбадағы диаметрі 20 метр аумақ биорезонансты жолмен активтендіру керек. Тәсілдің бас­ты ерекшелігі – қоршаған ортаға, топыраққа зиян тигізбей, мол өнім беріп, мутациялық өзгеріс­­терге ұшы­ра­майды.

– Альфа, бетта омелоганы 30 па­йызға көбейткен кезде дәннің ішін­де гидролиз жүреді. Крахмал мен гикстрині бар дән ішінде глюкоза мен фруктозаға айналады, – дейді ғалым.

Ғылыми жоба осыдан бес жыл бұрын Ғылым қорының қолдауы арқасында 200 миллион теңге грант­қа ие болған. Солай 18 түрлі дәнді дақыл шаруашылықтарда сынақ­тан өткізілген. Ал нәти­же­сі­н­де алқаптардағы өнім 30-50 пайызға артқан.

– Үш жылдың ішінде 128 шаруа­шылықта жұмыс істеп өзіміздің техно­логиямызды дәлелдедік. Қазір 7 облыс­та жұмыс істеп жатырмыз. Менің тобымда 18 адам бар, – дейді Әбдімәлік Әшіров.

Отандық ғалымның ерекше жаңа­­лығы осыған дейін әлемнің 10 елін­де сынақтан өтті. Жақында Литва мен Польша елінің шаруалары да қолданбақ. Тіпті Қытаймен де келісім жасалды. Ғылыми жаңалық 2017 жылы Forbes журналының нұсқасы бойынша үздік 10 инновациялық жобаның қатарына енді.