Дін • 29 Ақпан, 2024

Мазар салу: Астамшылық па, даңғазалық па?

220 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі дін мен салт-сана, міндет пен парызға қатысты белең алып кеткен кереғар түсініктердің салдарынан діни ғұрыптар жөнінде де түрлі пікір қалыптасып отыр. Соның бірі, мүмкін бастысы – өмірден озған адамның басына орнатылатын бейіт, мазар мәселесі.

Мазар салу: Астамшылық па, даңғазалық па?

Қазірде қай қаланың, қай ауыл­­дың әдетте шалғайына орналасатын қорымға барсаңыз да, төбесі көк тіреген, күмбезі күнмен шағылысқан зәулім мазарлардан көз сүрінеді. Небір қымбат, бағалы мәрмәр тастармен қашалып, хан сарайындай соғылған жекелеген адамдардың бейіті еріксіз назар аудар­тады. Бұл істе бұрын да есеміз­ді жі­бермеуші едік, тәуелсіздік алып, дінге кеңдік берілгелі тіпті асқы­нып кеткен сыңайлы. Ауыл бала­сы­мыз, алыс жерлерге жиі шы­ғып жүреміз, мүмкіндігінше зират ба­сына соғуға тырысамыз. Мәң­гілік мекені тірлікке тәубе айт­қызады, жүрекке тоба біті­ре­ді, адамды ойландырады, сабыр­ға шақырады. Міне, осындайда қала, аудан, ауылдардағы, жол бойындағы «қалаға» айна­­лып кеткен қорымдарды көріп, жағаңды ұстайсың, не ойларың­ды, не айтарыңды білмей дал бола­сың. Хакім Абай айтатын «...мақтаншақ, бекер мал шашпақ­тың» нағыз өзі. Іргесіндегі қараша ауылдан да ауқымды, «сәулеті» де асып тұрған қабірстан көзге тіпті ерсі көрінеді, көңілге күпті ой ұялатады.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды». Қайтқан адамдарға құр­мет көрсету – әлбетте дұрыс, сауап­ты іс. Дегенмен елімізде кейінгі жылдары қабір басына күмбездеп үй тұрғызу, оны мейлінше әшекей­леп қоршау, абаттандыру, сурет са­лып, тіпті мүсінін жаса­тып, ес­керт­кіш қою сияқты әрекет­тер қалыпты көрініске айнал­­ған­­дай. Құран кәрімде мұсыл­ман­­ның қабірі жеті қадам шетке шығып қарағанда, оның төмпеш­тігі байқалмауы керек деп жазыл­ған. Алайда қазірде мүлдем басқа­ша жағдай қалыптасып отыр. Ерекше архитектуралық жобалар­мен салынған зираттар бұрын­дары бірен-саран ғана болушы еді. Ал бүгіндері қилы, күрделі жобалармен, үлгілермен салынып, бір-бірімен жарысып қатар түзеген мазарларға қарап, жағдайы бар адамдар, қалталы азаматтардың өлімге құрметі өз алдына, олар жаппай жұмылып, байлықтарын, барлықтарын көр­се­­тудің бәсекесіне, жарысына түс­кен бе деп қаласың. Бесінші қабатта тұрып, қайтыс болған әке­сінің құрметіне бейітін сол бес қабат үйдің биіктігіне дейін көтерген азаматтың тірлігін де білеміз. Ата-анасының басына түнде жанып тұратын шам ор­нат­­қанынан да хабардармыз. Жер қойнындағы жақындарының бейі­тін 4–5 жыл сайын жаңартып отыратын да – қалталы азаматтар, әке-ше­шесінің мазарын арнайы адам­дарға күзеттіріп, жуып-шаятын күтушілер жалдайтын байлар жөнінде де жиі естиміз.

Қала шетінде тұратын, бейіт тұрғызуға жалданатын арнайы бри­гаданың құрамында жұ­мыс істейтін Орынбай атты жігіт­пен таныстығымыз бар, сол айтады: «Мазар салудағы астамшы­лыққа тіл жетпейді. Бай-бағландар өздерінің мазарларын басқалардан бір мысқал болсын асырып салуға тырысатын әдет тапты. Қазірде ең арзан құрылыстың құны 4–5 миллион теңгеден басталып, 100–150 мың долларға дейін барады. Қымбат болуының бір себебі – байлар әшекейлік түрлі мәрмәр тастарды, құлпытастарды көбіне өзімізді місе тұтпай, шетелдерден алдыртады. Кейбір күмбездерге тіпті сирек, бағалы металдар қойылады. Кесененің кескінін арнайы мамандар сызып дайындайды, біз сол жоба арқылы саламыз. Есесіне, жаз бойы жұмыссыз болмаймыз...»

Әлбетте, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса». Бүгінгі заманда байлыққа кенеліп, тасып-толған азаматтардың өліле­ріне көрсетіп жатқан бұл құрме­тіне ешкімнің таласы жоқ әрі оған ешкім де заңдық тұрғыда тыйым сала алмайды. Алайда бейіт, мола тұрғызу мәселесі мұ­сыл­мандыққа сай болуы шарт. Тарих­қа көз жүгіртсек, қазақ топы­ра­ғында мазар салу дəстүрі ежелгі көшпелілер дəуірінен бас­тау алған екен. Имам Мәліктің шәкір­ті Ибн Әбдулхәкім: «Қабір басына мазар тұрғызуды өсиет еткен адамның өсиеті жүрмейді», деген. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға да шариғат қарсы емес. Имам Әбу Ханифа негізін қалаған ханафи мазһабы ғалымдарының пәтуасы бойынша қабірді кіндіктен жоғары етіп қоршауға, белгі қойып, жазу таңбалауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ күмбезді құрылыс салуға ханафи ғалымдары тыйым салмаған, бірақ оны «тахриман (харамға жақын) мәкруһ» санатына қосқан.

Қысқасы, қадым замандардан ислам дінін ұстанып келген халқымыздың бейіт, мазар салуға қатысты тыныс-тіршілігі қазірде шариғат шеңберінен мүлде шығып кетті. Қабірге кесене тұрғызу, зиярат жасау, құлпытас қою, қоршау, қорған тұрғызу сынды мазаратқа қатысты мәселелер шариғат талабына қайшы келетін, ата-баба дәстүріне жат, өркениет қалыбына сыймайтын өрескел әрекеттерді көбейтіп жіберді. Зират пен зиярат – адам өміріндегі маңызды құндылық, сол тұрғыда қайтыс болған марқұмды арулап жерлеу, зиратқа қою, басына белгі орнату – адамдық борыш, мұсылмандық парыз. Бірақ ол да шариғат талаптарына сай болғаны жөн.

«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» – өлімді жөнелту қа­­шаннан оңай емес. Бұл ахуал қазір­де тіпті күрделеніп кетті. Аста-төк ас беру, бірнеше мал сойып, жүз­деген адамды күту, ол үшін ат шаптырым мейрамханалар мен асханалардың қызметіне жү­гіну сияқты үрдістер бүгінде үйрен­шікті көрініске айналды.

Бұл тұрғыда белгілі дінтану­шы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тиышхан­ның ой-толғамы ерекше ден қойғызады: «Мәселеге екі жағы­нан қарау керек. Біріншісі, қайтыс болған адамға құрмет тұрғысынан не сауап тұрғысынан алсақ, ол – адамға жасалатын ең үлкен жақ­сылық, оның атынан қайыр-садақа беру, дұғада болу, ізгі іс­те­рінен ғибрат алу. Екіншісі, тірі­­лер тұрғысынан алсақ, ол – басқа біреуден асып түсуге тырысу, тыраштану, өзгелерден дараланып тұратын қорған (мазар) салу, мазардың басын əшекей­леу, бейнесін тасқа қашау, т.с.с. Осы­лардың ішінде ең күрделісі – марқұмның басын көтеру деп атап жүрген мазар салу. Кезінде халқымыз əулие-әмбиелерінің, абыздарының басына кесене салып, олардың өмірлерінен ғибрат алып, халықтың алдында ұмыт болмас үшін белгі қойса, қазір бұл жаппай белең алған. Əлбетте, қайтқан адамға деген жақындарының құрметіне ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл құрмет діни талаптардың шегінен шықса, сауап емес, керісінше күнəға батыратындығын əрбір адам білуі керек. Өйткені Құран Кəрімде, Ағраф сүресінің 31-аятында «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді ұнатпайды», деп жазылған. Осы аят пен «Əрбір ысырап – харам, əрбір харам (күнə) тозаққа апарады» деген қағида бойынша міндеттен артық жұмсалған шығын күнə болатынын естен шығармау қажет. Бұл жерде тек қаржының, құрылыстың ғана емес, өлікті жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқанын да ескеру керек. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға зəулім ғимарат салу өлі үшін де, тірі үшін де пайдасы жоқ іс».

Осы орайда басқа, көрші мұ­сыл­ман елдерінің үлгі тұтарлық мысалдарын айта кеткен орынды. Мәселен, Түркия мемлекеті. Мұнда да ерте дәуірлерде, Осман патшалары тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге ай­нал­ған екен. Қабір басына неше түрлі керемет тастармен әшекейленіп, зәулім сарайлар да салынған. Кейін ұлы реформатор Мұстафа Кемал Ататүрік бұл салада да тәр­тіп орнатқан. Қазіргі түрік мо­ла­лары белгілі бір стандартқа сай, аядай ғана жер. Барлық бейіт­тер белгілі бір жүйемен, көше-көше болып орналастырылады. Қойылған құлпытастардың көлемі де шағын, ұғынықты, мар­құм­ның өмірі мен қызметіне сай мазмұнда тұрғызылады. Абат­тандыру, тазалық жұмыстары қа­таң қадағаланады. Түрлі, сирек ағаш сұрыптары, гүл дестелері, жасыл желек те талғаммен отыр­ғызылады.

«Қазіргі кезде барлық мазар арнайы қоршаулармен қор­шалған, оған қосымша қоршау орнатудың еш қажеттігі жоқ. Топырағы ша­шыл­масын деп тұйықтап, жақын­дары адасып қал­мас үшін басына тас орнатып, қа­ра­пайым ғана қоршап қойса да жеткілікті. Өйткені тірілердің салған əшекей­лі ғимараттарынан ішіндегі мар­құмға тиер ешбір сауап жоқ. Ең жақсы амал – адам баласының өз қолымен көзінің тірісінде істеген жақсылықтары мен ізгіліктері. Алланың алдында абыройымызды арттыратын істердің қатарына өлгендердің басына зәулім ғимарат салу кір­мейді. Керісінше, соған жұмсал­ған қаражатты тірілердің, ке­дей-кепшіктердің игілігіне арна­сақ, мақұл іс болмақ», дейді К.Тиышхан.

«Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тайталасып мазар салатын­дардың ісін ысырапқа теңеген. «Өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жаса­ған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші – халқына ілім мен білімді тегін үйретсе, үшінші – жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса», деген. Одан да сол мазарға кеткен ақшаға тірілер жетім-жесір мен кедей-кепшікке үй әперіп, кембағал, міскін, сырқат адамдарға көмек жасаса, мүгедектерге, кедей отбасылардан шыққан оқушы­лар мен студенттерге жәрдемақы есе­­бінде төлесе, өліге сауабы, тірі­ге шарапаты тиер еді. Ал ес­кір­­­ген мазарды жаңарту деген тіпті ақылға сыймайды», деген дінтанушы, қажы Ма­наш Жүкенұлының пікірімен келіспеске де амалымыз жоқ.

«Қайырда ысырап жоқ, ысырапта қайыр жоқ» деген қағиданы ұстанып, қайырдың не екенін түсініп, мазарға арналып жатқан ысырапшылдықтан біртіндеп болсын тыйылудың амалдарын қарастыру қажет. Қайтқан кісі­лерді ақтық сапарға жөнелту, олар­дың «басын қарайтуда» бі­різділік керек, жүйе керек. Бұл тұр­ғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы ереже, пәтуа шығарып, оның орындалуын заңдық негізде бекітсе дейміз. Қалай дегенде де, өлген кісіге алтындатқан ақ сарай емес, ақ көңілден оқылар дұға ғана керек екенін әрдайым есте ұстағанымыз жөн.