Үкімет • 29 Ақпан, 2024

Инфрақұрылым қарқынды дамуға тиіс

47 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени нысанына барды.

Инфрақұрылым қарқынды дамуға тиіс

Үкімет басшысы «Интер­на­циональный» тұрғын алабын­да­ғы қуаты тәулігіне 105 мың м3 бо­латын №3 жаңа сорғы-сүз­гі стан­сасының жұмысымен та­нысты. Оның іске қосылуы елор­­даның ауызсу қажеттілігін то­лығымен жабуға мүмкіндік берді.

«Өткен жылы сумен қам­тамасыз етуде проблемалар болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиісті шаралар қабылданып, 2027 жылға дейін қажетті қуат қоры қалыптастырылды. Инженерлік инфрақұрылым ұдайы озық қарқынмен дамуға тиіс. Проб­лемаларға жол берілмеуі керек», деді Олжас Бектенов.

Оған қоса Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан және қуаты тәулігіне 210 мың м3 болатын №4 сорғы-сүзгі стансасынан ұзындығы 200 км су құбырын салу жобаларын әзірлеу басталды. Бұл елорданың 2035 жылға дейінгі қажеттіліктерін өтейді.

Сонымен қатар Премьер-министрге Астананың басқа да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің дамуы туралы баяндалды. Үкіметтің қолдауымен бірқатар жаңа нысан құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда 3-ші ЖЭО-ның бірінші кезегі, сондай-ақ қуаты сағатына 1 100 Гкал болатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу стансасы іске қосылып, қаланың жылу беру қуаты 30%-ға ұлғайды.

Астананың энергия көздерінің жалпы қуаты сағатына 3,7 мың Гкал-дан асады. Қазіргі жылу беру маусымында қаланың ең жоғары тұтыну деңгейі шамамен сағатына 3 мың Гкал-ды құрады. Осылайша, профицит сағатына 700 Гкал-ға жетіп отыр, бұл қаланың қажеттіліктерін 2027 жылға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте 2024 жылы «Тұран» газ жылу стансасының екінші кезегін, «Тельман» стансасының бірінші кезеңін және 3-ші ЖЭО-ның көмір бөлігін толығымен аяқтау, 2-ші ЖЭО-ны кеңейту жобасын бастау және «Оңтүстік-Батыс» стансасын жобалауға кірісу жоспарланып отыр. Осы жобалардың барлығын іске асыру 2035 жылға дейін қажетті жылу қорын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ елорданы газбен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 13 тұрғын үй алабында 12,5 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қол жеткіз­ді. Қазіргі уақытта қуаттылы­ғы 460 мың м3/сағ болатын екі автоматтандырылған газ тарату стансасы жұмыс істейді. Бұл ретте, жаңа энергия көздерінің іске қосылуын және тұтынудың өсуін ескере отырып, биыл қуаты 350 мың м3/сағ жаңа АГРС-3 құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жобаны аяқтау мерзімі 2025 жылға дейін.

Сонымен қатар Үкімет басшысына елорданың электрмен және сумен жабдықтау жүйелерін нығайту жұмыстары, автожолдарды күрделі жөндеу және кәріздік жүйелерді жаңғырту жоспарлары туралы ақпарат берілді.

Олжас Бектенов Төле би көшесіндегі 2 мың орынға ар­нал­ған жайлы мектеп құрылысы­ның барысымен танысты. Аталған нысанның ашылуы осы жылдың тамыз айына жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Республикада 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Олардың құрылысы бірыңғай стандартпен жүргізіледі. Бұл ретте ауылдық жерлерде 163 мектеп салынады.

Олжас Бектенов бұл жұмыс­тарда отандық өндірістің құры­лыс материалдары мен жиһаздарын белсенді пайдаланудың маңыз­дылығын атап өтті.

Сондай-ақ Премьер-министр ШЫҰ желісі бойынша және Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары аясында өтетін іс-шара­лар кезінде пайдаланылатын Тәуелсіздік сарайы мен «Қазанат» ипподромының аумағындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.